Зерттеу университеті – жаһандық көшбасшылыққа жол
Зерттеу университеті – жаһандық көшбасшылыққа жол
179
оқылды

Биыл құрылғанына 90 жыл толған Қазақ ұлттық аграрлық университеті 2020 жылдың 23 қазанында Үкіметтің №707 қаулысымен ұлттық зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. Осылайша, оқу орны әлемдік деңгейдегі университеттерді құрудағы 3 тәсілдің бірі – үздіктерді қолдау бағытында дамып келеді.

2010 жылдан бастап университет жо­балық басқарудың халықаралық стандарты негізінде әлемнің үздік шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталық­та­рының 13 сарапшысының қолдауымен ұлттық зерттеу университетіне транс­формациялану үрдісін бастады. 2015 жылы ҚазҰАУ Білім және ғылым министрлігінен Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің қарамағына өтті және мем­лекеттің 100 пайыз қатысуымен коммер­циялық емес акционерлік қоғамның жаңа ұйымдық-құқықтық нысанына ай­налды. Бұл оқу орнына академиялық ер­кіндік алуға, автономияға көшуге, мем­лекеттік-жеке­меншік әріптестік тетіктерін пайдалана оты­рып, өзін-өзі қаржыландыру қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік берді. Университетте халықаралық Білім хабы құрылды: академиялық ұтқырлықты дамыту, үш тілде білім беру енгізілген, 14 бағыт бойын­ша халықаралық жазғы және қысқы мек­тептер өткізілуде және басқа да жұмыстар істеліп жатыр. АҚШ, Еуропа, Тынық мұхиты айма­ғындағы беделді жоғары оқу орындарымен белсенді жұмыс атқара отырып, университет 11 қос дәреже беру бағдарламасын құра білді. ЖОО-ның барлық 105 білім беру бағдар­ламасы өзектендірілді, олар стейкхолдермен және шетелдік әріптес жоғары оқу орын­дарымен бірлесіп пәнаралық тәсілді қолдану арқылы әзірленді. Білім беру бағдарламасы халықаралық аккредиттеуден өтті. Тәжірибеге бағытталған білімгерлерді дайындау үшін тәжірибенің барлық түрлері 7 айға дейін ұлғайтылды. 2-курстан бастап агро­­құрылымдардың нақты деректерінің негізінде бизнес-жоспар әзірленуде, іргелі дайындық күшейтілді. Университеттің жұ­мыс берушілермен өзара әрекеттесуі бойын­ша жүйелі жұмысты құруға көп көңіл бө­лінеді.

Технология трансферті – басты назарда

Бүгінде университет әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен жаңа білім мен техно­логиялар трансферті негізінде үздік тәжі­рибелерді шоғырландырады және енгізеді. Оқу орнымыз өзінің инновациялық дамуын­да аграрлық мамандықтар мен орман ре­сурстары бойынша QS әлемдік рейтингінде №1 жоғары оқу орны саналатын Вагенинген (Нидерланды) зерттеу университетінің тә­жірибесін басшылыққа алып отыр. Үкіметаралық деңгейде Вагенинген университетімен «Ветеринариялық-тағам­дық қауіпсіздігі және технология», «Өсім­діктер және технологиялар туралы ғылым» білім беру бағдарламалары бойынша ма­мандарды бірлесіп даярлау туралы келісімге қол қойылды. Университетте «Вагенинген-Қа­зақстан» білім беру орталығы құрылды. Әр бағдарламаға 50 студенттен қабылдау жоспарлануда, олар елден шықпай-ақ са­палы білім алуға мүмкіндік алады. Озық технологиялар мен жаңа инно­вацияларды қолдану арқылы университет ғалымдары ғылыми жобаларды орындауда табысты нәтижеге жетуде. Зерттеу уни­вер­­ситеті ғылымның дамуына жауапты, сондық­тан ғалым мен ғылымға сұранысы жоғары өндіріс арқылы мамандарды даярлау кү­шейтілді. Университет ғалымдарының ғылыми-зерттеулері Қазақстандағы азық-түлік қауіп­­сіздігін қамтамасыз етуге, экспортқа бағдар­ланған бәсекеге қабілетті ауыл шаруа­шылығы өнімдерін шығару көлемін ұл­­ғай­туға, сон­дай-ақ 2022 жылға қарай еңбек өнімділігі деңгейін 2,5 есе арттыруға ба­ғыт­талған. Ауыл шаруашылығы министрлігі де­партаментінің (USDA, АҚШ) ұсынымы және INRA (Франция), INTA (Аргентина), EMBRAPA (Бразилия) жетекші ғылыми орталықтарының тәжірибесі бойынша уни­верситетте халықаралық Агротех­но­логиялық хаб құрылды. Оның миссиясы –агро­өнеркәсіптік кешеніндегі үздік инно­вация­лық технологиялар мен жаңа білімдерді із­дестіру, тарту және трансферттеу. Агро­хабтың құрамында: 7 ғылыми-зерттеу ин­ституты, 8 инновациялық орталық, 49 зерт­теу зертханасы бар. Оқу-тәжірибе шаруашылығында агро­тех­нопарк жұмыс істейді, онда инно­ва­ция­лық технологиялар мен техниканы Қа­зақ­станның ауыл шаруашылығы жағ­дайына бейімдеу жүргізіледі. Агротехнопарк жа­нын­да машина сынау стансасы, 75 дана ауыл шаруашылығы техникасы бар Қазақстан-Беларусь агро­инженерлік инновациялық орталығы жұмыс істейді.

Ғылым өндіріске енсе ғана пайдалы

Университет ғалымдарының ғылыми-зерттеулерінің нәтижелерін өндіріске енгізу­дің оң үрдісі байқалады. Бүгінде ғылы­ми-зерттеу жұмыстарының 10%-ы коммер­цияландырылған. Ғалымдарымыз коммер­циялық стартап-жобаларды жүзеге асыруда. Қуаты жылына 1 млн консерві болатын түйе етінен ет және ет-өсімдік консервілерін өн­діретін «Күн-Нұры» шағын зауытында тиімді жұмыс атқарылуда. Жамбыл облысында LF Company бие мен түйе сүтінен лактоферин өндіреді. Сату бағасы –1 грамм үшін 6 800 теңге. Шығындар 4 есе өтеледі. Tengry Fish ЖШС базасында балыққа арналған құрама жем (тилапия, африкалық кларий жайыны және тағы басқа) өндіру бойынша модульді цех іске қосылды. Бұл 48 млн теңге сомасына 34 тоннадан астам балықты сатуға мүмкіндік берді. Табыс  дең­гейі –75%. Жаңа сорттарды шығаруда бастапқы материалдың – генофонд коллекцияларының болуы үлкен маңызға ие. Университет ға­­лым­дары 36 ауылшаруашылық дақыл­да­­рының 100-ден астам сорттарын зерттеуде. Біз­­дің ғалымдар дүниежүзілік көкөніс өсіру орталығының (WVC) ғалымдарымен өзара әріптестік құру арқылы бірлесіп жұмыс істейді. «Көкөніс шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығында қызанақ, картоп, бұрыш, салаттың 5 бірегей сорттары шыға­рылды. Олардың өнімділігі 27-50%-ға жоға­ры. Екіжылдық көкөніс дақылдарының тұ­қым өсіру технологиясы әзірленді және ұсы­нылды, бұл тұқым өндіруге кететін шы­ғындарды орташа есеппен 25-30% төмен­детуге мүмкіндік береді.

ректор

Соңғы жылдары орман шаруашылығы саласындағы ғалымдар теректердің 7 сорты мен будандарын шығарды. Шырғанақ селек­циясы бойынша үлкен жұмыс жүргі­зілуде. Арал теңізінің құрғаған жерлерін игеру, Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы жа­байы жеміс бақтарын (Сиверс алма ағашы, кәдімгі өрік) қайтадан қалпына келтіру, Қазақстанның ірі қалаларын көгал­дан­ды­рудың тиімділігін бағалау мәселелері зерде­­леніп, тиісті басқару органдарына ұсы­ным берілді. Қазіргі уақытта Сырдария мен Жетісудың тоғайлы ормандарына зерттеулер жүргізілуде. Су проблемалары бойынша ғалымдардың ғылыми-зерттеулері ұлттық қауіпсіздікті, атап айтқанда су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. География институтының ға­лым­дарымен бірге жүргізілген зерттеу нәти­желері «Қазақстанның су ресурстары: бағалау, болжау, басқару» атты ғылыми жұ­мысқа енді. Бұл 30 томдық бірегей еңбек Қа­зақстан тарихында алғаш рет жарық көрді және ТМД елдерінде теңдесі жоқ деуге бо­лады.

Мал шаруашылығына қатысты 300-ден астам патент алдық

 Ғалымдар ауыл шаруашылығы жануар­ларының барлық түрлерінің генетикалық әлеуетін және селекциясын жетілдіру бойын­ша жұмыс жүргізуде. Мысалы, «Са­рыарқа» қылшық жүнді құйрықты қойлар тұқымы өте ерте жетілгенімен ерекшеленеді. Қозыны енесінен бөлер кезіндегі жас төлдің салмағы 40 келіге жетеді, ал жеке қозылар 4 айда 50-55 келіге дейін салмақ алады. «Орда­басы» құйрықты қой тұқымының тірі сал­мағы 110-123 келіге, аналығы 68-80 келіге, қозылар 33-43 келіге жетеді. EXPO-2017 халықаралық көрмесінде «Жас қой етін өндірудің инновациялық техно­логиялары» ғылыми жобасының нә­тижелері ұсынылды. Ғалымдар малдың 14 жаңа тұқымын шығарып, арнайы патент алды. Ветеринария саласындағы ғалымдар ауыл шаруашылығы жануарлары аурула­рының алдын алу және емдеу үшін 70-тен астам пре­парат әзірленіп, өндіріске енгізілді. Бұл ба­ғыт­­та мал шаруашылығы саласының ғалым­­дары 300-ден астам патент алып, 88 норма­тивтік құжат әзірледі. Университетте 2,5 млрд теңге сомасына 100-ге жуық зерттеу, енгізу және халықаралық жобалар іске асырылуда. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, ғалымдар 800-ден астам мақала жариялады, олардың 26% -ы Thomson Reuters және Scopus компанияларының дерекқорына кіреді. Университет – Web of Science жа­риялау қыз­меті бойынша ғылым көш­басшысы. Әл-Фараби атындағы ғылым мен тех­ника саласындағы мемлекеттік сыйлыққа 4 же­текші ғалым, 3 мемлекеттік ғылыми сти­пен­дияға, университеттің 1 жас ғалымы Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының грантына ие болды. Бұл университетте құрылған Жас зерттеушілер мектебінде жүргізіліп отырған ғылыми жұмыстардың нәтижесін көрсетеді. Қазіргі уақытта университет әлемнің 137 жетекші жоғары оқу орнымен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастықта жұмыс атқарып келеді. Университет жоғары білім және ғылым бойынша 15 халықаралық қауымдастық пен ұйымның мүшесі. Нақты ғылыми жобалар шеңберінде АҚШ, Нидерланды, Италия, Франция, Испания, Оңтүстік Корея, Малайзия, Қытай, Ресей, Беларусь және тағы басқа елдермен құрылған 18 халықаралық зерттеу орталығы жұмыс істейді. Атап айтқанда, 2010 жылы құрылған Қазақстан-Жапон инновациялық орта­лығында жануарларды генотиптеу, биома­териалға метагеномдық талдау, электронды-микроскопиялық және басқа да зерттеулер жүргізіледі. Тамақ өнімдерінің технологиясы мен сапасын зерттеу инновациялық орталығында өсімдік және жануар тектес шикізатты қайта өңдеу бойынша тамақ өнімдерін шығарудың қолданыстағы технологиялары жетілдірілуде және жаңа технологиялары әзірленуде. Тұрақты егіншілікті зерттеу орталығында ғалымдар Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығымен бірлесіп, жер­дің жай-күйіне мониторинг, ауыл шаруа­шылығы дақылдарының әлеуетті өнімділігін бағалау және басқа да зерттеу жүргізеді.

Халықаралық ынтымақтастықтың берері мол

Университет жанындағы халықаралық Вакцинология ғылыми-зерттеу орталығында М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті ин­фекциялар ұлттық ғылыми орталығымен, шетелдік серіктестермен бірлесіп – Огайо штатының университеті (АҚШ) мен Vaxine биотехнологиялық компаниясының (Ав­стра­лия) қолдауымен COVID-19-ға қарсы вакциналар жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазір зертханалық жануарларда бұлшық ет ішіне енгізуге арналған нано­эмульсиялы майлы адъювант негізінде және мұрын ішіне енгізуге арналған нанобөл­шектер негізінде екі суббірлікті вакцина сынақтан өткізілуде. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне СOVID-19-ға қарсы үміткер-вакцина ре­тінде ен­гізілген. Қазақстан-Нидерланды зерттеу орталы­ғында Dutch Fruit Solutions компаниясымен бірлесіп голландиялық технология бойынша қарқынды бақ салынды. Алма, алмұрт, қара өрік, шие, көкжидек, құлпынай, қызыл қа­рақат және аспарагустың 54 сорты отыр­ғызылды. Қазақстан-Корей зерттеу орталығында жабық топырақта ауыл шаруашылығы да­қыл­дарын өсірумен айналысатын басшы­лар мен мамандар үшін тренингтер өткізіледі. «Ақылды» жылыжай құрылысы жүргізілуде. Бұл мақсатта Корея Респуб­ликасының қорынан 1,5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылуда. Жыл сайын 450 тон­наға дейін көкөніс өндіріледі. Қазақстанның оңтүстігінде сиыр етін өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отырған америкалық Tyson Foods компаниясымен жұмыс басталды. Компанияның тап­сы­рысы бойынша университет кадрлар даяр­лайды. Австриялық «APC» компаниясымен бірлесіп «Асылтұқымды сүтті мал шаруа­шылығының Smart фермасы бар инно­вациялық ғылыми білім беру орталығы» жобасы іске асырылуда. Ғалым­дар жа­н­уарлардың, атап айтқанда ет және сүт бағы­тындағы ірі қара малдың және отандық құй­рықты қой тұқымдарының генетика­лық әлеуетін жетілдіру бойынша жұмыс жүр­гізуде. Қазақстанда 7 жыл ішінде жеміс ағаш­тарының бактериялық күйігін жұқтыру ау­қымы 40 есе кеңейді. Корнель универ­сите­тімен (АҚШ) бірлесіп микроклоналды кө­бею зертханасында бактериялық күйікке және басқа ауруларға төзімді 3 млн данаға жететін сау көшеттер алынады. Монпелье (Франция) университетімен бірлесіп ашылған референттік зертхана сүт және сүт өнімдерінің сапасын талдаумен айналысатын болады, онда ауыл кәсіпкерлері өндірілген өнімнің сапасы бойынша сер­тификат алады. SEPPIC (Франция) компаниясымен жануарларды емдеу үшін тиімді вакцина жасап, адъюванттардың тиімділігін зерттеу бойынша және Ланджоу ғылыми-зерттеу ветеринарлық институтымен (ҚХР) жануар­лардың негізгі трансшекаралық ауруларының алдын алу және олармен күресу үшін жаңа өнімдер әзірленді. Итальялық Еуро Корес Консалтинг компаниясымен бірлесіп Digital орталық базасында ауыл шаруашылығы секторын мониторингтеу мен бақылаудың ақпараттық цифрлы жүйесі құрылады. Су ресурстарын тиімді басқару мәселе­лерін шешу үшін Қазақстан мен Орталық Азия су ресурстары бойынша ғалымдардың күш-жігерін біріктіру мақсатында АДБ және Мичиган штатының университетімен (АҚШ) бірлесіп Халықаралық зерттеу орта­лығы – 14 заманауи зерттеу зертханалары бар Су хабы ашылды. Жер және Климаттық хабтар құрылуда. Жыл сайын өткізілетін «қорытынды» халықаралық Агротехнологиялық саммит тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңына ай­налды, оның жұмысына әлемнің жетекші ел­­дерінің жетекші ғалымдары, білікті сарап­шылары, тәжірибелі мамандар қатысады. 2019 жылғы желтоқсанда өткен саммит жұ­мысына әлемнің 30 елінен 250 сарапшы-ға­лым­дар қатысты. Осы жылдың желтоқсан айында V Агросаммит онлайн режимінде өтеді. 10 жылдық трансформация нәтижесінде оқу орнымызға ұлттық зерттеу университеті мәртебесінің берілуі – ұжымға жаңа міндет жүктейді. Келесі кезең – мықты басшы­лық­ты, миссия мен мақсаттарға нақты көз­қа­расты, сондай-ақ ұйымдасқан саясатты, жаңа ережелер мен рәсімдерді қажет ететін әлемдік деңгейдегі зерттеу университетін құру. Жүйелі жұмыс нәтижесінде университет 9 халықаралық және ұлттық рейтингте лайықты орынға ие болды. Өткен жылы университет үлкен серпіліс жасап, 60-сатыға көтеріліп, 591-орынға шықты. Мақсаты – 2024 жылға қарай QS-400 рейтингі бар әлем­дік деңгейдегі университет болу.

Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректор, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик