«Дау мұраты – бітім» дейді біздің қазақ. Осы бағытта бүгінде билер соты мен татуластыру орталықтары әр аймақта жұмыс істеп жатыр. Дегенмен соңғы кезде арызқойлардың қарасы көбейген. Ішінара өнбес мәселені даулайтындар да жетіп артылады. Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен дау-дамайды сотқа дейін шешу мәселесінде бірнеше пилоттық жоба жүзеге асты. Соның бірі – медиация қызметін жандандыру. Нәтижесінде, екі тараптың татуласып, түсіністікпен қарап «алдына келсе, атасының құнын кешіп» жатқандар да бар. Медиаторлардың нәтижелі жұмысы жайында Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Садуақасовпен сұхбаттастық.
– Бұған дейін ашылған Татуластыру орталықтарының жұмыс нәтижесі қандай?
– Татуластыру орталықтарын ашуға сот жүйесінен бұрын жергілікті әкімдіктер мүдделі болуы керек. Өйткені қоғамның ішкі тұрақтылығын сақтау, азаматтардың әлеуметтік жағдайын қадағалау, криминогендік ахуалды бақылауда ұстау міндеттемелері жергілікті әкімдіктерге жүктелген. Сәйкесінше әкімдіктер қоғамның тұрақтылығына жауапты. Ал соттың міндеті – таразы басын тең ұстап, әділ шешім шығару. Шығарған сот актілері де қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді. Әкімдік жауапты болса да, қоғамда даудың азаюына біз де белсене атсалысып отырмыз. 2017 жылы республика соттарында – 2 миллион, былтыр 3 миллион 800 мыңнан астам іс пен материал қаралған. Биыл былтырға қарағанда сотқа арызданушылардың қарасы екі есе көп болады деп ойлағанбыз. Бірақ біз татуластыру орталықтарының жүйелі жұмысының нәтижесінде сотқа шағымданушылардың санын азайттық.
– Жүйелі жұмыс жүрсе де, қоғамда әділдік іздеген адам, дау-дамай неге көбейді?
– Арыз-шағым айту жыл сайын көбейетініне бірнеше фактор әсер етеді. Тәуелсіздік алған жылдары халық нарықтық заманға бейімделіп кете алмады. Себебі 70 жыл бойы мемлекеттің қолдауына үйреніп қалған елге нарықтың талаптарына көндігу, демократияны түсіну қиынға соқты. Еңбек нарығының талаптары да өзгеріп кетті. Соған сәйкес, мамандық ауыстыруға тура келді. Тәуелсіздік жылдары материалдық құндылықтар алға озып, тәрбиені босаңсытып алғаннан біз ұтылдық. «Өз күніңді өзің көр» деген қағиданы барлығы бірдей дұрыс қабылдаған жоқ. Соның нәтижесінде түсінбеушілік көбейді. Қазір үй, машина алу, яғни материалдық құндылық бірінші орынға шығып кетті. Тәрбие, отбасылық құндылықтар екінші сатыға ысырылып қалды. Ата-ана мен баласы, туған-туыс, құда-жекжат арасында дау көбейгендіктен, бүгінде жүз таныс дос-жаранның соттасуы жаңалық емес. Себебі көпшілігі қаржылық сауатының төмендігінен арызданып сотқа келеді. Мәселен, ағайынына өз атынан кредит алып беріп, соңы дауға ұласып жатады. Танысына қарыз бергенде қолхат алмайды.
– Сот, құқық қорғау органдары тарапынан заңдарды түсіндіру жұмыстары жыл бойы жүргізіледі. Акция, айлық іс-шаралар өткізіледі. Дегенмен дау-дамай саны азаймай отыр. Осы ретте азаматтардың құқықтық сауатын арттыру үшін не істеу керек?
– Заң саласында қазақ тіліндегі сөздіктер, электронды оқу құралдарын шығарумен мәселе шешілмейді. Соңғы 30 жылда егемендіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда халықтың құқықтық сауаттылығы артты. Бірақ әлі де білместік көп, құқығын қорғау деңгейі төмен екені рас. Арзан пайдаға кенелемін деп алаяқтардың арбауына түсіп қалып жататындар қатары азаймай отыр. Өкінішке қарай, қазіргі таңда әрбір бесінші қазақстандықтың банк алдында қаржылық міндеттемесі бар. Кредит алған, төлеу мерзімі өтіп кеткен, қарыздар қордаланып қалған. Әрине, банк тарапынан кеткен қателіктер де жоқ емес. Одан бөлек, микронесие ұйымдарына алданып қалғандар да жетерлік. Банктің атын жамылып, елді арбайтын алаяқтар да көбейген.
Былтырдан бастап сот актілерін түсіндіруді қолға алдық. Себебі азаматтардан көптеген арыз-шағым түсті. «Сот процесі 10-15 минуттан аспайды. Судья сот шешімін судыратып оқып, шығып кетеді. Сот шешімін түсіну қиын. Түсінбейміз, абдырап қаламыз» деген хаттар, шағымдар болды. Осыны ескеріп, Жоғарғы сот төрағасының бастамасымен «Сот актілерін түсіндіру» деген пилоттық жоба іске асты. Нәтижесінде, сотқа қайта шағымданушылардың қатары азайды. Өйткені қазіргі таңда әрбір судья өз шешімін жариялаған соң тараптарға оны егжей-тегжейлі түсіндіруде. Қатысушылардың сауалдарына жауап береді.
– Банктердің шартында «дау туындаған жағдайда орыстілді нұсқасы басшылыққа алынады» деген бар. Проблема қазақтілді азаматтардың орысша жетік білмеуінен, қазақ тіліндегі заңдардың түсініксіздігінен туындап жатқан жоқ па?
– Бұл мәселенің түбірі тереңде жатыр. Тілдің мүшкіл халін көпшілігіміз айтып та, жазып та жүрміз. Бұл мәселені Елбасы да, Президент те бірнеше рет көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиістігін атап өтті. «Тіл туралы» заңның қабылданғанына да 30 жылдан асты. Бұл заң түбірімен ескірді, оның нормалары бүгінгі заманның талабына жауап бере алмайды. Саясаттанушы ретінде айтайын, «Тіл туралы» заң осы күйінде қала берсе, қоғамдағы түрлі жанжалдардың негізгі өзегіне айналуы мүмкін.
Жақында Ұлттық сенім жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдау қажеттігін ұсынды. Меніңше, осы заңды қабылдайтын уақыт жетті. Сол заңда барлық мемлекеттік қызметшілермен қатар, квазимемлекеттік секторда, қоғамдық сервис саласында істейтін азаматтардың мемлекеттік тілді білуін міндеттеу қажет. Әйтпесе, «қазақ тілін білмеймін» деген желеумен басқа адамның құқығын бұзу фактілері азаймай отыр.
– Медиаторлар судьялардың жұмысын жеңілдетуге септігін тигізе ала ма?
– Жүз пайыз болмаса да, соттардың жұмысын біршама жеңілдетті. Қазақстанда 47 татуласу орталығы, 1 042 татуласу кабинеті бар. Оның 308-і соттарда ашылған. Сонымен қатар Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдау бөлімдерінде де татуласу орталықтары жұмыс істейді. Партия да қоғамның тұрақтылығын сақтауға елеулі үлес қосып отыр. Медиация кабинеттері Қазақстан халқы ассамблеясының жергілікті филиалдарында да бар
Төрелік айтатын медиаторлар түрлі саланың өкілі болғандықтан, оларды кәсіби оқытуға басымдық беру керек. Оларды іріктегенде құқықтық кеңес бере алатыны өте маңызды.
Елімізде 2011 жылы «Медиация туралы» заң қабылданған болатын. Соның негізінде кәсіби және кәсіби емес медиаторлар жұмыс істейді. Қоғамдық даму және ақпарат министрлігі де медиацияның дамуына өз үлесін қосуда. Соған қарамастан, «Медиация туралы» заң 100 пайыз орындалып жатыр деп айтуға ертерек. Сондықтан қоғамның тыныштығын сақтауға, даудың азаюына қоғам жаппай атсалысуы қажет. Мәселен, бір ұрлық болса, кінәлі анықталып, шығыны өтелсе, адамгершілікпен жәбірленушімен келісімге келгені – құптарлық жайт. Себебі түрме халқының санын көбейту тиімсіз. Түрмеде жазасын өтеушілердің шығыны сіз бен біздің салығымыздың есебінен өтеледі. Бұл дегеніміз – қылмыс жасаған адамдар халықтың есебінен күн көреді деген сөз. Жазасын өтеушілердің көптігі жөнінен 2000 жылдарға дейін әлемде үшінші орында тұрғанбыз. Қазір елу елдің қатарынан шықтық. Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бас бостандығынан айыру жазасын қолдану деңгейін азайтуға, оның орнына бас бостандығын шектеу, айыппұл, қоғамдық жұмыс секілді балама жаза түрлерін кеңінен қолдануға мүмкіндік берді.
Қоғамда медиацияның қолданылуына қарсы адамдар да бар. Солардың қатарына кейбір адвокаттарды жатқызуға болады. Медиаторлар мен адвокаттар құқықтық қызмет көрсету нарығында өзара бәсекелес. Өйткені екеуі де құқықтық қызмет көрсетеді.
– Медиация қызметі дамыса, адвокаттар жұмыссыз қалуы мүмкін бе?
– Қоғамда болған барлық қылмыс үшін медиация бірдей талап етіледі деп айта алмаймыз. Медиация арқылы көбіне, еңбек дауы, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар шешіледі. Қазіргі қолданыстағы заң аясында медиацияның көмегіне жүгіну, жүгінбеу екі тараптың өз еркінде. Алдағы уақытта медиацияны міндеттеу мәселесі заң шеңберінде қаралмақ. Дегенмен медиация дамыса да, адвокаттар жұмыссыз қалмайды. Себебі адвокаттарға сұраныс артпаса, кемімейді.
– Бұған дейін Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов Кәсіби медиаторлар одағын құру бастамасын көтерді. Кәсіби медиаторларды даярлау, іріктеу мәселесіне қатысты не айтасыз?
– Орынды ұсыныс, бізде әлі медиация нарығы толығымен қалыптасқан жоқ. Даму деңгейі де әр өңірде әрқилы. Кейбір күрделі дау-дамайды шешуде медиаторларға кәсіби терең құқықтық білім қажет. Өкінішке қарай, мұндай білім барлық медиаторларда жоқ. Десе де, бұл салада алға жылжу бар. Медиаторлар мемлекеттің қолдауына ғана сүйеніп отырса, онда еңбек нарығындағы сұраныстан айырылады. Сондықтан кәсіби медиаторлар да адвокаттар секілді бірігіп, өз одағын құрып, мәселелерін шешуге ұмтылғаны жөн.
Біз сонымен қатар Билер кеңесін құрдық. Елге, ауыл-аймаққа сөзі өтімді ақсақалдар әртүрлі санаттағы даулар бойынша тараптарды бітімге шақыруда. Тіпті экономикалық дауларға нүкте қойып, екі тарап та риза болған жайттар көп. Осылайша «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы өз нәтижесін беруде.
– Әлеуметтік желіде белсенді блогерлер, бизнес тренерлер медиаторлардың жұмысын қиындатып отырған жоқ па?
– Өте орынды мәселені қозғап отырсыз. Бұл – еңбек нарығындағы жаңа кәсіптің бір түрі. Блогерлердің заңмен бекітілген нақты мәртебесі жоқ. Бірақ әлеуметтік желі белсенділерінің елді арандатуы, дұрыс жолдан адастыруы жиі кездеседі. «Тез байығыңыз келсе, маған келіңіз», «Күйеуіңізден қорлық көрсеңіз, қорған боламыз...» деп, интернет арқылы хабарлама таратып, семинар-тренинг өткізетіндер көп. Соның салдарынан шаңырағы шайқалып, ажырасып жатқандар бар. «Соттар жемқор, әділдікті мен айтамын» дейтін де блогерлер жетерлік. Ал шынтуайтында олар сотқа қатыспаған немесе сот материалдарымен толық таныспаған. Бір ғана тараптың сөзін сөйлейтін, жалдамалы блогерлер көбейген заманда өмір сүріп жатырмыз. Солардың арасында әртүрлі адамдарды бопсалап, арам жолмен ақша табамын деп, заңның құрығына түскендері де бар. Дана халқымыздың «Аңқау елге – арамза молда» деген сөзін дәл қазіргі интернеттегі «қайраткерлерге» қатысты айтуға болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Майра ЖАНЫСБАЙ