Ұрлық ұлғайды, малшыдан маза қашты
Ұрлық ұлғайды, малшыдан маза қашты
166
оқылды

Мал ұрлығы – мықтап бе­лең алды. Ұрты майланып, мол та­бысқа кенелген барым­та­шы­лар айылын жияр емес. Бас­қасы-басқа ұрлықтың осы тү­ріне қа­­­тысты қылмыстық оқиға­лар­­­дың күніне түр-тү­рін ести­тін бол­дық. Мал ұр­лау оқиға­ла­ры көбінесе өріс­те, яғни жайы­­­лым­дық жер­лерде орын ала­ды. Атал­ған қылмысты тү­бе­­гейлі жою үшін полиция қыз­метк­ер­лері жүргізіп жат­қан профи­лак­тикалық, ұйымдаст­ыру­шылық және тәжірибелік шаралардың өзі жеткіліксіз дейді сарапшы мамандар. Ал тұрғындардың көпшілігі «Ұры­лар ұстал­май­ды, тергеу тиянақ­сыз» деп шағымданады.

Мал ұрлығының жиі орын алу себептерін анықтау мақсатында еліміздің әр аймағында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде малдың бағылмауы, қараусыз, өз бетінше жайылып жүруі т.б. жайттар мал ұрлығына оңтайлы жағдай туғыз­ғаны белгілі болды. Мұндай келеңсіз жайттардан мал иесі зардап шегуде. Әсіресе малмен күнін көріп отырған ауыл тұрғындары үшін қиын. Қан­шама шығынға батады...

Неше жылдан бері жырға ай­налған күрмеулі мәселе бұған дейін де бір емес, бірнеше рет талқыға түсті. Сан түрлі ұсыныс айтылды. Соның арқасында нақты шешімдер қабылданатын болды. Атап айт­қанда, ауылдық кәсіпкерлік пен аза­маттарды шығынға батыратын мал ұрлығына қатысты заң жазасы күшейтіледі. Енді мал ұрлағандар зар­дап шегушімен татуласу арқы­лы немесе зардаптың орнын тол­тыру арқылы жазадан жалтару мүм­кіндігінен айырылды. Себебі ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдату мақсатында жасалған жаңа заң жобасына сәйкес, мал ұрлығы ауыр қылмыстар санатына енгізілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мал ұрлаушыларға, мас күйін­де көлік жүргізгендерге берілетін жазаны қатаңдатуды тапсырды. Бұл туралы Президент: «Заңға өз­гертулер енгізуді тапсырдым: ал­когольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» деп жазды Twitter-дегі парақ­ша­сында.

Мемлекет басшысы бұған дейін де мал ұрлығы туралы, қылмыстың бұл түріне жазаны күшейту керектігі жөнінде де пікір білдірген болатын.

«Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет. Заңды қатайтып, қылмыс­керлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен кез­десуде осы мәселеге қатысты нақты тапсырмалар бердім. Сондықтан әкімдіктер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Қылмыстық ко­декске тиісті өзгертулер енгізу қажет. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін» деген еді.

Бүгінде Бас прокуратура бірқатар қылмыс үшін жазаны күшейтуге арналған заң жобасын әзірледі. Олардың қатарында мал ұрлығына қатыстысы да бар. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Нұр-Сұлтанда өткен брифинг кезінде айтты.

– Жаңа заң жобасында мал ұрлығы бойынша жеке құрам ен­гізілген. Ұрлық, тонау, шабуыл әре­­кеттері ғимаратқа, қоймаға не­месе көлікке басып кіру арқылы жа­салған жағдайда жаза қатаяды. Аталған қылмыстарды ауыр санатқа жатқызу көзделген. Яғни, ауыр қылмыс санатына жатқандықтан, ондай қылмыс жасағандар зардап шегушімен татуласу арқылы немесе зардаптың орнын толтыру арқылы жазадан жалтару мүмкіндігінен айырылады, – деген Марат Ахметжанов ұсыныстарының себебін де түсіндірді.

– Қазақ бір-біріне «мал-жан аман ба» деп амандасады. Елі­міз­де азаматтардың 40 пайызы ауыл тө­ңірегінде тұрады. Мал – ауыл өмірінің тірегі, кірісінің көзі. Сондықтан мал ұрлығын қыл­мыс­тық топпен ұйымдасып жасаған жағдайда ол ауыр қылмыс санатына жатқызылады, – дейді прокуратура өкілі.

«Құлыншақ» шаруа қожа­лы­ғының қызметкері Еламан Махметов мал ұрлығын ауыр қылмыс санатына жатқызуды өте дұрыс шешімге балап отыр. «Қос қолдап құптаймын. Заңды күшейтсе, қылмыс та азаяр. Дегенмен мал ұрлығының алдын алу үшін алдымен бақташы ұйымдастыру керек. Бірақ оған бәрінің бірдей жағдайы жете бермейді. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселеге жіті назар аудармай, мал ұрлығына тосқауыл болу қиын. Осыларды ескере отырып, аудан тұрғындарынан малын қараусыз қалдырмауды, кезек ұйымдастырып немесе арнайы ақыға бақтыру шараларын қабылдауды қолға алған жөн» деген ұсынысын жеткізді.

Ал Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев мал ұрлау соңғы жылдары кәсіпке айналып бара жатқанын айта келе, осы іс бойынша үлкен ұйымдасқан қылмыстық топтар да бар екенін айтты.

– Қылмысты құрамында малды айдап әкелетін, тасымалдайтын, соятын, жалған құжаттар жасап беретін азаматтардан құралған топ ұйымдастырады. Ал бұл өз кезегінде жемқорлыққа жол ашады. Білесіздер, елімізде сыбайлас жемқорлық ауыр қылмыс санатына жатқызылады. Қазақстанның қай аймағын алсақ та, жыл сайын соғым уақыты жа­қындағанда ірі қарасынан қапыда көз жазып қалатын фермерлер, ауыл тұрғындары жетерлік. Төрт түлігі қайта-қайта қолды болып, едәуір шығынға ұшыраған фермерлер үшін өзгерістер істеріне оң ықпалын тигізеді. Жазаның орташа санаттан ауыр санатқа ауысуы қылмыскер мен мал иесіне келтірілген зиянның орнын толтырып, кейін қылмыстық жауаптылықтан босауына мүмкіндік бермейді. Жазаның қатаңдығы қылмыс деңгейін әлдеқайда тө­мендетіп, барымташылықты тоқ­тауға көмегін тигізеді, – деген пікірін білдірді.

Біз де мал ұрлығына қатысты жаңа заң жобасының тезірек ма­құлданғанын, барымташыларға арналған жазаның қатайтылғанын қолдаймыз. Бұл «Малым – жа­нымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін қазақ үшін жағымды жаңалықтардың бір болмақ.