Тоқаев тағылымы
Тоқаев тағылымы

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан Президенті болып сайланғалы бері атқарған жұмы­сы халықтың көз алдында. Онда төтенше сынақ та, қалың бұқара­ға деген теңдессіз әлеу­меттік қол­дау да, халқын қуан­­тып, өзі­нің мерейін өсірген түр­лі дәре­желі сапарлар да болды. Олар­дың барысында басым көп­ші­лік Президенті­міздің ел тыныш­ты­ғы үшін жасаған қада­мы­на риза­шылық танытып жатса да, тара­зы­лап, салысты­рып, кем-кетігін із­деп отыру­шылар да болғаны анық. Бұл – барлық заманда, барша қо­ғам­да болатын жағдай.

Ел ішінде көп талқыланған жайлар Президенттің халықаралық аренада көш­басшы мемлекеттер – Ресей Федерация­сына ресми сапармен баруы, Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары және Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарымен барып, БҰҰ мәртебелі мін­берінен сөйлеуі еді. Айналасы үш апта­да әлемдегі үш алып елдің басшысы кез­десіп, терезесі тең дәрежеде пікір алма­суы да Қ.Тоқаевтың сыртқы саясат­тағы қадам­дарына үлкен үлес қосты. Олар ту­ралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабар таратты, әлеуметтік желілер де белсенділік танытты. Ой-пікір, сарап­та­малық материалдың мол болуы бұл сапар­лардың маңыздылығын көрсетеді. Кей­біреуі – ол мемлекеттермен арадағы қа­рым-қатынастың дамуы ел экономи­ка­сына қандай пайда әкелетіні туралы, екін­шілері – негізінен әлеуметтік желі таратып отырған, ондай қатынастардан келетін түрлі «зиян» туралы жазбалар.

Әркімнің өз шындығы бар. Сондықтан біз оларға төрелік айтуды, сараптамалық материалдардың сапасына, байбаламшыл ақпараттардың астарына үңілуді мақсат етіп отырған жоқпыз. Біз Қ.Тоқаев билік басына келгелі бері Мемлекет басшысы ретіндегі кейбір қадамын, сөзін, ісін ол кісінің бұл мәртебеге ие болғанға дейінгі кейбір жайлармен салыстыра жүріп, түйген ойымызды ортаға салмақпыз.

Конституция бойынша Сенат төрағасы – мемлекеттегі екінші тұлға. Сондықтан жоғарғы палата басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір қадамы, істеген ісі, айт­қан сөзі ел назарында болды. Төра­ға­ның ресми жиындарда да, бейресми жағдай­ларда да бір қалыптан аумайтын сабыр­лылығына, ұстамдылығына, зиялылығына тәнті болып, адамдармен қарым-қатынас жасаудағы биік мәдениетіне қарап бой түзеген жандар сол кезде-ақ көп болатын.  

Өз көзқарасын білдіргенде де «бұл жерде маманның пікірі маңызды» дейтінін әріптестері жақсы біледі. Төрағаның заң жобаларының қазақ тіліндегі мәтіні түсі­нікті болуы, мағынасы бұрмаланбай бері­луі туралы тапсырмаларынан ана тіліне деген жанашырлығын көруге бола­тын. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлының ма­ңызды мәселелер, соның ішінде ана тілі­міз туралы да дүрліктіріп мәлімдеме жаса­май, жұмыс ретімен жол нұсқап жүретін кездері аз еместігін жұртшылық байқаған болар.

Соның бір мысалы баршамызға белгілі. Өткен жылы 20 маусымда өзінің Тwitter-дегі аккаунтында Сенат төрағасы: «... қазір жаңа оқу бағдарламасы туралы ойланатын уақыт бар. Мысалы, ағылшын тілін бірін­ші сыныптан бастап оқыту қаншалықты қа­жет? Бұл тілде сабақ бере алатын ма­ман­дар бізде жеткілікті ме? Тіл саясаты – үлкен мәселе. Ең алдымен қазақ және орыс тіліне назар аудару керек» деп жазды.

Ал биылғы жылғы мұғалімдердің та­мыз конференциясында Президент Қ.Тоқаев Елбасының «қазақ тілі үш тілдің бі­реуі емес, бірінші, негізгісі болады» де­ген сөзіне сілтеме жасай отырып,
оның дұрыс ой екенін, өзі ағылшын тілін үйре­ту­ді ата-аналар келісімімен 5-сынып­тан бас­тауды ұтымды деп санайтынын ашық айтты.

Президенттің бұл пікірі тек Мемлекет басшысының пәрмені ретінде ғана емес, көп тіл білетін, сол тілдерді үйрену тәжіри­бе­сі бар маман ретінде де аса құнды. Себебі бұл сөз шет тілдерді жеті жасынан емес, өзі қажеттілігін сезінген кезде үйреніп, ер­кін меңгерген адамның аузынан шығып отыр. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұ­лы­­ның өзі қажет еткен кезде үйренген тілдерді өмірде қалай қолданғаны туралы бір мысалды айта кеткен артық болмас.

Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыс елдерінен ислам, христиан, буддизм, иудаизм, басқа да конфессиялар өкілдері қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезінде ілеспе аударма жасауға БҰҰ мамандары тартылды. Сол аудармашыларды таңғал­дырып, модератор, Съезд хатшылығының басшысы Қ.Тоқаев съезді 5 тілде жүргізіп отырды.

Қасым-Жомарт Кемелұлының жалпы жиынды қазақ тілінде жүргізіп, Англия шір­кеуінің өкілі Николас Бэйнс – Епис­коп Кройдонамен ағылшынша сөйлесіп, буд­дашылардың жалпықытай­лық қауым­дас­тығының басшысы Цзямуян Лосан­цзю­мэй Туданьцюэцзинимаға қарата қытай­ша тіл қатып, православие дінінің өкілі – Алматы және Астана митрополиті Мефодийге орыс тілінде, Константинополь православие шіркеуінің өкілі, Франция митрополиті Эммануэльге французша сөйлегеніне қаншама биік деңгейлі жиын­да ілеспе аударма жасап жүрген шетелдік әріп­тестеріміз сүйсіне де таңдана қарап отырды.

Міне, шет тілдерін, соның ішінде қазір «мил­лиардтың тілі» деп аталып жүрген қы­тай тілін осындай жоғары дәрежеде мең­­герген Қ.Тоқаев ҚХР-ға сапары бары­сын­да қазақ тілінің «мемлекеттік тіл» деген мәртебесін нығайта түсті. Миллиард­тың мысын елең-құлаң қылмай, қалың қытайдың алдында тұрып Президенттің қазақ тілінде сөйлеуі бұқара халықты сүй­сін­­діріп, оны өзіне тағы бір қадам жақын­да­та түсті десек, қателеспейміз. Қытай ті­лін­де еркін сөйлейтін Қасым-Жомарт Тоқаев­тың өз елінің мемлекеттік тілінде сөйлеуі – ана тіліне деген құрметтің ғана белгісі емес, қазақстандық билік басын­дағы атқамінерлерге көрсеткен өнегесі.

 

*   *   *

Қ.Тоқаев сайлауда басым дауыспен Президент болып сайланғаны туралы ресми ақпарат жарияланғаннан кейін екі апта өтер-өтпесте үлкен апат елді дүр сіл­кіндірді. Арыстағы қару қоймасында сой­қан жарылыс болды. Ол жақта тұратын туыс-таныстың хабары, әлеуметтік желі­лер арқылы тарап жатқан бейнежаз­балар арқылы апат ауқымы туралы естіп-білген халық алғашында үрпиіп, шошып қалған-ды. Жалтақтап, Ақорда жаққа қарады.

Бұл жолы билік өзінің оқыс оқиғаларда жол таба алатын әлеуетін, халқымыз бір­тұт­ас­тығын көрсетті. Мемлекет басшысы сол күні-ақ Арысқа жетіп, халқының арасында болды. Қирандыларды көзбен көру, айдың-күннің аманында айдалада қал­ған қала тұрғындарымен жүздесіп, мұ­ңын тыңдау Арыс апатын жоюға бағыт­та­латын көмектің көлемін айқындауға ықпал еткені сөзсіз. Бірақ бастысы – ол емес. Бастысы халық сайлаған Президент­тің сын сағатта халқының қасында болуы еді.

Арыстағы бір ананың: «Президенттің келгенін естігенде қатты қуандық. Халық үшін ол кісінің ортамызда жүруі үлкен демеу болды. Бас иеміз, бар екенін түсін­дік» деген сөзі Мемлекет басшысы­ның бұл қадамына берілген ең жоғары баға болар, бәлкім...  

Әрине, бұрын болған төтенше жағдай­ларда да халық көмексіз қалмайтын. Бірақ қиын жағдайды басынан өткізген жандар біледі, мұндай кезде басты көмек – сенген, арқа сүйеген адамыңның қасыңда болуы. Халық сайлаған Президент те Арысқа шұғыл аттанып, Конституцияның ең бірінші бабында айқындалғандай «ең қымбат қазынамыз – адам және адамның өмірі» екенін іс жүзінде танытты. Және осы қадамымен өзіне үміт артқандардың сенімін, адами қатынастардың нәзік жібін үзіп алмау өнегесін көрсетті.


*   *   *

«Өсер елдің баласы бірін-бірі «батыр» дер» дейді халқымыз. Біздің қоғамда сол асыл қасиет сақталған ба? Биліктің үш тармағында жүрген сайдың тасындай ірік­телген, ақылды, білімді, білікті тұлғалар бабамыздың осы ұстанымына адал ма?

Жалпы, билікте бір түсініксіз әдет бар. Ол – қызметке тағайындалған лауазымды тұлғалардың жаңа жұмыс орнында алдын­дағы әріптесінің істеген ісіне «оң көзбен» қарағысы келмейтіні. Ол неден байқалады? Ең алдымен, бұрынғы басшы тағайындаған қызметкерлерді жаппай қысқартудан (әрине, «өз еркімен» арыз жазу арқылы), одан кейін бұрынғы бастама­ларды аяқсыз қалдырудан немесе түбегейлі өзгертуден... Бұған соңғы жарты жылда басшысы ауысқан мекемелердегі жағдайды зерделеп те көз жеткізуге болады.  

Осындай жайға қанық жұртшылық Қ.Тоқаев билік басына келгенде жаппай өзгеріс жасайды деп күтті. Түрлі болжам да айтылып жатты. Жұрт көкейіндегі үнсіз сұраққа Президент 2 сәуір күні «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында: «Президент ауысқанда Үкіметтің қоса ауысуы міндетті емес. Қазір көптеген қауырт жұмыс бар... Съезд тап-сырмаларын орындау, көктемгі тасқын қаупінің алдын алу, егіс науқаны сияқты маңызды маусымдық міндеттер тұр. Сон­дық­тан қазіргі кезде Үкіметті ауыстыру­дың қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Ал жекелеген Үкімет мүшелерінің қызметі олардың атқарған нақты жұмыстарына қарай бағаланатын болады» деп жауап берді.

Бұл жерде соңғы сөйлемнің жүгі ауыр. Келе сала Үкімет құрамын өзгертпейтінін жария ете отырып, Мемлекет басшысы жаңа тағайындалатын басшыларға қыз­мет­к­ерлерді «атқарған нақты жұмыста­рына қарай бағалау» қажеттігін меңзеп, әрі сабақтастық сақтау өнегесін көрсетіп отыр.  

*   *   *

Конституциямыздың 1-бабында: Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жария ететінін бәріміз де білеміз. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз әр азаматы лайықты өмір сүру үшін барша материал­дық игіліктер әлеуметтік әділдік қағидаты­на сәйкес бөлінуге бағытталған саясат жүр­гізілетін және мұқтаждарға көмек көр­се­тілетін мемлекет екендігі де баршаға белгілі.

Әрине, бұл тұжырымның бірінші бөлігі орын­далып келді деу шындыққа жанас­пайды. Бұл – саясатта түбегейлі рефор­малар жасап, ұзақ, табанды жұмыс жүргізу арқылы қол жеткізілетін көрсет­кіш. Ал мұқтаждарға көмек көрсету мемлекеттің әр кезеңдегі экономикалық жағдайына қарай, хал-қадірінше жүргізіліп келді.

Қазіргі заманда берілетін жәрдемақы­лардың «әлеуметтік мемлекет» деген мәрте­бесі бар елге лайық емес екенін халық жақсы түсінеді. Қойнауы кенге бай елде тұрып, Есеп комитетінің жыл сайын игерілмей қалып жатқан қаржылар туралы мәліметін біліп отырып, сондай мөлшерде ғана жәрдемақы беруге үйреніп қалған биліктің үйреншікті әдеті Президенттің ұлықтау рәсімінен кейін кенет бұзылды.  

Мемлекет басшысы «қарызға батқан азаматтардың жағдайына бейжай қарай алмайтынын» мәлімдей отырып, борыш жүктемесін азайту туралы шешім қабылда­ды. Бұл бұрын-соңды болмаған, әлеуметтік әділдік қағидатына қарай жасалған теңдес­сіз қадам еді. Жеңілдік жасалатын санат­тарға көпбалалы отбасылар, асырау­шы­сынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, бала жасынан мүгедектері бар отбасылар, жетім балалар, ата-анасынан жастай айырылған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар кіретіні де нақпа-нақ айтылды.

Осындай жақсылықтар жасай отырып, ол халқынан бір-ақ нәрсені – масылдық психологиядан арылуды сұрады. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Сенат төрағасы кезінде де, билік басына келгелі де жаһан­дық бәсеке заманында еңбекқор­лық, табандылық пен мақсатқа ұмтылу қажет екенін, «жасықтық, жалқаулық, масыл­дық, ұқыпсыздықтан» арылу керектігін айтудай айтып жүр. Мемлекет басшысы дәрежесіндегі алғашқы сапары – киелі Түркістанға барғанда да биліктің адам­дарды «жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасау қажеттігін», бірақ «жұмыс істегісі келмейтін әлеуметтік масылдықты қол­паштамау керектігін» атап айтқан болатын.

Бұл сөздерді кім дұрыс емес дейді?


*   *   *

Біле білсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көздегені – жағу емес, билік тізгінін қолға алған кезде командасына мүше болған әріптестерінің бойына өсер елдің бала­сындай бір-бірін қадір тұту қасиетін дарытудың; мемлекеттің осыған дейінгі дамуын қамтамасыз еткен сабақтастықты сақтаудың; адамдарды «атқарған нақты жұмыстарына қарай бағалаудың»; «қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшей­тіп, ұлтаралық қатынас тіліне айна­латын кезеңіне» жеткізу үшін оны барынша кең қолданудың өнегесін көрсету дер едім.

Өзі Қазақстан Президенті болып сайланғаннан бері өткен уақытта жасалып жатқан қадамдар – осының дәлелі.  

  

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, 
филология ғылымдарының кандидаты