Сайқымазақтың да пайдасы тиді

Сайқымазақтың да пайдасы тиді

26 қазан күні америкалық The New York Times басылымында «Kazakhstan, Reversing Itself, Embraces ‘Borat’ as Very Nice» атты материал жарық көрген еді. Артынша өзге де онлайн басылымдарға кеңінен таралды. Ол жерде  Kazakh Tourism-нің жарнамалық кампаниясы сөз  болған. Саша Барон Коэннің «Борат» фильмі жайлы талас қызып жатқан шақта бұл жарнамалық ролик еліміздің туризміне таңдай қақтырудың оңтайлы құралына айналды.

NYT бетіне шыққаннан кейін мүйізі қарағайдай біршама басылымнан еліміз туралы материал орын тепті. Атап айтқанда, Huffington Post, The Guardian, Insider.com, Forbes.com, Yahoo.com, Cnet.com, avclub.com, IGN.com, Brobible.com, Entertainment Weekly, The Week, Unilad.co.uk, Stuff.co.nz жариялады. Роликтің идея авторы – Деннис Кин. Туған жері Калифорния болғанымен, тұрғылықты жері – Қазақстан. Жарнамалық кампанияның концепциясы мен стратегиясына келсек, Қазақстанға деген қызығушылықты Саша Барон Коэннің екінші фильмінің қар­саңында оятып, еліміз туралы жағымды ой қалыптастыру. Роликте слоган ретінде Бораттың «Very Nice!» сөзін алған.
The New York Times-тағы материалдың авторы Джоэл Стейн Борат пен Қазақстанның арасындағы күрделі қарым-қатынасқа қарамастан, осындай тың әрі терең идеяға таңданып, жоғары баға берген. «Бұл жағдайда реакция білдіру арқылы Коэннің фильміне қызығушылық одан әрі жоғарылай түсетінін түсіндік. Сондықтан Деннис осы арқылы елімізге пайда келтіру идеясын ұсынғанда біз оны бірден қолдадық», – дейді Kazakh Tourism ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов.   Деннис Кин болса, Қазақстан жайлы жақсы ой қалдыруды көздегенін айтып отыр. «Қазақстан туризмімен тығыз байланыста жүрген америкалық ретінде бұл ел туралы жағымды көзқарас қалыптастыратын, назар аударатын дүние жасағым келді. Америкалықтар Қазақстан жайлы жиі ести бермейді. Саша Барон Коэннің фильмінің жарық көрген кезіне тап болғанымыз жақсы болды. Калифорнияға барғанда Қазақстан жайлы айтқанда көбі Бораттың интонациясымен «Very Nice!» деп жауап беретін. Ол кезде бұл сөз фильмдегі фраза, әзіл ғана еді. Ал енді осы жарнамалық роликтен кейін америкалықтар шынында Қазақстанда бәрі «Very Nice!» екеніне көз жеткізеді деп сенемін» деп ағынан жарылды идея авторы.
Саша Барон Коэн болса, фильмде неге Қазақстанды таңдағаны туралы былай деді: «Бұл жай ғана комедия, менің фильмімдегі Қазақстанның шынайы Қазақстанға еш­қандай байланысы жоқ. Мен Қазақстанды Америка Құрама Штаттарында ешкім біле бермейтіндіктен таңдадым. Бұл бізге жабайы, комедиялық, жалған әлем құруға мүмкіндік берді. Нағыз Қазақстан – бұл «Боратта» көрсетілген елге мүлде ұқсамайтын заманауи, мақтан тұтар қоғамы бар көрікті ел».

Жадыра АҚҚАЙЫР