Kaspi bank-тің Kaspi.kz қосымшасы бірер сағатқа істен шығып еді, ел дүрлікті де қалды. Себебі жұрттың бірі аударым жасай алмай, енді бірі жолақысын төлей алмай шарасыз күйге түсті. Ол да ештеңе емес, «банкке кибершабуыл жасалып, қомақты қаржы ұрланыпты» деген қауесет жығылғанға жұдырық сілтегендей болды. Бұған Kaspigold-тағы шотынан ақшасын таппай қалғандардың дабылы қосылды. Ал бір азаматтар шотына миллиондар түскенін айтып мәз-мейрам.
Қысқасы, жарты күнде елді абыр-сабырға салған оқиға тұтас елдің қаржы жүйесі тоқырап қалғандай әсер қалдырды. Банктің баспасөз қызметі сабырға шақырды, техникалық ақау жойылып, түс ауа тіршілік бәз-баяғы қалпына түсті. Бірақ көкейімізде бірер сауал қалды.Бірінші сауал: кибершабуыл болды ма?
Kaspi.kz ресми ресурстарындағы деректерге сүйенсек, банктің мобильді супер-қосымшасын (бірнеше қосымшаның басын біріктірген бір қосымша ресми түрде осылай аталады) 8 милионнан астам қазақстандық қолданады. Ал банкте 10 000-нан астам адам жұмыс істейді. 2017 жылы іске қосылған қосымша көмегімен клиенттер комиссиясыз төлем, туыстар мен жақындарға аударым, ірі интернет магазин, ең үлкен бонустық бағдарлама, жеке қаражатты басқару және тағы басқа да қызметтерге жүгіне алады. Kaspi bank-тің баспасөз қызметі осынау супер-қосымшаның істен шығуына техникалық ақау себеп болғанын ресми түрде мәлімдеді. Алайда бұл мәлімдемеге сене қоймайтындар бар екен. «Егер бұл, шынымен де техникалық ақау болса, банк іс-қимыл жоспары бар бизнестің үздіксіз үдерісін басқарудың тиімді жүйесін (ҮҚБЖ) іске қосар еді. ҮҚБЖ көмегімен кез келген ұйым маңызды бизнес-процестің өнімділігін қиындықсыз және қысқа мерзімде қалпына келтіре алады. Яғни, Kaspi қосымша жұмысын бір сағаттың ішінде қалпына келтірер еді. Өкінішке қарай, маңызды бизнес-процестердің өнімділігі жарты күннен кейін ғана қалпына келді», – дейді Telegram-дағы RiskTakers_bot командасы. Бұл топ банкке кибершабуыл жасалуы мүмкін деп те санайды екен. Сондықтан кибершабуылға қарсы тиімді киберқалқан болуы керек және оны тестілеуді тұрақты әрі жиі өткізіп тұру керек деп санайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай жағдай қайталанбауы және банктердің үздіксіз жұмыс істеуі үшін олардың барлығын қажетті рәсімдерден өтуін талап етуі қажет деген пікірде. Қаржыгерлер бүгінге дейін осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасамаған реттеушінің ұстанымын ұға алмай отыр. Ал банк секторы жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев банк мәлімдемесіне сенеді. «Сонымен бірге хакерлер шабуылы да болуы мүмкін, себебі хакерлердің бір әдеті – транзакцияларды аңдып отырады. Ал бұл банктегі транзакциялар, қаржылық операциялар өте ауқымды», – дейді ол.Екінші сауал: техақау қор биржасына қалай әсер етті?
Банк қосымшасына кибершабуыл жасалуы мүмкін деп санайтындар мұндай шабуылды банктің соңғы кезде еліміздегі екінші деңгейлі банктер рейтингінде көш бастауымен және жуырда ғана Лондон қор биржасына акциясын орналастыруымен түсіндіреді. Есте болса, 20 қазанда Лондон қор биржасындағы IPO кезінде Kaspi.kz холдингінің иелері 25,7 миллион бағалы қағазын 870 миллион долларға сатқан болатын, қосымша опция іске асырылғаннан кейін орналастырылған бағалы қағаздардың жалпы саны 29,5 миллионға, ал оның жалпы құны шамамен 1 миллиард доллардан асты. Орталық Азия және Шығыс Еуропа экономистері мен қаржыгерлері тобының Financial post Telegram каналында Kaspi.kz-тің ғаламдық депозитарлық қолхаттары Лондондағы күзгі сауда-саттықта үлкен динамика көрсете алмағанын, белсенді сауда басталғаннан кейін 20 минут өткен соң баға ұсыныстарының 1,6% -ға аздап төмендеу дерегі тіркелгенін жазды. Бірақ бұл құлдырау ұзаққа созылмаған. Ал әлгі аз ғана уақытқа құлдыраудың банк қосымшасының істен шығуына байланысы бар ма, жоқ па, айту қиын дейді. Тағы бір көңіл аударар нәрсе, шетелдік ақпарат құралдарында (Reuters, Bloomberg, Yahoo Finance және т.б.) компания жұмысына қатысты туындаған мәселе туралы еш ақпарат жарияланбаған.Үшінші сауал: басқа банктер неге халықшыл емес
Әлгінде банк қосымшасын пайдаланушылардың саны 8 миллионнан асқанын тілге тиек еттік. Ал Kaspi.kz АҚ басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе Президентпен онлайн кездесуі кезінде 42 500 теңге, кейін бір ай берілген 21 250 теңге әлеуметтік төлемінің үштен екі бөлігі Kaspi.kz арқылы өткенін айтты. Бұл банк қызметін тұтынушылардың басым үлесі аталған банкте екенін білдіреді. Әрине, еліміздегі басқа банктерде де қосымша бар, бірақ ешбірі Kaspi.kz қосымшасы сияқты танымал емес. Ал Kaspi.kz командасы 8 млн тұтынушыны бар-жоғы үш жылда жинап алды. Оған дейін бұл нарық бос тұрды. Өзге банктер бұл нарықты игеруге неге асықпады? Нұржан Бияқаевтың пікірінше, Kaspi.kz қосымша қызметін елімізде алғаш ұсынған банк. Сондықтан басқа банктер ол қызметті қайталағысы келмеді. Еліміздегі банк секторын зерделеп жүргендер әр банктің өз бағыты барын айтады. Бұл, түптеп келгенде банк өнімдерін өзара бөлісіп алу арқылы монополияның орнауына ықпал етпей ме? Қаржыгер Жалғасбек Ақболаттың пікірінше, банк секторы нарықтағы үздік ойыншының белгілі бір қызмет түрінде жалғыз болуы 28 қазандағыдай түсініксіз жағдайға алып келеді. «Әрине, егер банктердің деңгейі мен ауқымына қарасақ, нарықтың 40 пайызын жаулап алған Халық банкі топ бастауы тиіс. Алайда Kaspi bank өз өнімдерімен алға шығып кетті. Осы тұста мына нәрсенің басын ашып алу керек, Kaspi bank бар, сосын Kaspi.kz бар. Екеуінің бағыты екі басқа. Kaspi bank банк ретінде жұмыс істесе, Kaspi.kz – инновациялық жоба, яғни қаржылық құрал. Міне, осы құралды пайдаланатын қазақстандықтар өте көп. Олар өзге банктердің дәл осындай қосымшасын неге жаппай қолданбайды? Себебі Kaspi.kz басқа банктерге қарағанда ыңғайлы, тұтынушы үшін жағдай жасай алған, оларды жоғалтып алмау үшін сервисті жетілдіруден жалыққан емес. Нәтижесінде, ықпал ету диапазоны кеңейді», – дейді. Ал басқа банктерге дәл солай жұмыс істеуге не кедергі? Қаржыгердің пікірінше, Халық банкке мемлекеттің қадағалауы кедергі. Өйткені акцияның белгілі бір бөлігі мемлекетте болса, ол банктің шұғыл шешім қабылдауы қиындай береді. Сондықтан өзге банктерге эксперттер пулын құрып, көп мәселені ашық талқылау қажет. Түйін:Бізде бизнес субъектілері арасында халықтан кешірім сұрауға келгенде сараң бола қалатыны өте көп. Ал Kaspi bank қолайсыздықтар үшін кешірім сұрай алады. Тіпті, дүрбелеңде дүрмекке еріп, банк шотынан ақшасын шешіп алғысы келген клиенттеріне «қолдау білдіргендері үшін» алғыс айтты. Сөйтіп, 29 қазан мен 4 қараша аралығында Kaspi Gold және Kaspi Red арқылы Kaspi QR арқылы төлем жасаған әр клиенті үшін 5 пайыздық бонус сыйлайтынын жариялады. Мұндай қатынастан кейін қай клиент банкті тастайды дейсіз?..
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ