Мандалинда ойнап, ән айтқанды ұнататын
Мандалинда ойнап, ән айтқанды ұнататын
214
оқылды

Биыл – Халық қаһарманы, Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаевтың 95 жылдығы. Ол 1924 жылы 19 қазанда Ақмо­ла облысының Тайтөбе ауылы­ның маңындағы қыс­тақ­та дү­ние­ге келген. 4 жа­сында ана­сы дүниеден өтіп, әкесі жал­ған сая­си жала­мен сотта­лып, 13 жа­­сы­­нан жетім қалып, Тайтөбе бала­лар үйін­де тәрбиеленген Қош­қар­баев­тың ерлігі ел ау­зын­да. Бүгінде оның немере қарын­да­сы Рымжан Мұсабек­қызы­мен әң­гімелесу­дің орайы келді.

– Рымжан апа, ағаңыздың ерлігін бүкіл қазақ біледі. Сол кісінің адами болмысы қандай еді?

– Ақкөңіл, өмірсүйгіш, туысшыл адам еді. Ешқайсымызды бөліп-жар­майтын. Бізде немере-шөбере де­ген жоқ, бізде тек бауыр бар. Өйт­кені аға бәрімізді «бауырым» дейтін. Біз 6 ағайынды болдық. Оның екеуі 34 жылға дейін қайтыс болды. Қалған төртеуі, оның ішінде Рақым­жанның әкесі мен менің әкем 37 жылы реп­рес­сияға ұшырған. Одан тек 1947 жы­лы Рақымжанның әкесі орал­ды. Ал қалған үшеуін қайда кет­кенін біл­мей­міз, осы уақытқа дейін хабар жоқ. Мен Қошқарбай әкенің аға­сы Тәж­ма­ғанбеттің қызы­мын. Райқұл ата­ның ұрпақтарымыз.

Үш жылдан кейін Ұлы Отан со­ғы­сы басталды. Ол соғыстан Рақым­жан 48 жылы бір-ақ келді. Ауылға келгенде бәрі біздің үйге келіп тоқтайтын. Шеше­міз асты-үстіне түсетін. Сонда әкелеріміз төртеуі бір қораның астына тұрған деп айтып отыратын. Сол бірлік әлі де сақталған. Аға­мыз анам жоқ демейтін. Үш кемпір, оның ішінде менің шешем де бар, келген сайын бәріне бірдей көйлек, орамал, бір келі шайын әкелетін еді. Рақымжан ауылының ар жағында, 6 шақырым жерде біздің қорым бар. Марқұм сонда жатқан әкесіне жылда келіп, құран оқытып кететін. Ал шешесі Ворошилов деген жерде жерленген. Алайда ол жер қазір тегістеліп кеткен.

– Ағаны қайтыс болар алдында көріп, сөйлестіңіз бе? Ол кісі нені жақ­сы көретін? Әр адамның әдеті, ұната­тын ісі болады емес пе?!

– Өкінішке қарай, көрісе алма­дым. Ағамыз қайтыс болар алдында зоб болып, ауруханада жаттым. Сөй­тіп, жылдығына бір-ақ бара алдым. Ағамыз соңғы 3 жылда ауырған еді. Ол кісі сүтті шәйді қоюлатып тек самаурыннан ішетін. Өзінің соғыстан әкелген мандалины болатын. Соны­мен ән айтқанды ұнататын. Әсіре­се, «Қарағым-ай» әнін орында­ғанда жиналған елді құлататын. Өзі дос-жаран­дарының басын қосып, шақы­ру­дан шаршамайтын. Соның арқа­сында Бауыржан Момышұлы, Талғат Бегелдинов, Олжас Сүлейменов, Қай­рат Байбосынов, Жәнібек Кәрме­нов секілді елдің қаймағын көргенім бар.


– Ол кісінің сізге жасаған сыйлы­ғын сақтап жүрген боларсыз? Әлде сізге айтқан ақыл-кеңесі болған шығар?

– 10-сынып бітірген соң, 54 жылы ағам мені оқуға түсіріп, сол үйде қал­ған болатынмын. Одан екі жыл бұ­рын оқуға түсерде әпкем де барып тұр­ған еді. Сол кезден бастап ағаның қолында болдым. Кейін оқуым алыс болған соң жатақханаға шығып кеттім. Соның өзінде Рақымжан ағам жұмасына екі рет келіп, бүкіл азық-түлікті әкеп тастайтын. Студенттік шақта қайбір тойып жүресің дейсің?! Сонда «нан жеме, толып кетесің» дейтін. Өйткені ол әдемілікті жақсы көретін.

Кәсібилікті жоғарылату факуль­те­тін оқуға барғанымда, бөлмедегі көрші қыз Қызылорданікі екен. Сол маған «Апай, ренжімесеңіз ағама барып келейін деп едім» деді. «Ағаң қайда тұрады?» дегеніме «Алматы қона­қ­үйінің директоры» деді. Содан «Рақымжан ағаны көргім келеді, мені де ала баршы» деп онымен бірге бардым. Қонақүйге келгенде хатшы мені көріп: «Ой, Рымжан, ботам, ағаң бос отыр, кіре ғой» дегенде әлгі қыз «Сіз оны қайдан білесіз?» деп тұрып қал­­ғаны бар. Қазір соны ойласам, аға­мызға шынымен бүкіл қазақ туыс бо­лыпты ғой. Оның іздеушісі әлі де көп.

– Ол кісінің ұрпағы бар ма?

– Рақымжан ағамыздың Әлия деген бір қызы бар. Алматыда тұрады. Қазір №48 мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Оның Дәурен және Дархан деген екі ұлы бар. Ағамыздың үлкен немересі Дәурен соның тегін алған.


Сұхбаттасқан 
Анар ҚОНЫС