«Айдалада ақ отау» – Суы, жолы, жарығы жоқ тұрғындар шу көтерді
«Айдалада ақ отау» – Суы, жолы, жарығы жоқ тұрғындар шу көтерді
123
оқылды
«Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне Тараз қаласына қарасты Қызыл Абад иінінің тұрғындары әлеуметтік мәселелерін көтеріп, шағымданып келді. Тұрғындардың көкейіндегі түйінді тарқату мақсатында «ANTICOR» алаңына жауапты сала мамандары шақырылып, бұқараның базынасы тыңдалды. Ең алдымен аталған иіннің тұрғыны Қалдыкүл Туғанбаева көпшіліктің тілеуін жеткізді.

– Биыл иінге көгілдір отын кіргізілгенімен құжатын әлі күнге рәсімдей алмай келеміз. Газдың құжаты болмағаннан кейін төлемді қайда төлерімізді білмей, тіпті бұл әрекетіміз заңға қайшы келіп жатқан жоқ па деген қорқыныш та бойымызды билеуде. Бүгін сіздерден осы мәселенің анық-қанығын шешіп беруді сұрап келіп отырмыз. Одан бөлек иінде жарық жүйелі жанбайды, ауызсу тартылмаған, жол салынбаған, қоғамдық көлік қатынамайды, интернет желісі де іске қосылмаған. Міне, осындай иінде тұрып жатқан күніміз күн болмауда. Осыған қол ұштарыңызды беріп, бір шешімін тауып берсеңіздер, – деді иін тұрғыны.

Жалпы Қызыл Абад иіні Тараз қаласы аумағына кіргенімен бұл аймақтан бүгінде шаһар иісі шықпайды. Тұрғын көтерген сансыз мәселенің бірі көгілдір отын биыл иінге кіргенімен оның да бауы табылса, байлауы табылмауда. – Негізі иінге газ жеке азаматтар мен «ҚазТрансГаз» АҚ Жамбыл облыстық филиалы арасында келісімшарт негізінде жүргізіліп отыр. Сондықтан көгілдір отынға қатысты сауалға тиісті мекеменің мамандары жауап береді. Ал ауызсу мәселесіне келер болсақ, аталған иінге тіршілік нәрін тарту үшін сметалық құжаттар өткізілді. Алайда қаржы республикадан бөлінетіндіктен биыл, әлде келер жылы су кіреді деп нақты айта алмаймын. Жарық мәселесін де жақсы білеміз. Бірақ оған да қаржы республикадан бөлінетіндіктен дәл қазір шешілетін уақытын айту қиын. Жолға тоқталсақ, біз көгілдір отын мен ауызсу құбырын жүргізіп бітпей иін көшелеріне жол сала алмаймыз. Қоғамдық көліктердің иінге қатынауына қала әкімдігі тарапынан шектеу қойылған жоқ. Алайда тасымалдаушы компаниялар тиімсіздігін алға тартып аталған иінге қатынауға құлықты болмай отыр. Десе де біз тасымалдаушы компанияларға субсидия қарау жағын қарастырып, бұл мәселені шешуге күш салудамыз, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы. Әкімдік өкілі тұрғындардың көңілін басқаннан гөрі олардың ойын тағы сан саққа жүгіртті. Ал «ҚазТрансГаз» АҚ Жамбыл облыстық филиалы Өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Абыл Юсупов бар мәселені халық пен мердігерге қарай ысырып қойды. – Жалпы Қызыл Абад иініне Үкімет тарапынан газ 2022-2023 жылдары кіреді делінгендіктен тұрғындарға ұсыныс жасалып, олар өз қаржысына газ жүргізуге келісті. Содан құрылысты бастап, қазір жоспарлы жұмыстың негізін «БайзақГазСервис» ЖШС аяқтап болды. Ал құжаттарды бізге мердігер компания немесе тұрғындар өткізуі керек. Уақытты созып жүрген өздері. Әйтпесе біздің тараптан барлық тиісті жұмыстар атқарылып отыр, – дейді А.Юсупов. Жалпы кездесу барысында «ҚазТрансГаз» АҚ Жамбыл облыстық филиалы Өндірістік техникалық бөлімінің басшысына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев көгілдір отынды заңдастыру үшін 15 түрлі құжат жинап, халық сансыз есікті қағып әбігерге түсетін мәселені төтесінен қойды. Алайда Абыл Юсупов қазіргі таңда құжаттар топтамасы 5-ке дейін қысқарғанына сендірді. Ал газ құбыры не себепті жер үстімен жүргізілгеніне қатысты сауалға «БайзақГазСервис» ЖШС өкілі бұл арзанға түскенімен түсіндірді. Нәтижесінде бір үйге көгілдір отын 310 мың теңгеге кіріп жатыр екен. Бұқара мен жауапты мекемелердің бетпе-бет кездесуінің соңында Равиль Қуанышбайұлы Қызыл Абад ауылының мәселелері департаменттің жіті назарында болатындығын айтып, жақын арада көгілдір отынның құжаттары заңдастырылмайтын болса тапсырыс беруші мен мердігердің мәселесі заң шеңберінде қаралатындығын ескертті.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы