Қарағанды облысында қайық пен катер шығарылады. Өндірістік аймақта су шаруашылығы жақсы дамыған. Облыс орталығына жақын ауылда жылына 5 тоннаға дейін жоғары сапалы балық пен қара уылдырық өндіріледі.
«Қарағанды шағын кеме жасау верфі» ЖШС жылына 60 кеме шығарады. Құтқарушыларға, табиғат қорғау қызметтеріне, сондай-ақ көліктік бақылау инспекциясына арналған су көліктерін дайындайтын кәсіпорынның ашылғанына – 7 жыл. Ресейлік жеке тұлғалар да компанияда жасалған өнімдерді сатып алуда. Қарағанды қаласындағы Федоров су қоймасы – кеме жасауға таптырмас орын. Компания қайықтарды АМг-5м маркалы коррозияға қарсы алюминий қорытпасынан жасайды. Ал палуба ылғалға төзімді тақтайдан әзірленеді. Өзге жабдықтар Қытайдан, Еуропадан және Жапониядан жеткізіледі. Бүгінде өндірісте 15 адам жұмыспен қамтылған.– Біз өндірісті ұлғайтып, модельдік қатарымызды кеңейткіміз келеді. Қайықтарымызды ыңғайлы етуге тырысамыз. Патрульдеу үшін оларды радармен және түрлі электроникамен жабдықтауға болады, – дейді «Қарағанды шағын кеме жасау верфі» ЖШС коммерциялық директоры Александр Дворянчиков.Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек отандық бизнесті қолдау үшін кәсіпорынға арнайы барып, нақты жоспарларымен танысып қайтты.
2013 жылдан бастап Федоров су қоймасында Қазақстан мен Ресейдің құтқарушылары және қорықтар мен су патрульдері үшін жылына 60-қа жуық шағын қайықтар шығарылады. Алдағы уақытта шығарылатын өнімнің түрлерін көбейту жоспарланып отыр, – дейді аймақ басшысы.Жалпы, облыс аумағында Нұра-Сарысу, Балқаш-Алакөл, Есіл, Ертіс және Тобыл-Торғай секілді бес су бассейндері орналасқан. Жергілікті маңызы бар 127 және республикалық маңызы бар үш балық шаруашылығы су айдыны бар. Аймақта тұқы, сазан, мөңке, торта, алабұға, табан, аққайран, қарға, көксерке, жайын, шортан секілді балықтың 11 түрі өсіріледі. Келешекте Премьер-Министр Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес, балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы әзірленбек.
– Біздің өңір бекірені тауар түрінде өсіруге қолайлы. Қазақстанда аквамәдениетті, тауарлық бекіре өсіруді дамытқымыз келеді. Біз ғылыми жобаларға кеңес беруге және оларды сүйемелдеуге, балықтандыруға ықпал етуге дайынбыз. Тәжірибемізбен де бөлісуге ықыластымыз, – дейді компания директоры Дмитрий Абильдин.Кәсіпорын ЕАЭО және Таяу Шығыс елдеріне экспортқа шығуды жоспарлап отыр.
– Биылғы жылы біз акваөнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру үшін инвестсубсидияларды ұлғайттық. Бұл компанияларға жаңа жабдықтар мен техника сатып алуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс басшысы Жеңіс Қасымбек.Ірі өндіруші және қайта өңдеуші кәсіпорынның бірі – «Балқаш балық» ЖШС. Оның өнімдері шетелде танымал. Кәсіпорын жарты жыл ішінде 70 тоннаға жуық өнім экспорттады. Саланың әлеуеті зор. Қазан айында Балқаш көліне бір уақытта 353 мың тұқы шабағы жіберілді. Соңғы жылдар ішіндегі бұл – рекордтық көрсеткіш. Шабақтар Тараз қаласынан аэраторлармен жабдықталған үлкен ыдыстарда жеткізілді. Шабақтарды суға жіберерде көлдегі ең қолайлы орын таңдалады.
– Балқаш көлі – бірегей су қоймасы. Мұнда кәсіби балық аулау мен әуесқойлық аулау белсенді жүреді. Балық қоры таусылмауы үшін оларды үнемі толтырып отыру қажет. Мемлекет басшысы балық саласын дамыту міндетін қойып отыр, сондықтан балық шаруашылығын молайту ерекше назарда, – дейді Қарағанды облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Абай Әлжанов.Биоалуантүрлілікті сақтау үшін су айдындарына балық жіберу, оларды паспорттау жыл сайын жүргізіледі. Облыста 2030 жылға дейін жылына 1 200 тоннаға дейін балық аулау, 230 тоннаға дейін балық түрлерін өсіру көзделген.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы