Өткен аптаның соңғы жұмыс күні Оралдағы Жастар мәдениет үйінде Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры және Қадыр Мырза Әли атындағы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен «Жыр-ғибрат» атты аймақтық жыршы-термешілер фестивалі өтті.
Мәртебесі аймақтық болғаннан соң шараға еліміздің батысындағы төрт облыстың, яғни Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау өңірлерінің өкілдері қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілген құндылықтарды ел ішінде, халық арасында кеңінен насихаттау, сонымен қатар биылғы Жастар жылы аясында атқарылар шараларға лайықты үлес қосу ниетімен ұйымдастырылған өнер бәйгесіне аталған облыстардан келген сегіз өнерпаз қатысып, жыр-терменің көрігін қыздырды. Осындай ғибраты мол шараны ұйымдастыру үшін Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының президенті, жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің жұбайы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәмшабану Хамзақызы, қордың қызметкері, қытайтанушы, мәдениеттану ғылымының PhD докторы Жанат Зейноллақызы, қордың атқарушы директоры, ақын Серік Қалиев және қордың қызметкері, журналист Жарқын Сәленұлы Алматыдан Ақ Жайық атырабына арнайы келді.
Тілге тиек, сөзге өзек болып отырған жыршылар мен термешілер додасында жаугершілік заманда ел-жұртты, туған елді сыртқы дұшпаннан қорғауға жұмылдырып, туған жердің тұтастығын сақтау үшін халықтың рухын көтерген жыраулардың шығармалары мен тәрбиелік-тағылымдық бағыттағы термелер орындалды.
Сөз сүлейлерінің өнер бәйгесінің ашылуында сөйлеген Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев. «Әлеуметтік әділеттік үшін атқа қонған от ауызды, орақ тілді Махамбет ақынның, алты Алаштан ән оздырған Мұхит бабамыз бен Ғарифолла атамыздың кіндік қаны тамған өлкеде жыршы-термешілердің өнер додасы өтуі заңдылық. Домбыраны серік еткен жастарымыз ата-бабамыздан мұраға қалған төл өнерімізді қоғамдық санада жаңғыртуға лайықты үлес қосуда» деді.
Байқау шарты бойынша әр облыстан келген бір жыршы, бір термеші өз өнерін ортаға салды. Бұрындары жыршылар таңды таңға жалғап жырлағаны аян. Сөйте тұра байқауда әр жыршы-термешіге 10-15 минут қана уақыт берілді. Жыр бәйгесінде көсіле шапқандар да, аяғына жем түскен аттай іркіліп қалғандар да болды. Жыр-термелерді үлкендер ықыласты тыңдады. Аталған өнер кешінде республикалық, халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпаз-жүлдегері Фархат Оразов әйгілі «Қарасай Қази» дастанын жырлады.
Бұған қоса жыршы-термешілер байқауында қазіргі кезде көп орындала бермейтін Ақтан Керейдің «Жұрт жиналған шаршыда», Құмар Әбуғалиұлының «Құмар», сонымен қатар Наурызбек жыраудың жыр-термелері орындалды.
Екі сағат бойы дүйім жұрттың құлақ құрышын қандырған жыршы-термешілерге байқау соңында алғысхаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталып, маңғыстаулық Әзімхан Адай «Үздік термеші», ал батысқазақстандық Фархат Оразов «Үздік жыршы» ретінде танылды.
Жыршы-термешілердің байқауын ұйымдастырушылардың бірі, белгілі ақын Серік Қалиев елдігін жыр еткен, ерлігін ту еткен батыр қазақтың батыстағы ұрпағымен қауышқанына бек қуанышты екенін алға тартты.
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы