Әкімдік енді футзалды қаржыландырады
Әкімдік енді футзалды қаржыландырады
253
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласында тұңғыш рет футзалдан жаңа кәсіби клуб құрылды. Жергілікті спорт басқармасының таратқан мәліметінше,  клуб Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен дүниеге келген. 21 қазан күні клубтың ресми таныстырылымы өтті.

Бұған дейін Қа­зақ­стан чем­п­ионатында 8 команда бақ сынаса, алдағы мау­сым­нан бастап олардың саны тағы бір командаға артады. Жаңадан құрылған клуб биыл Қазақ­стан ку­богы мен ел чемпионатына қатысады. Қала атауымен аттас кә­сіпқой команда құрамында бүгінде 14 ойыншы бар.  Клуб басшылығы Ресейдің 5 ойын­шысымен ке­лісім­шартқа отыр­ғанын мәлімдеді. Олардың арасында Түмен командасының түлегі Денис Брызгалин де бар. Екі жігіт Саратовтан кел­се, біреуі Новосібірдің «Си­биряк» командасында жат­тыққан. Қақпаны Қазақстан құ­рамасының екінші нөмірлі қақ­пашысы Григорий Шомро қор­ғайды. Жаттықтырушылар штабы тә­жірибелі ойыншыға үміт артпақ. Шомроға жас ойын­шы Ринат Умешев те бәсекелес бо­луға тырысады. Nur-Sultan сапында доп те­бетін жігіттердің көбі 21-24 жасқа енді тол­ған аяқ­допшылар. Біразы кәсіби лига жа­рысына бірінші рет қа­тысқалы отыр. Олар­дың ара­сында Айдын Мұстахимов пен Бауыржан Нұраждаров та бар. Бұл ойыншылар бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматының әуес­қойлар лигасында доп тепкен. Енді міне жаңа клуб құрылған тұста кәсіби лигада ой­науға мүм­кіндік алды. – Соңғы бірнеше жылдан бері астанамызда кәсіби коман­да болған жоқ. Небәрі екі-үш айдың ішінде Nur-Sultan атты клуб құрылып, үш аптада ко­манда құрамы жасақталды. Ел­ордадағы 50-ден аса әуесқой командадан таңдаулы 14 ойыншы іріктеліп алынды. Ресейден де футзал шеберлері келді. Бас бапкер Владимир Кравченко – тәжірибелі маман. 15 жылға жуық уақыт Қарағандының «Тұлпарында» еңбек етті. Ел чемпионатында кубок иегері атанып, бірнеше мәрте күміс жүлдегер атанды. Жеңіске жету жолын біледі. Кравченкоға Нұржан Әбдірасылов көмектесе­ді. Әуесқойлар арасында көз­ге түскен ойыншы, қазір бап­кер­лік қызметке бет бұрды. Әбдірасыловтың қабілеті Крав­ченкоға жақсы таныс. Енді екеуі жаңа футзал клубын жаңа белестерге жетелейді деп үміт­тенемін, – дейді спорт журналисі Қанат Базылхан. Ал Nur-Sultan кәсіпқой клубының негізін салушы Оралбай Жақсымбетов команда құру Президенттің бұқаралық спортты насихаттау туралы тапсырмасынан кейін жүзеге асқанын, клуб балалар мен жасөспірімдерге спортпен шұғылдануға жол ашып, кәсіпқой спортшы болуға мүмкіндік беретінін айтты. фудзал – Статистика бойынша, бүгінде елорда­да мини-фут­болмен 70 мыңнан аса бала шұ­ғылданады. Сондай-ақ 100-ге жуық жеке­меншік және мемлекеттік клубтар мен фут­бол мектептері жұмыс істеуде. Бұл – үл­кен аудитория. Одан бөлек, қалада ересек ко­мандалардың лигасы бар. Елорданың өзінде 6 лига бар. Шағын-футболдан өтетін жарыста осы 6 лига аясында 56 команда тіркелді. Бірақ кәсіби түрде айналысатын команда жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Нұр-Сұлтан футзал клубы  құрылды. Клубтың жалпы бюджеті 150 миллионның шамасында. Ол, салыстырмалы түрде есептесек, бір футзал клубы үшін көп қаржы емес. Клуб бүгінде «Инвест Глобал Сервис» компаниясы есебінен қаржыландырылып отыр. Үш айдың ішінде 70 миллионның шамасында қаржы жұмсадық. Жергілікті әкімшілікпен де келіссөз жүргіздік. Мен өз жо­бамды таныстырып, клубтың ке­ле­шекте қалай дамитыны жө­нінде жеке жос­парымен де бө­лістім. Әкімшіліктегілер 2021 жыл­дың қаңтар айынан бастап бізді қаржылай қолдайтынын айтты, – дейді клубтың негізін салушы маман. Ол сонымен қатар келешекте балалардың футбол ойнауына жағдай жасау үшін футбол ма­нежін салғысы келетінін, ма­неж балалардың игілігі үшін пай­далануға берілетінін тілге тиек етті. Клуб қожайынымен әң­гіме барысында Оралбай Жақсым­бетовтің футзал клубтары­ның құрамында қазақтың қара домалақ ба­лаларының көптеп өнер көрсетуіне үлес қосқысы келетінін аңғардық. Сұхбат беруші сөзінің соңын «Жас жеткіншектердің талантын шыңдау, оны көпшілікке та­ныс­тыру – біздің міндетіміз. Қа­зақстан біріншіліктерінде, Еуропа чемпионаты секілді ірі жарыстарда қазақтың жастары өнер көрсетсе, біз үшін жетістік сол болмақ» деп аяқтады. Бүгінгі таңда елімізде «Қайрат» футзал клубының шоқтығы биік екенін көпшілігі жақсы біледі. Соңғы онжылдықта бас бәйгені ешкімге ұстатпаған алматылық команда кәрі құрлықтың айтулы додасы Чемпиондар Лигасында да атой салып жүр. «Қайрат» құрлық додасында топ жарып, жыл сайын үздіктер қатарынан көрінеді. Биыл да аталған ұжым алдарына жоғары мақсат қойды. Қорыта айтқанда, «Қайрат­тың» жетіс­тігімен Қазақстан футзалы халықаралық аренаға танылды. Ұлттық құрамамыз да әлемдік рейтингте төртінші орында тұр. Елімізде футболмен салыстырғанда футзал­дың даму қарқыны жоғары. Әсіресе, әуес­қойлар арасында шағын-футболды серік ететін жастар көп. Сондықтан футзал бұқара­лық сипатта дамыса, ұлт денсаулығына да оң әсер етеді. Қазақстанда саламатты өмір салтын серік ететін жастар қатары көбейеді. Олардың кәсіби өсуіне Nur-Sultan секілді клубтар жол аша түспек. Алдағы уақытта жаңадан құрылған кәсіби клуб балаларға арналған футзал академиясын ашуды басты жоспарына енгізген. «Команда құрудағы мақсат – бұқаралық спортты футзал ар­қылы дамыту», – дейді жауапты мамандар. Біз өз кезегімізде Nur-Sultan футзал клубы ел­ордадағы балалар мен жасөспірімдердің кәсіби футзалшы боламын деген арманына мүмкіндік сыйлайтын трамплинге айналсын деген тіле­гімізді білдірдік.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ