Инноваторымыз Арқадан АҚШ-қа неге ауды?
Инноваторымыз Арқадан АҚШ-қа неге ауды?
170
оқылды

Қазақстандағы инновация саласының жайын бірауыз сөзбен түюге болады: сөз – көл, іс – шөл. Бір қарағанда, оны дамытуға мемлекет орасан зор күш жұмсап жатыр. Егер бұрын ол ұйым, агенттік не комитет деңгейінде ғана дамытылса, енді атауында инновация сөзі бар жеке министрлік құрылды. Тиісті миллиардтар бөлінуде. Алайда әлемге мақтана паш етер инновациялық өнім сол бойы жоқ.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігінің «Қазақстанның ин­­­новациялық дамуын қамтамасыз ету» бюджеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы 3,3 миллиард теңге бөлінді. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр бұл сома 1,6 млрд теңге ғана болыпты. Дегенмен басшылығына нағыз «айтишник» келген жаңа ми­нистр­ліктің мұрат-межесін де биік әрі ба­тыл деп айту қиын. Мысалы, ЖІӨ көлеміндегі инновациялық өнімнің үлесі Қазақстанда 2021 жылы – 2,5%, 2022 жылы – 2,6%, 2023 жылы 2,7% болады деген міндет қойылды. Яғни, озық технологиялар пандемия нә­тижесінде ғаламат серпін алған за­манда Қазақстанда инновацияға құрылған өнімдердің еншісі жыл сайын небәрі 0,1 пайызға ғана өсіп отырмақ. Мұндай жүріспен отандық әр өнім 100% инновациялы болуы үшін 975 жыл қажет болмақ!

Қазақстан Ресей өнертабысын Канададан алады

Инновация ел өмірін айтар­лықтай өзгертпек. Мысалы, «Қаз­мырыш» ЖШС Риддер жанындағы «До­линный» кенішінде Rail-Veyor аталатын руда тасушы пилотсыз вагонеткалар жүйесін ендіруге кірісті. Бұл тереңдікке ауаны жеткізу қажет­тілігін төмендетеді. Себебі пилотсыз көлікке ауаның қажеті жоқ. Осындай заманауи техно­логиялар кеніштердегі жұмыс­­шы­лардың жап­пай босауына әкеліп соқтырады. Оған мемлекет дайын ба? Бір ғана дерек: Үкімет ауаны тұтыну нор­мативтерін де әлі күнге жаңартқан жоқ, кеңестен қалған ережелерді қол­дануда. Салыстыру үшін айтайық, көрші Ресей өздігінен жүретін техникаға арналған нормативтерін жаңартты. Демек, солардан көшіре салуға да болады. Ол ол ма, канадалық Rail-Veyor Technologies Global Inc. ком­паниясы үшін осы инновациялық шахталық жабдықты Ресейдің алтын және күміс құймаларын шығарумен айналысатын «Уралэлектромедь» АҚ әзірлепті. Әрине, инновациялық өнім ар­­зан тұрмайды. Rail-Veyor тасымал жүйесін енгізудің жобалау-сметалық құ­жаттамасын келісімнен өткізу және өнеркәсіптік кеңес-консалтинг қыз­метін сатып алу үшін ғана «Қаз­мырыш» әлгі компанияға 86,2 мил­лион теңге аударыпты. Басқа шы­ғыны қаншаға түсетіні айтылмады. Қазақстанда банктер, сан алуан кеңселерден бастап ірі өнеркәсіп орындарына дейін Ресейден ақ­параттық өнімдерді көп сатып алады.

Озық елдер үлгісі

Қазақстанда инноваторлар жоқ емес, жетіп артылады. Тек мемлекет олардың жобаларынан іске жарам­дысын іріктей білгені, толық­қанды қаржыландырғаны маңызды. Мы­салы, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің түлегі Санжар Тайжан бүгінде Илон Мас­ктың Hyperloop жасап жатқан SpaceX Warwick компаниясының басшысы және бас инженері. Қысқаша айтсақ, Hyperloop – арнайы құбыр ішімен жолаушыларды және жүкті лезде жеткізетін болашақ технологиясы. Мұның алдында Санжар аты әлемге мәшһүр Jaguar Land Rover ком­­паниясында және британдық та­нымал McLaren кәсіпорнында жұмыс істеп, олардың электро­мо­бильдері үшін жаңа буындағы батареяларды – инновациялы литий-иондық акку­муляторды жасаған. Бір ғажабы, жасы 30-ға да тол­маған жас инноватор өз өнер­табысын алдымен өз елімізде енгізбек бо­лыпты. Біздегілер қолдау орнына әжуа қылған, жассың, тым қиял­шылсың дегенге келтірген.
– Ұлыбританияның Warwick университетінде оқығанда және әлемдік озық компанияларда жұмыс істей жүріп, олардың инновацияны ілгерілету жүйесі мен жұмысына қанықтым. Мысалы, британдық университетте катапульт-орталық деген бар. Ол 7 орталықтан тұрады, әрқайсысы медицина, көлік, энергия секілді әртүрлі салаға жауап береді. Әр орталық 30-40 жылда өз саласы қалай және қай бағытта дамитынын болжап, соған қарай әрекет етеді. «Ягуар» секілді кәсіпорындар осы орталықтарға өзі үшін нақты қандай өнім керегін хабарлайды. Катапульт-орталық сол жобаны жүзеге асыратын жастар мен мамандар тобын іздейді. Батыс елдері инновацияны тікелей қаржыландырмайды, осындай орта­лықтар арқылы қолдайды, – дейді Санжар.
Оның мәліметінше, мысалы, Ұлыбритания инновациялық жо­баларды қолдауға бюджеттен 1 мил­лиард фунт (560 миллиард теңге) бөлген. инноватор Бұдан бөлек, университеттерде бірегей академиялық бөлімдер (academic department) әрекет етеді. University Of Warwick-тің WMG аталатын осындай бөлімі шәкірттердің ғы­лыми, технологиялық және инже­нериялық жарқын идеялары мен өнертабыстарын коммер­цияландыру үшін тікелей инду­стриямен жұмыс істейді. Мемлекеттік немесе жеке компанияларға әлдебір жобаны енгізсе, бәсекелестігі, табысы қалай артатынын түсіндіреді. Яғни, жас өнертабысшылардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді.
–Тағы бір байқағаным, олардың инновациялы жобаларды іріктейтін комиссиялары білікті, көреген кө­рінді. Оның эксперттері иннова­торларға дұрыс бағыт-бағдар береді. Өз өнімімді алдымен Қазақстанда енгізбек болдым. Тиісті комиссия алдынан өттім. Бірақ оның мүшелері көлік саласының болашақ беталысын түсінбейтінін аңғартты. Қазақ­стан­ның проблемасы да осында: бола­шаққа бағдарланған емес, дәл қазір іске жаратып, есеп беруге бо­латын жобаларға ғана мән беріледі. Сондай-ақ 30-дан жас инноваторларға сенім артпайды. «Сен тым жассың, мем­лекет қаражатын саған сеніп тапсыра алмаймыз. Одан да өмірде жиған тәжірибесі мол ересек маманға берсек, құлағымыз тыныш болады», – дейді. Ал жастардың келешектің даму бағытын жақсырақ түсінетінін ескермейді, – деді С.Тайжан.

Хардверге қырын қарайтын ел

Қазақ жігітінің батыстық ко­ман­дасы SpaceX-тің Hyperloop-ы үшін жерастындағы және жерүстіндегі құ­­­бырмен қозғалатын 3 түрлі капсула ойлап тауыпты. Сондай-ақ магниттік өріске құрылған тағы 2 инновацияны енгізуде. Олар компьютерлік симуля­ция сынақтарын табысты тапсырған. Осы жобаға Илон Маск компаниясы 300 мың доллар ұсынды. Инно­вациялары қолданысқа енгі­зіліп, коммерцияландырылған соң ке­лісімге сәйкес саудадан түскен табы­сымен бөліседі, роялти төлейді.
«Коронавирус пандемиясы сал­дарынан биылғы сынақтар кейінге шегерілді. Алдағы 2021 жылы жазда менің Warwick Hyperloop командам төл капсулаларын Еуропада да, Аме­­­рикада да қатар сынақтан өт­кізетін болады. Бүгінде Қазақстанға көшіп келдім. Елордада орнығып, отандық электрлі автомобильдерді әзірлеу және дизайнын жасау бойынша төл стартабымды бас­таймын. Бұл істе Jaguar мен McLaren электрлі автомо­бильдерін құрас­тырудағы тәжірибем көмек болады деген сенімдемін. Бірақ бүгінде инновацияны қолдау жүйесі Қа­зақстанда қандай жағдайда екенін білмеймін», – дейді Санжар Тайжан.
Оның байламынша, Қазақстан негізінен, софтвер (software) стар­таптарды қолдауға басымдық береді, ал хардвер (hardware) стартаптарға күмәндана қарайды. Басқаша айт­қанда, елімізде мемле­кеттен қаржы алған стартаптың көбі софтқа, яғни бағдарламалық қамтылымдарды, операциялық жүйелерді, әртүрлі ұялы қосым­шаларды, ойындарды әзірлеуге жұмылдырылған. Ал компьютерлік жүйелер жабдықтарын, әр алуан ап­парат-құрылғыларды, озық техни­каны жасау жағы кемшін. Дамыған елдер керісінше, инновациялы «хард­вер» жобалар коммер­цияландырудан кейін анағұрлым мол табыс түсіре­тінін түсініп, осы бағытқа көбірек көңіл бөлуде. Мұндай проблема барын На­зарбаев университетінің Astana Business Campus Innovation Cluster ди­ректоры Болат Сұлтанғазин рас­тады.
– Бізде инвесторлар хардвер жобаларға ынта-ықылас таныта бермейді. Біз инвесторларға қаншама жобамызды апардық. Олар өздерін тек е-коммерс және басқа да бағыт­тардағы қосымшалар, онлайн-сер­вистер секілділер қызық­тыра­тынын айтады. Себебі мейлінше аз салымды талап етеді. Ал хардвердің прото­типіне, оны жасайтын кон­­­вейерге, цехқа және басқасына мол инвес­тиция төгуге тура келеді. Бұл ұзаққа созылады және нәтижесі беймәлім. Сондықтан бұл салада мемлекет бел­­­­сенді рөл атқаруы, жақсы қар­жы­­ландыруы қажет. Бүкіл әлем енді ши­кізат үшін емес, ақыл-ой үшін таласуда. Шикізат арзан, өнертабыс қымбат. Әрине, хардвер шығыны үлкен, әйтсе де оның қайтарымы да қыруар, – деді Болат Сұлтанғазин.
«Ғылым қоры» АҚ-ның бас­қарма төрағасы Арын Орсариев иннова­цияны өркендету үшін қа­­жет­­тінің бәрі бізде бар деп санайды.
– Ақыл-ойы кемел иннова­­тор­ларымыз жетерлік. Оларды қолдау үшін әртүрлі орталық, технопарк, бизнес-инкубатор, бизнес-аксе­лератор құрылған. Сонда не жетпейді? Ұсынылған жобалардың тиімділігін анықтайтын білікті технологиялық са­­­раптаманы елімізде жасай ал­маймыз, шетелге тапсырыс беруге мәж­бүрміз. Кейбір үздік инно­вацияны шетел дәл осы сараптама жасау кезінде байқап, тартып алып жатады. Сосын дамыған елдер секілді жай идея-бастамаларға мил­лиард­таған доллар да бөле алмаймыз, бюд­жет шектеулі, – деді ол.
Салада тағы бір түйткілдің түйіні шиеленісуде. Мысалы, Warwick университетінде қазақ баласы Сан­жар өз компаниясын құра алса, Қазақстанда өнертабысшы жастар қуатты «тірексіз» ісін ілгерілете ал­майды. Соның салдарынан инно­вациялық өнім және оның роялтиі, табысының үлкен бөлігі не ЖОО-лардың, не мүйізі қарағайдай ака­демик-профессордың немесе мемле­кеттің қанжығасында кетеді. Өнер­табысшының өзіне тиын-тебен, қи­қым ғана тиеді. Алысқа бармай-ақ ғылым мен техника саласындағы мем­лекеттік сыйлық жеңім­паз­да­рының тізімін қарасаңыз, әр жо­бада бірінші орында мекеме бас­шысы, шенеуніктер, тек соңғы жа­ғында технологияны әзірлеп, ше­лектеп тер төккен маман жүреді. Америкада студент балаға озық идеясы үшін ғана 130 миллион теңгедей ұсынады. Одан кейінгі табысы миллиондаған доллармен саналуы мүмкін. Осыдан кейін ин­новатор бала Арқадан АҚШ-қа ау­мағанда қайтеді?

АйханАйхан ШӘРІП