Shegirtke. Шанхайдағы қазақ
Shegirtke. Шанхайдағы қазақ
327
оқылды

«Shegirtke» - «Айқын» алаңында шығатын жаңа жоба. Мақсат - өзіндік пікірі, ұстанымы бар қатардағы азаматтардың ойын ортаға салу, сұхбаттасу. "Shegirtkede" қонақта - Руслан Жұбаныш, ол - студент. Жасы 22-де.

-Ұту-ұтылу?


«Біз алыстап кеттік»

Р.Ж: Барша әлемнің ұтқан да, ұтылған да тұсы меніңше бір ортада тоғысады. Ұтқан тұсымыз – технологияның қауқары арқылы біз адамдарды бір-ақ секундта қарым-қатынас жасай алатындай деңгейде жақындастырдық. Бұл әлемнің бізге беріп жатқан мүмкіндігі, жаңа дәуір революциясының жемісі. Бұрын адамның айталық көзіне ота жасау мәселе тудырса, қазір бес минутта-ақ лазерлік ота арқылы көзінің көру қабілетін қайтаруға болады. Адамға жарық сыйлау үлкен бақыт қой. Сенесің бе? Алайда дәл осында біздің ұтылған тұсымыз да бар. Жаңа әлем мүмкіндіктерге қаншалықты шексіз жол ашса, соншалықты бізді бір-бірімізден алыстатып жіберді. Эйнштейн өз сөзінде технологиялардың қарапайым өзара тілдесуді алмастырып жіберуінен қорқамын деген екен. Немесе эмоциялардың эмоджилермен алмасуы. Ақиқатында Эйнштейннің айтқаны қазіргі біздің дәуірге сәйкес келеді. Ұтқанымыз да, ұтылғанымыз да – осы.


-Құндылықтар?

Р.Ж: Қазіргі заман жастарының құндылықтары бөлек. Бірақ тереңірек үңілер болсақ, Қазақстан, ТМД елдері немесе Еуропадағы жастардың құндылықтары әрқалай. Қазақстанда «МИСК» деген үкіметтік емес ұйым бар. Сол ұйымның жасаған бір зерттеуін оқып шықтым, олар бұрынғы ТМД елдері жастарының құндылықтарын салыстырған. Аталған елдердің жастарынан олар үшін бірінші орында не тұрады деп сұрағанда басым көбі өз білімін жетілдіру деп жауап берсе, қазақстандық жастар ең басты құндылық отбасы екенін айтқан. Бұл зерттеу мені өте қатты таң қалдырды. Құндылықтарды жаман, жақсы деп бөлуге болмайды. Бірақ мен үшін ең басты құндылық – білім алу және оны жетілдіру. Ал әлемдік кеңістікте қарастырар болсақ,мен қазір Шанхайда оқып жатырмын ғой. Сонда байқағаным әлем жастарына өз білімін жетілдіру басты құндылық екеніне көзім жетті. Олар жаңаны таңып, тың мәдениеттерді зерттеп көргілері келеді.

-Еркіндікті шектеу немесе шектемеу?


Р.Ж: Еркіндікті шектеу немесе оған шекара қоймау – екеуі де қауіпті. Мен қазір шыны керек ең еркін елде білім алып жатырмын деп айта алмаймын. Демократиялық құндылықтар тұрғысынан алып қарасақ, Отаным аталған рейтингтерде көш бастап тұрған жоқ. Бірақ менің түсінгенім, адам үшін ең бастысы – ішкі еркіндігі. Мейлі, қандай дәстүрлі ұстанымды қолдайтын қоғамда өмір сүрсе де, ішкі еркіндігі мықты адам еркін болып қала береді. Ішкі еркіндік дегеніміз – адам қалауларын орындай алуы, оған ешкімнің қарсы тұра алмауы әрі өз ойын қашан да ашық білдіру. Өзімді жүз пайыз еркін адаммын деп айта алмас едім. Ішкі еркіндік адамда туа бітті қалыптасады демеймін. Ол тәжірибемен келеді. Бұл тұста маған тәжірибе керек.


-Шанхайдағы өмір?

Р.Ж: Шанхайдағы өмірімнің елдегі өмірімнен айырмашылығы – қытайлардың арасындамын. Біздегі күн тәртібіне сәйкес дүйсенбіден жұмаға дейін сабақ. Себебі қытай тілін үйреніп жатырмыз. Бұл тіл салыстырмалы түрде алып қарасаң өте қиын. Менің оқып жатқан университетімде сабақ 1 сағат 40 минутқа созылады. Мен саған айтайын бізде мұғалімдер отыратын орындық жоқ. Олар сол уақыт бойы тізе бүкпей сабақ түсіндіреді. Тек университетте ғана емес, супермаркеттердің өзінде кассадағы қызметкерлер отыратын орындық жоқ. Қателеспесем, олардың жұмысы таңғы 8-ден кешкі 22.00-ге дейін жалғасады. Қытайда яғни Шанхайда адамдардың еңбекке деген көзқарасы мүлдем бөлек. Жауапкершілік өте жоғары және олар соны талап етеді. Ақиқатында бәрін медиа таратқан ақпаратпен немесе оның көзқарасымен қабылдау – бұл қате. Білгің келе ме, кел де ішкі ас үйін көр. Жаман халық болмайды, жаман адамдар болуы мүмкін. Мен бұдан бұрын Белоруссияда оқыдым, Ресейде де болдым, тағы басқа мемлекеттерге барып көрдім. Басқа елдермен салыстырмалы алып қарасаң, шанхайлық қытайлар ашық халық, қашан да көмектесуге әзір тұрады. Әрине белгілі бір деңгейде (айталық экономикалық, саяси) қауіптенетін факторлар бар шығар. Бірақ халық ретінде қытайлар емен-жарқын араласатын, қатынасқа ашық.

Басқа елдермен салыстырмалы алып қарасаң, қытайлар қашан да көмектесуге әзір тұрады. Қай жерде болмасын қарапайым халық ол қарапайым халық қой. Шанхайда  өмір сүргеніме біраз уақыт болып қалды, басқа өзім табаным тиген елдермен салыстырғанда мұнда дискриминация жоқ. Мәселен, алысқа бармай-ақ көршілес Ресейдің өзін алып қарасаң, оларда көші-қон процесі болғандықтан ба, ТМД елдерінен келген азаматтарға суықтау көзқарас байқалады. Мен Шанхайда көбіне мұсылман асханаларынан тамақтанамын. Сонда таң қалғаным мұсылман асханаларына қытайлықтар көп келеді. Басқа аймақтарын білмедім, Шанхайда мұсылмандарға қасаң көзқарасты байқамаппын. Жатақханада жанымда Қырғызстаннан келген жігіт тұрады. Ол әр апта сайын жұма намазына барып тұрады, ешқандай тыйым, кедергі жоқ.

Әрине экономикалық, саяси мәселелерді қауіптенетін факторлар бар шығар. Бірақ халық ретінде менің көзім көрген шанхайлық қытайлар емен-жарқын араласатын, қатынасқа ашық.

-Өзгерткің келе ме?

Р.Ж: Мен болашақта балалармен жұмыс істеу яғни оларға тәрбие беру процесін өзгерткім келеді. Қазақстандағы білім жүйесінде өзгертуді талап ететін көп фактор бар шығар. Айталық, орта білім беру жүйесінде академиялық деңгейіміз мықты болғанымен, іс-тәжірибеге келгенді әлсізбіз. Оны мойындау керек. Мысалы бізде бір жаңа жоба, тың бастама болса, кең көлемді аудиторияға таратуға тырысады. Бұған көбіне ересектерді тартады. Меніңше кез келген танымды, пайдалы дүниені жеткіншектерден бастаған дұрыс. Бұл ересектерге үміт артудың қажеті шамалы дегенді білдірмейді. Бірақ олардың қалыптасқан көзқарасы мен ұстанымы бар. Жақсы әдеттерді кішкентайларға көрсетіп, оларды соған баулыған дұрыс. Есесіне, ертең бұл әдетке айналады. Оқушылардың тәрбиесіне басым мән беру керек. Мен бұрыннан осылай ойлаймын.

Бұдан өзге жеке пікіріме сүйенер болсам, мемлекетте ақылға қонымсыз заң нормалары бар. Айталық соңғы уақытта айтылып жүрген шерулерге қатысты заң жобасы. Егер біз дамыған елдердің қатарына кіргіміз келсе, бұл заңдар өзгеруі тиіс.


                                                                                                                                                                                      Safina Ahtay