Өткен аптада Тараз қаласында нан бағасы аспандап, қара халық шағымын қарша боратқан болатын. Бірден 10 теңгеге қымбаттаған ас атасының бұлайша «бұлқынуын» биліктің түсіндіруін талап еткен бұқара жанайқайын әлеуметтік желілерде ашып жазды. Алайда осы аптада әкімдік бағаның билікпен келісілмей өсірілгенін айтып, жедел штаб жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді.
Жамбыл облысы әкімінің ресми парақшасында жарық көрген ақпаратқа сүйенсек, шұғыл шара қабылданғанның арқасында дүйсенбі күні ірі сауда орындарында нан бағасы бұрынғыдай 85 теңгеден сатыла бастапты. Тек аулалардағы шағын дүкендердің кейбірінде ас атасы 5-10 теңгеге қымбат сатылып жатыр. Тараз қаласында негізгі 6 наубайхана бар. Олардың бесеуі өткен аптада бағаны өсірген. Нанның қымбаттауын наубайханалар солтүстіктен келетін ұн бағасының өсуімен байланыстырып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтің айтуынша, бұқара сабырға келіп, сәл шыдамдылық танытуы керек екен. – Мониторинг кезінде бірқатар нан өндірушілері бағаны 85 теңгеден 95 теңгеге дейін өсіргені анықталды. Қазір жедел штаб мұның қаншалықты қисынды екенін анықтау мақсатында тексеріс жүргізуде. Жергілікті билікпен ақылдаспай әрекет еткен кәсіпкерлер жауапқа тартылады. Нан бағасы бірнеше факторға байланысты өсуі мүмкін. Бірақ ең негізгісі ұнның бағасына келіп тіреледі. Ал қазір ұнның құны 115 теңгеден 130-140 теңгеге дейін өсіп кеткен, – дейді облыс әкімінің орынбасары. Әрине, билік бақылауға алса, бір шешімі табылар деп сенеміз. Алайда қара халық «осындай сәтте бағаны ұстап тұрады делінген тұрақтандыру қоры қайда кетті?» деп шуылдауда. Бұған қатысты да биліктің айтар өз уәжі бар. – Өткен жылы осы уақытта нан бағасы өскен болатын. Сондықтан да биыл нан бағасын ұстап тұруға бағытталған алдын алу шаралары қабылданып, наубайханаларға ұн наурыз айынан қазанға дейін тұрақтандыру қорынан төмен бағамен берілген. Қазір тұрақтандыру қорында 500 тонна ұн бар. Қосымша тағы 2 000 тонна алынады. Облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар тауарлар, оның ішінде нанның бағасын негізсіз өсіруге жол бермеуді тапсырды. Біз жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараны қолданатын боламыз. Қажетті ресурстарымыз жеткілікті. «Тараз» ӘКК ұн сатып алып, нан өндірушілерге төмендетілген бағамен ұсынбақ, – дейді облыс әкімінің орынбасары Б.Нығмашев. Бұдан бөлек, облыс әкімінің орынбасары Тараз қаласындағы нан бағасы өзге өңірлерге қарағанда төмен екенін алға тартады. Сонымен қатар «Тараз» ӘКК әлеуметтік дүкендерінде ас атасы 55 теңгеден сатылып жатқанын айтуда. Алайда шендінің бұл ақпараты бұқараға басу бола алмай жатқандай. Себебі Тараз қаласы мен бірқатар ауданға хабарласқанымызда олар баға әлі жоғары екенін жеткізді. – Өткен аптаның сенбі күні баға 85 теңгеден 95 теңгеге өсті. Ал шағынаудандардағы кейбір дүкендерде 100 теңгеге дейін барды. Отбасымызда жолдасым ғана жұмыс істейтіндіктен қазір нанды үйде пісіріп жатырмыз. Әйтпесе, күнделікті нан сатып алуға шама келмеуде. Көпбалалы отбасы болғандықтан күніне кемі 3-4 бөлке нан тұтынамыз. 95 теңгеден есептегеннің өзінде күнделікті 400 теңгеге жуық ақша кететіндіктен қазір нанды үйден пісіріп, амалдауға көштік, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Гүлнұр Бибазарова. Ал Талас ауданы Қызыләуіт ауылында нан бағасы 120 теңге болып тұр. Сондай-ақ Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылында нан 110 теңгеден. Мұндағы жұрт та нан бағасының қымбаттауына байланысты қазір ас атасын үйде табаға көміп пісіруге көшкендерін айтады. Негізі, бұл бөлке нанына қатысты айтылып жатқан дүние. Ал көмбе нанның бағасы Тараз қаласындағы сауда орындарынан 100 теңгеден арзанын таппайсың. Мәселен, «Арай-2» шағынауданындағы сауда орындарында 85 теңгеден басталған көмбе нан бағасы бүгінде 100-110 теңге аралығында. Жалпы, биліктегілер нан бағасының өсуін солтүстіктен келетін ұн құнының қымбаттауымен байланыстырып отыр. Бұл мәселені облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жыл басынан бері сан мәрте көтіріп, «аграрлық аймақ бола тұра, ұнды не себепті сырттан тасуымыз керек?» деп шаруаларға бағыт көрсеткендей болған. Алайда наубайханалар әлі күнге ұнды солтүстіктен алып жатқанына, соның салдарынан баға бұлқынғанына қарағанда Жамбылда егін мәселесі биыл мәз болмай тұрған секілді. Дегенмен шенділер бірер күнде баға тұрақтанатынына сендіруде. Бұл Тараз қаласына қатысты ғана айтылмай, 110-120 теңгеден өткеріліп жатқан ауылдар да назарға алынса екен дейміз. Себебі дәл қазір қара халыққа киім де, бұйым да емес, күнделікті тұтынатын нан бағасының қолжетімді болғаны қажет.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы