Алматыда V Түрік фильмдері апталығы басталды. Түрік кинематографиясын жіті қадағалайтындарға таптырмайтын мүмкіндік.
Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және Алматы бас консулдығы демеушілігімен Yerli Düşünce Derneği ұйымының ұйымдастыруымен V Түрік фильмдері апталығы басталды. 28-31 қазан аралығында Алматы жұртшылығы ұнаған фильмін кинотеатрдан тегін тамашалай алады.
Іс-шараға Түркияның Сыртқы істер министрінің орынбасары Явуз Селим Кыран, Әділет және даму партиясының Орду депутаты және Yerli Düşünce Derneği ұйымының президенті Метин Гүндоғду келеді. Сондай-ақ Түркиядан келетін саясаткерлер мен өнер адамдарымен бірге фильм тамашалай алады. Шымылдықты 29 қазан күні Шүкрү Алачамның «Тұрғын үй» фильмі ашады. Сонымен қатар «Ішімдегі қазына», «Шеф» және «Рафадан Тайфа» (анимациялық фильм) көрсетіледі.
Бұл – бесінші фестиваль. Осыған дейін апталық барысында алматылықтар Түркияның ең үздік туындыларын тамашалады. Оның ішінде «Айла», «Тау», «Ең тәтті иіс», «Ұмытсам, сыбырла», «Көбелектің түсі» және тағы басқа фильмдер бар. Әр туындының астары адамды ойға қалдырады. Режиссер шешімі мен сценаристің шеберлігіне қайран қаласыз. Бауырлас екі елдің арасындағы кино көпір көп нәрсеге үйретеді. Мұнда тек таңдаулы фильмдер таңдалған. Көрерменді жалықтырмайды. Фильмді қазақша тамашалаймын немесе актердің өз дауысын естігім келеді десеңіз де, бар жағдай жасалған. Бастысы, ішіңізге түйгеніңіз болып, кинодан әсер алып қайтсаңыз жеткілікті.
Сонымен қатар апталықта фильм көрсетілімінен кейін өнер адамдарымен тілдесуге болады. Шара барысында еліміздегі кино саласында жүргендер Түркиядан келген режиссерлер, актерлер және продюсерлермен кездесу өткізеді Кездесу барысында бірлесе отырып фильм түсіру мәселелері бойынша екіжақты кездесу мен сұхбат ұйымдастырылады. Естеріңізде болса, «Тоғысқан жүрек» фильмінің түсірілім жұмыстары Шымкент қаласында жүрді.
Апталықтың көрерменге де, біздің кинематографияға да берері мол. Үйрене білу – өнер. Өтіп жатқан шараның арқасында киноқоржынымыз сапалы дүниемен толығады деп ойлаймыз. Болашақта түрік киносы дегенде теңіз бен шайды елестеткендей, біздің де өз фишкамыз болар. Қазақстандықтар жұмыс күндері отандық сериалға елегізіп отырар. Мәдени құндылығымызды көтеруге аталған апталықтың ықпалы зор.
Айбике ЖАНАСЫЛ