Үлкен құрлықтың үлкен мәселесі
Үлкен құрлықтың үлкен мәселесі
137
оқылды

Қарашада «Астана клубының» отырысы өтеді. Халықаралық пікірта­лас ала­ңының бесінші басқосуына әлемнің 50-ге жуық саясаткері және зия­лы­лар, халықаралық қатынастар саласындағы жетекші мамандары қатысады.

Мерейтойлық бесінші отырысында «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтас­тықтың жаңа архитектурасы жолында» тақырыбында халықаралық саясат мәсе­лесін қозғайды.

Іс-шараны Әлемдік экономика және саясат институты мен Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасының қоры ұйым­дастырып отыр. Жиында Еуразияның стра­тегиялық болашағы мен қауіпсіздігінің өзекті мәселелерін бірлесіп талқылайды.

Басты мақсат – Үлкен Еуразиядағы ын­тымақтастықты нығайту. Мұндай тақы­рыпты таңдауға соңғы 70 жыл бойы ха­лықаралық қатынастарда тұрақтылықты қам­тамасыз еткен ғаламдық институттар­дың күйреуі мен құлдырауы себеп болып отыр. Оның үстіне, тоқырау қазіргі кезде шегіне жеткен. Ядро­лық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық келісімдердің жойылуы, дүниежүзілік эко­номикада протекционизмнің үдеуі, сон­дайақ түрлі санкция салдарының ушығуы мәселелері тығырыққа тіреп жатыр. Соны­мен қатар климаттың құбылуы, экология мәселесі талқыланады.

Әлемдік экономика және саясат инсти­тутының «2020 жылғы Еуразия үшін ең үлкен 10 қатер» сараптамалық рейтингінің екінші басылымы қатысушылар мен көп­шілік на­зарына ұсынылмақ. Тәуекелдер рейтингіне арналған былтырғы бірінші басылым үлкен сұранысқа ие болған. Сондықтан биыл жаңа басылымды дайындаған. Зерттеу еңбекке әлемнің үздік 40 сарапшысы атсалысқан.

«Астана клубының» жұмысына халықа­ралық деңгейде қызығушылық жоғары.

Ашылғалы бері клуб қызметіне әлемнің 40 елінен 200-ден астам сарапшы қатысты. Оның ішінде АҚШ, Қытай, Ресей, Гер­мания, Түркия, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және т.б. елдер­дің өкілдері бар.

«Астана клубының» бесжылдық тари­хын­дағы танымал саясаткерлер мен сарап­шылар қатарында Жозе Мануэль Баррозу, Мұхаммед әл-Барадей, Ахмет Дәуітоғлы, Вацлав Клаус, Хамид Карзай, Джордж Фрид­ман, Ян Моррис, Роберт Каплан және басқалар да бар.

Осы жыл ішінде «Астана клубы» аясын­дағы талқылаулар «Үлкен еуразиялық пікір­сайысты» қалыптастыру мен ілгері­летуде маңызды алаңға айналды. Клубтың әр отырысы жаңа қалыптасып келе жатқан «Үлкен Еуразия» феноменінің осы және өзге де аспектілеріне арналады. Азия мен Еуро­паның саяси-экономикалық, қауіпсіз­дік мәселелерін кеңінен талдайды.

 

М.БАҚЫТ