Қандай маска вирустан жақсы қорғайды?
Қандай маска вирустан жақсы қорғайды?
140
оқылды

Шетелдік зерттеушілер тобы вируспен күресте қандай материалдан жасалған масканың әсері мықтырақ екенін зерттеді. Кембридж универ­ситетінің ғалымдары маска жасалатын барлық материал түрін зерттеп шыққан. Нәтижесін сіздермен бөліскенді жөн көріп отырмыз.

Материалдың қаншалықты әсерлі еке­нін олар 0,02-ден 0,1 микрометр өлшемді ұсақ бөлшектерді фильтрлеу арқылы анық­таған. Нәтижесінде қарапайым күн­делікті маталардың дәл медициналық мас­калардыкіндей әсері бар екені белгілі болған. Бірақ медициналық қорғаныш маскалары арқылы ауа жұту әлдеқайда оңай. Одан бө­лек, материалдар тиімділігін ылғал кезде де сақтайтыны анықталып отыр. Яғни, бір жуып алғаннан кейін де әсері кемімейді деседі. Дегенмен солай екен деп бір масканы мәңгі бақи тағып жүре беруге болады деп ойламаған жөн. Оны ауыстырып отыру қажет. Бұған дейін америкалық ғалымдар мате­риалдардың әсеріне байланысты рейтингті жариялаған болатын. Әлемнің 194 елінде жа­салған алдын ала анализ нәтижесінде мас­ка тағуды міндеттеп, қатаң режим ұс­тан­ған елдерде адам өлімі аз болғаны бел­гілі болып отыр. N99 және N95 типіндегі меди­циналық маскалар  вирус бөлшектерін филь­трлеуде ең мықты маска түрі екені анықталды. Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, бұл маскалар жұғу қаупін 94-99 пайызға азайтады екен. Сонымен бірге бетке жабысып тағылатындықтан, бөлшектердің енуіне мүмкіндік бермейді. Бұдан кейінгі орында хирургиялық маскалар тұр. Олар жіптер мен талшықтардан жасалады. Ал оларды байланыстыру үшін механикалық өңдеу жүргізіледі. Егер үйден өзіңіз жасағыңыз келсе, гибрид маскалар қолайлы. Ол үшін мақта мата өте ыңғайлы. Одан басқа жібек, шифон, фланельден де тігілген маскалар жақсы деген байлам жасалып отыр. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы үш қабаттан тұратын, ортасында фильтрі бар маскаларды тағуға кеңес береді.

Жадыра АҚҚАЙЫР