Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеттің көмегімен Грузиядан «БТА банкі» АҚ-ның бұрынғы басқарма мүшесі – басқарушы директоры Асылмұрат Рамазановты экстрадициялады.
«Ол 249 млрд теңгеден астам сомаға БТА банкінің активтерін Мұхтар Әбілязовтың ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастығы мүшелерімен бірлесіп ұрлағаны үшін іздестірілген болатын. Қылмыстық жауаптылықтан жалтару мақсатында Рамазанов Қырғызстан азаматының жалған төлқұжатын пайдаланып, Грузия аумағында жасырынып жүрген», - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.Қазақстандық құқық қорғау органдары қызметкерлері грузин әріптестерімен үйлесімді жұмысының арқасында оны Грузия Ішкі істер министрлігі ұстады. Қазір Рамазанов Алматы қаласы тергеу изоляторына қамалды. Еске сала кетейік, 20 қазанда Қырғызстан азаматы ретінде жалған құжатпен жүрген Мұхтар Әблязовтың қылмыстық қоғамдастықтағы тағы бір сыбайласы, Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадицияланған Рүстем Ибрагимовке қатысты айыптау үкімі шығып, ол 5 жылға сотталды.