Нұр-Сұлтан қаласында тұңғыш рет футзалдан жаңа кәсіби клуб құрылды. Жергілікті спорт басқармасының таратқан мәліметінше, клуб Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен дүниеге келген. 21 қазан күні клубтың ресми таныстырылымы өтті.
Бұған дейін Қазақстан чемпионатында 8 команда бақ сынаса, алдағы маусымнан бастап олардың саны тағы бір командаға артады. Жаңадан құрылған клуб биыл Қазақстан кубогы мен ел чемпионатына қатысады.
Қала атауымен аттас кәсіпқой команда құрамында бүгінде 14 ойыншы бар. Клуб басшылығы Ресейдің 5 ойыншысымен келісімшартқа отырғанын мәлімдеді. Олардың арасында Түмен командасының түлегі Денис Брызгалин де бар. Екі жігіт Саратовтан келсе, біреуі Новосібірдің «Сибиряк» командасында жаттыққан. Қақпаны Қазақстан құрамасының екінші нөмірлі қақпашысы Григорий Шомро қорғайды. Жаттықтырушылар штабы тәжірибелі ойыншыға үміт артпақ. Шомроға жас ойыншы Ринат Умешев те бәсекелес болуға тырысады. Nur-Sultan сапында доп тебетін жігіттердің көбі 21-24 жасқа енді толған аяқдопшылар. Біразы кәсіби лига жарысына бірінші рет қатысқалы отыр. Олардың арасында Айдын Мұстахимов пен Бауыржан Нұраждаров та бар. Бұл ойыншылар бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматының әуесқойлар лигасында доп тепкен. Енді міне жаңа клуб құрылған тұста кәсіби лигада ойнауға мүмкіндік алды.
– Соңғы бірнеше жылдан бері астанамызда кәсіби команда болған жоқ. Небәрі екі-үш айдың ішінде Nur-Sultan атты клуб құрылып, үш аптада команда құрамы жасақталды. Елордадағы 50-ден аса әуесқой командадан таңдаулы 14 ойыншы іріктеліп алынды. Ресейден де футзал шеберлері келді. Бас бапкер Владимир Кравченко – тәжірибелі маман. 15 жылға жуық уақыт Қарағандының «Тұлпарында» еңбек етті. Ел чемпионатында кубок иегері атанып, бірнеше мәрте күміс жүлдегер атанды. Жеңіске жету жолын біледі. Кравченкоға Нұржан Әбдірасылов көмектеседі. Әуесқойлар арасында көзге түскен ойыншы, қазір бапкерлік қызметке бет бұрды. Әбдірасыловтың қабілеті Кравченкоға жақсы таныс. Енді екеуі жаңа футзал клубын жаңа белестерге жетелейді деп үміттенемін, – дейді спорт журналисі Қанат Базылхан.
Ал Nur-Sultan кәсіпқой клубының негізін салушы Оралбай Жақсымбетов команда құру Президенттің бұқаралық спортты насихаттау туралы тапсырмасынан кейін жүзеге асқанын, клуб балалар мен жасөспірімдерге спортпен шұғылдануға жол ашып, кәсіпқой спортшы болуға мүмкіндік беретінін айтты.
– Статистика бойынша, бүгінде елордада мини-футболмен 70 мыңнан аса бала шұғылданады. Сондай-ақ 100-ге жуық жекеменшік және мемлекеттік клубтар мен футбол мектептері жұмыс істеуде. Бұл – үлкен аудитория. Одан бөлек, қалада ересек командалардың лигасы бар. Елорданың өзінде 6 лига бар. Шағын-футболдан өтетін жарыста осы 6 лига аясында 56 команда тіркелді. Бірақ кәсіби түрде айналысатын команда жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Нұр-Сұлтан футзал клубы құрылды. Клубтың жалпы бюджеті 150 миллионның шамасында. Ол, салыстырмалы түрде есептесек, бір футзал клубы үшін көп қаржы емес. Клуб бүгінде «Инвест Глобал Сервис» компаниясы есебінен қаржыландырылып отыр. Үш айдың ішінде 70 миллионның шамасында қаржы жұмсадық. Жергілікті әкімшілікпен де келіссөз жүргіздік. Мен өз жобамды таныстырып, клубтың келешекте қалай дамитыны жөнінде жеке жоспарымен де бөлістім. Әкімшіліктегілер 2021 жылдың қаңтар айынан бастап бізді қаржылай қолдайтынын айтты, – дейді клубтың негізін салушы маман.
Ол сонымен қатар келешекте балалардың футбол ойнауына жағдай жасау үшін футбол манежін салғысы келетінін, манеж балалардың игілігі үшін пайдалануға берілетінін тілге тиек етті.
Клуб қожайынымен әңгіме барысында Оралбай Жақсымбетовтің футзал клубтарының құрамында қазақтың қара домалақ балаларының көптеп өнер көрсетуіне үлес қосқысы келетінін аңғардық. Сұхбат беруші сөзінің соңын «Жас жеткіншектердің талантын шыңдау, оны көпшілікке таныстыру – біздің міндетіміз. Қазақстан біріншіліктерінде, Еуропа чемпионаты секілді ірі жарыстарда қазақтың жастары өнер көрсетсе, біз үшін жетістік сол болмақ» деп аяқтады.
Бүгінгі таңда елімізде «Қайрат» футзал клубының шоқтығы биік екенін көпшілігі жақсы біледі. Соңғы онжылдықта бас бәйгені ешкімге ұстатпаған алматылық команда кәрі құрлықтың айтулы додасы Чемпиондар Лигасында да атой салып жүр. «Қайрат» құрлық додасында топ жарып, жыл сайын үздіктер қатарынан көрінеді. Биыл да аталған ұжым алдарына жоғары мақсат қойды.
Қорыта айтқанда, «Қайраттың» жетістігімен Қазақстан футзалы халықаралық аренаға танылды. Ұлттық құрамамыз да әлемдік рейтингте төртінші орында тұр. Елімізде футболмен салыстырғанда футзалдың даму қарқыны жоғары. Әсіресе, әуесқойлар арасында шағын-футболды серік ететін жастар көп. Сондықтан футзал бұқаралық сипатта дамыса, ұлт денсаулығына да оң әсер етеді. Қазақстанда саламатты өмір салтын серік ететін жастар қатары көбейеді. Олардың кәсіби өсуіне Nur-Sultan секілді клубтар жол аша түспек. Алдағы уақытта жаңадан құрылған кәсіби клуб балаларға арналған футзал академиясын ашуды басты жоспарына енгізген. «Команда құрудағы мақсат – бұқаралық спортты футзал арқылы дамыту», – дейді жауапты мамандар. Біз өз кезегімізде Nur-Sultan футзал клубы елордадағы балалар мен жасөспірімдердің кәсіби футзалшы боламын деген арманына мүмкіндік сыйлайтын трамплинге айналсын деген тілегімізді білдірдік.
Абылайхан ЖҰМАШ