Жамбылда нан бағасы «бұлқынды»
Жамбылда нан бағасы «бұлқынды»
119
оқылды

Өткен аптада Тараз қаласында  нан бағасы аспандап, қара халық  шағымын қарша боратқан болатын. Бірден 10 теңгеге қымбаттаған ас атасының бұлайша «бұлқынуын» биліктің  түсіндіруін талап еткен бұқара жанайқайын  әлеуметтік желілерде ашып жазды. Алайда осы аптада әкімдік бағаның билікпен келісілмей өсірілгенін айтып, жедел штаб жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді.

Жамбыл облысы әкімінің ресми парақшасында жарық көрген ақпаратқа сүйенсек, шұғыл шара қабылданғанның арқасында дүйсенбі күні ірі сауда орындарында нан бағасы  бұрынғыдай 85 теңгеден сатыла бастапты. Тек аулалардағы шағын дүкендердің кей­бірін­де ас атасы 5-10 теңгеге қымбат  са­тылып жатыр. Тараз қаласында  негізгі 6 наубайхана бар. Олардың бесеуі өткен аптада  бағаны өсірген.  Нанның қымбаттауын  наубайханалар  солтүстіктен  келетін ұн бағасының  өсуімен  байланыстырып  отыр. Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтің айтуынша, бұқара сабырға келіп, сәл шыдамдылық танытуы керек екен. – Мониторинг кезінде бірқатар нан өндірушілері  бағаны  85 теңгеден 95 теңгеге дейін өсіргені анықталды. Қа­зір жедел штаб мұның қаншалықты қисынды екенін анықтау мақсатында тек­серіс жүргізуде. Жергілікті билікпен ақыл­даспай әрекет еткен кәсіпкерлер жауапқа  тартылады. Нан бағасы бірнеше факторға бай­ланысты өсуі мүмкін. Бірақ ең негізгісі  ұнның бағасына келіп тіреледі. Ал  қазір ұнның құны 115 теңгеден 130-140 теңгеге дейін өсіп кеткен, – дейді облыс әкімінің орынбасары. Әрине, билік бақылауға алса, бір шешімі  табылар деп сенеміз. Алайда қара халық «осындай сәтте бағаны ұстап тұрады делінген тұрақтандыру қоры қайда кетті?» деп шуылдауда.  Бұған қатысты да биліктің айтар өз уәжі бар. – Өткен жылы осы уақытта нан ба­ғасы өскен болатын. Сондықтан да биыл нан бағасын ұстап тұруға ба­ғытталған алдын алу шаралары қа­был­данып, наубайханаларға ұн наурыз айынан қазанға дейін тұрақтандыру қорынан төмен бағамен берілген. Қазір тұрақтандыру қорында 500 тонна ұн бар. Қосымша тағы 2 000 тонна алынады. Облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар тауарлар, оның ішінде нанның бағасын негізсіз өсіруге жол бермеуді тапсырды. Біз жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараны қолданатын боламыз. Қажетті ресурстарымыз жеткілікті. «Тараз» ӘКК ұн сатып алып, нан өндірушілерге төмендетілген бағамен ұсынбақ, – дейді облыс әкімінің орынбасары Б.Нығмашев. Бұдан бөлек, облыс әкімінің орын­басары Тараз қаласындағы нан бағасы өзге өңірлерге қарағанда төмен екенін алға тартады. Сонымен қатар «Тараз» ӘКК әлеуметтік дүкендерінде ас атасы 55 теңгеден сатылып жатқанын айтуда. Алайда шендінің бұл ақпараты бұқа­раға басу бола алмай жатқандай. Себебі Тараз қаласы мен бірқатар ауданға хабар­ласқанымызда олар баға әлі жоғары еке­нін жеткізді. – Өткен аптаның сенбі күні баға 85 теңгеден 95 теңгеге өсті. Ал шағын­аудандардағы кейбір дүкендерде 100 теңгеге дейін барды. Отбасымызда жол­дасым ғана жұмыс істейтіндіктен қа­зір нанды үйде пісіріп жатырмыз. Әйт­песе, күнделікті нан сатып алуға шама келмеуде. Көпбалалы отбасы бол­ғандықтан күніне кемі 3-4 бөлке нан тұтынамыз. 95 теңгеден есептегеннің өзінде күнделікті 400 теңгеге жуық ақша кететіндіктен қазір нанды үйден пісіріп, амалдауға көштік, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Гүлнұр Бибазарова. Ал Талас ауданы Қызыләуіт ауылында нан бағасы 120 теңге болып тұр. Сондай-ақ Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылында нан 110 теңгеден. Мұндағы жұрт та нан бағасының қымбаттауына байланысты қазір ас атасын үйде табаға көміп пісіруге көшкендерін айтады. Негізі, бұл бөлке нанына қатысты ай­тылып жатқан дүние. Ал көмбе нанның бағасы Тараз қаласындағы сау­да орындарынан 100 теңгеден ар­занын таппайсың. Мәселен, «Арай-2» ша­ғынауданындағы сауда орындарында 85 теңгеден басталған көмбе нан бағасы бү­гінде 100-110 теңге аралығында. Жалпы, биліктегілер нан бағасының өсуін солтүстіктен келетін ұн құнының қымбаттауымен байланыстырып отыр. Бұл мәселені облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жыл басынан бері сан мәрте  көтіріп, «аграрлық аймақ бола тұра, ұнды не себепті сырттан тасуымыз керек?» деп шаруаларға бағыт көрсеткендей болған. Алайда наубайханалар әлі күнге ұнды солтүстіктен алып жатқанына, соның салдарынан баға бұлқынғанына қарағанда Жамбылда егін мәселесі биыл  мәз болмай тұрған секілді. Де­ген­мен шенділер бірер күнде баға тұрақ­танатынына сендіруде. Бұл Тараз қаласына қатысты ғана айтылмай, 110-120 теңгеден өткеріліп жатқан ауылдар да назарға алынса екен дейміз. Себебі дәл қазір қара халыққа киім де, бұйым да  емес, күнделікті тұтынатын нан бағасының қолжетімді болғаны қажет.

Саятхан САТЫЛҒАН,  Жамбыл облысы