Қарағанды облысының әлеуеті зор
Қарағанды облысының әлеуеті зор
288
оқылды

Еліміздің  өнеркәсіпті аймақтары­ның бірі саналатын Қарағанды облысы пандемия кезінде экономикалық өсімді сақтап қалды. Индустриалдық өңірде кәсіпорындар жұмысы тоқта­ған жоқ әрі өндіріс көлемі артты.

Облыста жалпы өнімнің 50%-ы өнер­кәсіпке тиесілі. Пандемия кезінде облыс қиын кезеңді еңсере алды. Сегіз айдың қорытындысы бо­йынша өнеркәсіп өндірісі 2,6%-ға өскен. 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 2 трлн теңгеге 45 ин­вестициялық жоба іске асырылуда. Биыл алты жаңа кәсіпорын ашылған, тағы алты кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылмақ.

Қарағандыда патрон жасалады

Биыл Қарағанды облысында Steel Manufacturing патрон зауыты ашыл­ды. Жоспар бойынша зауыт жылына тапанша мен автоматтарға арналған 30 млн патрон өндіре алады.
– Қазір біз импорттық шикізатпен жұ­мыс істеп жатырмыз. Бірақ біздің мақ­сатымыз – қазақстандық өндіріс ма­териал­дарына толықтай көшу. 2023 жылға қа­рай біз отандық шикізаттың 98%-ын пай­далануды жоспарлап отыр­мыз, – дейді зауыт директоры Бағ­лан Таненов.
Қазір Steel Manufacturing ЖШС-де 56 адам еңбек етеді. 2023 жылға қа­рай олардың саны 160-қа дейін ар­туы керек. Өндірістегі орташа жа­лақы – 200 мың теңге. Recycling Company ЖШС жарам­сыз болып қалған автомобильдерді өң­дей­тін Қазақстандағы жалғыз кә­сіпорын. Зауыт­тың өндірістік қуа­ты – жылына 50 мың машинаны өң­деуге жетеді. Бүгінгі таңда 134 159 автокөлік өңделген. Олардан 83 621 тонна қара металл сынығы мен 3 508 тонна алюминий сынығы алын­ған. Қай­та өңделген өнімдерді кә­сіпорыннан «АрселорМиттал Те­міртау» АҚ, «Кастинг» ЖШС және ме­талдан бұйымдар жасайтын басқа да зауыттар сатып алады.
– Қазір өнеркәсіптік саясат ту­ралы заң әзірленуде. Бүгінгі таң­да Қарағанды облысы – өңдеу өнер­кәсібінің үлкен көлемі шоғырланған өңірлердің бірі. Тек 9 айдың ішінде өңірге 400 миллиардтан астам инвес­тиция салынып, өндіріс көлемі 1,8 трлн теңгеден асқан. Бұл өте жақ­сы көрсет­кіш, – дейді Парламент Се­наты­ның депутаты Сүйіндік Алда­шев.

Сумен қамтамасыз ету мәселесі де шешілмек

Қарағанды облысында 2022 жылға қа­рай қала тұрғындары толық­тай орталықтан­дырылған сумен қамтамасыз етіледі. Ауыл­дық елді ме­кендерде сумен қамтуды 2023 жылға қарай жүз пайызға жеткізу көз­делу­де. Биыл бұл міндетті орындау үшін өңірде 90 жоба жүзеге асырылуда. Су жет­кізетін жаңа 25 нысан салынуда. – Президенттің Қазақстан хал­қы­на Жол­дауын орындау мақ­сатын­да Қарағанды об­лысында 2019 жылы мемлекеттік және үкі­мет­тік бағдарламалар бойынша су­мен жабдықтау және су бұру бо­йын­ша 31 жоба іске асырылды. Елді мекендерде 295 ша­қырым су құбыры және кәріз желілері са­лын­ды және қайта жаңартылды, су құ­быры желілерінің тозуы 67%-ға дейін, кәріз желілерінің тозуы 78%-ға дейін төмен­деді, 11 нысан пай­далануға берілді. 2020 жылы «Өңір­лерді дамыту», «Нұрлы жол», «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы» бағ­дарламалары бойынша 90 жобаны іске асыруға қаражат бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша 380 ша­қырымнан астам су құбыры мен кә­різ желілерін салу және қайта жа­ңарту, 76,8 шақырым желіге жөн­деу жүргізу және 25 нысанды пай­далануға беру жоспарланған, – дейді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қармасының басшысы Ұлантай Үсенов. Тоғыз айда 274 шақырым желі салынып, қайта жаңартылған. Басқарма басшысының айтуынша, осы жылғы жобаларды іске асы­ру сапалы сумен қамтамасыз етуге қол­жетімділікті қалаларда 98%-ға дейін, ауыл­дық елді мекендерде 89,9%-ға дейін жет­кізуге мүмкіндік береді. Алдағы үш жылға жоспар жа­сақ­талып, республикаға тағы 27 жоба ұсынылды. «Нұрлы жер» бағ­дарламасы бойынша 45 ауыл ірік­теліп алынды, олардың алтауында жұ­мыстар басталды. 200-ден аз адам тұратын ауылдарда суды блок-мо­дульдік тазарту кешендерін орнату жоспарлануда. Облыс әкімдігі Ұлытауда та­зарту құ­рылыс­тарын, Абай мен Қа­рабаста кә­різ сорғы стансаларын са­луды аяқтау жос­пар­ланып отыр. Қар­қаралы ауданының Қара­ғайлы кентінде және Ақтоғай ауылында нысан­дардың құрылысы кезекте тұр. Ал­дағы бірнеше жылда өңірде тұрғын үй ком­муналды шаруашылығын  жаңғырту мен да­мытудың қазақстан­дық орталығының көмегімен 7 кә­різ-тазарту құрылыстарын салу жос­парланған.
– Халықты сапалы ауызсумен қамта­масыз ету – жергілікті билік орган­дары жұ­мысының маңызды ба­сымдықтарының бірі. Сумен жаб­дықтау нысандарын салу және жөндеу барысы қатаң бақылауда бо­лады. Сонымен қатар экологиялық заң­нама талаптарын сақтай отырып, та­зар­ту қондырғыларын жөндеу қажет, – дей­ді Қарғанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Жеңіс Қасымбек Жезқазған өңір­інде Есқұла су тартқышын салу және Балқаштағы Тоқырау – Саяқ су тартқышын реконструкциялау бойынша жобалардың іске асырылуы ерекше бақылауда екенін еске салды.

«Екі қолға бір күрек» тапқандар көп

Қарағанды облысында 2020 жылға ар­нал­ған «Жұмыспен қам­тудың жол кар­тасына» жалпы со­ма­сы 65,5 млрд теңгеге 625 жоба енгіз­ілді. Іске асырылып жатқан инфра­құрылымдық жобалар бойынша 14 499 жұмыс орны құрылды. Бағдарлама аясында іске асырылған 625 жоба 140 елді мекеннің инфра­құрылымын  жөндеп, 14,5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүм­кіндік берген. Сонымен қатар әлеуметтік сала мен тұр­ғын үй коммуналды шаруашылығы, кө­лік инфра­құрылымына жататын 460 ны­сан жаңғырды. Нәтижесінде, ұзақ жыл жөндеу жүргізілмеген ауыл мектептері мен Мәдениет үйле­рі ретке келтірілді. Мектеп, бала­бақ­ша, дене шынықтыру – сауық­тыру кешендері, жылу және сумен жабдықтау желілері секілді 31 нысан бой көтерді. Жезқазғанда ЖҚЖК бойынша модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынса, Осакаров ауданында көшелер, ал Егіндібұлақта мектеп пен Мәдениет үйі жөнделді. Сондай-ақ саябақтар мен сквер­лерді абаттандыру, көшелерді жа­рықтандыру және көгалдандыру, бал­алар мен спорт алаңдарын салу бойынша 135 жоба іске асырыл­ды.

 Келер жылдан үміт көп

2021 жылға арналған бағдар­ламаның ерекшелігі – тұрақты жұ­мыс орындарын құра­тын жобаларға барынша қолдау көр­се­тіледі. Бұдан басқа, келесі жылы ЖҚЖК-ның 50%-ы шағын және орта биз­нес­ті жеңілдікпен несиелендіруге  ба­ғыт­та­лады. Жұмыспен қамтуды үй­лес­тіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекованың айтуынша, келесі жылы облыс кәсіпкерлерін жеңіл­дікпен несиелеуге шамамен 15 млрд теңге қарастырылмақ. Қарағанды облысында биыл 2 300-ден астам бизнес-жоба қолдауға ие болды. «Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» секілді барлық мемлекеттік бағдарламалар бел­сенді жұмыс істеуде. ТЖ кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдауға ба­ғыт­тал­ған жеңілдетілген несие беру­дің жаңа бағ­дарламасы бойынша 25 млрд теңгеге 111 несие берілді.
– Биыл барлық мемлекеттік бағ­дар­ламалар бойынша 2 500 кә­сіп­кер қар­жылай, 2 200-ден астам кә­сіпкер қаржылай емес қолдау ала­ды. Бұл шамамен 8 000 жұ­мыс ор­нын қамтамасыз етеді. Бүгінде жал­пы инвестиция сомасы 55,9 млрд теңге бо­латын 2 369 жоба қаржыландырылды. «Бас­тау Бизнес» және «Бизнес кеңесші» курстарында 2 372 адам оқытудан өтті, – дейді кәсіпкерлік басқармасының бас­шысы Татьяна Аблаева.
Бизнестің жол картасы бойынша 9 айда 147 жоба субсидияланды. 109 кәсіпкерге кепілдік берілді. Алты жоба бойынша өндірістік инфрақұрылым мақұлданды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағ­дар­ламасы бойынша 107 жоба қаржы­ландырылды. «Еңбек» жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша 4,4 млрд теңгеге 1 100-ден астам шағын несие берілді. Қа­рағанды облысында биыл «Еңбек» мем­ле­кеттік бағдарламасы бойынша білім алу­шылардың 60%-дан астамы ауыл шаруа­шылығы саласында өз ісін ашқысы келеді.
– «Бастау» жобасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тарту, сондай-ақ ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау арқылы халықтың экономикалық белсенділігін арттыру. Білім алушылар тізімінде әртүрлі тыңдаушылар болды, олардың әрқайсысы өзінің бірегей жобасын ұсынды, – дейді аймақ басшысы.

Ішкі нарықта отандық азық-түлік көп болуы тиіс

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек осындай міндет қойып отыр. Өңірде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемі артып келеді. Ол үшін жаңа фермалар мен өңдеу зауыттары салынуда.
– Біз азық-түлік тауарларының 27 негізгі түрі бойынша қамтамасыз етілу мониторингін жүргіземіз. Облыс 13 атау бойынша толық қамтамасыз етілген, оның 8-і – әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер. Ауылшаруашылық өнімдері өндірісінің кө­лемін арттыру есебінен ішкі нарықты азық-түлікпен қанықтыру жалғасуда, – дейді Жеңіс Махмұдұлы.
Облыста ет, картоп және сәбіз, жұмыртқа, шұжық өнімдері өндіріледі. Сүт өнімдеріне және бірқатар көкөністерге – қияр мен қызанақ, қырыққабатқа деген қажеттілік ішінара өтеледі. Алайда көкөністерді сақ­тау­ға қатысты проблемалар бар. Қазіргі за­манғы жаңартылған қоймаларды салу жоспарланып отыр. Облыста ауыл шаруашылығы инвес­тициясы 22%-ға өсті. Бірқатар ауқымды жобалар жеке қаражатқа және мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылуда. Облыста 52 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы жетеуі ашылады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 50 мың бас асылтұқымды мал сатып алу жоспарланған. Бұл нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қарағанды облысы сонымен қатар ел­ор­даны да азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Жыл басынан бері жергілікті ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кә­сіпорындары Нұр-Сұлтанға 81 тоннадан ас­там өнім жеткізген.
– Ішкі нарықты отандық өнімдермен молықтыру – бұл аса маңызды басымдық. Астанаға жақын орналасу біздің өңірге бел­гілі бір міндеттемелерді жүктейді. Әлеует зор, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы