Министр экологиялық төлемдердің қайда жұмсалатынын айтты
Министр экологиялық төлемдердің қайда жұмсалатынын айтты
148
оқылды

Жаңа кодекс қоршаған ортаның ахуалын жақсартуға бағытталған. Құжаттағы маңызды нормалардың бірі – «ластаушы төлейді» принципі.

«Мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлеудің орнына қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау үшін барлық жағдайды жасауы тиіс. Бұдан басқа, экологиялық залал болған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқыда болған қалпына келтіруге міндетті», – деді Мағзұм Мырзағалиев баяндама барысында. Министр өндіріске ең озық қолжетімді технологияларды енгізудің арқасында еліміздегі экологиялых ахуал жақсаратынын атап өтті.

«Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларына қатысты 50 ірі кәсіпорынды ең озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған. Осы 50 кәсіпорынға жалпы ластанудың 80% тиесілі», - деді министр.

Кодекстің жобасында бірінші санаттағы ірі кәсіпорындарға қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалауды (ОВОС) жүргізу туралы талап қарастырылып отыр. Олардың тізбесі қайта қаралады және негізінен экологиялық қауіпті объектілерге баса назар аударылады.

«Сонымен қатар, қоғам өкілдері қоршаған ортаға әсерді бағалаудың барлық кезеңдеріне қатысады. Міндетті түрде бірінші санаттағы объектілердің қоршаған ортаға әсері бағаланады. Ал екінші санаттағы объектілер скринингтен өтеді. Яғни, қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажет немесе қажет емес екендігі анықталады. Үшінші санаттағы объектілер бойынша декларация қабылданады», – деді ол.

Кодекстегі тағы бір мәселе – қазіргі уақытта қолданыстағы заңнама бойынша табиғатты қорғау іс-шараларына эмиссия үшін түскен төлемдерді мақсатты жұмсау міндеттелеген. Мысалы, соңғы жылдары жергілікті атқарушы органдар келіп түсетін қаражаттың тек 45% пайызын ғана қоршаған ортаны қорғауға бөліп келген. «Осыған байланысты, заң жобасында жергілікті атқарушы органдар түсетін экологиялық төлемдердің есебінен 100% пайыз көлемінде табиғатты қорғау іс-шараларына қаржы бөлуге міндетті екендігі көрсетілген», – деді министр. Кодексте өндіріс және тұтыну қалдықтары мәселелерін шешу мақсатында қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы терминология мен ережелер халықаралық талаптарға сәйкес келтірілген. Жобада қалдықтармен кезең-кезеңімен жұмыс істеуге бағытталған иерархия қарастырылып отыр. Бұл ретте, заңсыз қоқыс тастау мәселесін жүйелі түрде шешу үшін жаңа Экологиялық кодексте қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түрде орнату мәселесі көзделген. Заң жобасы екінші оқылымға дейін жетілдіріледі.