Архимед комсомолды аңсай ма?
Архимед комсомолды аңсай ма?
141
оқылды

Қостанай көшелерінде ретро машиналар шеруі өтті. Бұл – комсомолдың 101 жылдық мерейтойына арналған іс-шара. Коммунистік партияның об­лыс­тық комитетінің бірінші хатшысы Асқар Өмірзақов шараны ұрпақтар сабақ­тас­тығына балап, дәстүр мен ел тарихын сақтау үшін ұйымдастырғанын ай­тыпты.

Шара алдында арнайы хабарландыру таратылған. Комсомолдың мерекесіне дайындық жасағаны көрініп тұр. Өйткені аты айтып тұрғандай, бұл – ретро стильді шара. Бұрынғы мерекені еске алып, ескі машина мінгендеріне таңданасың. Шеруді ұйымдастырған Қазақстан Коммунистік халық партиясы екен.

Қызыл ту, қызыл машина, ком­сомолды еске салатын әртүрлі төсбелгілер. 29 қазан күнгі қала көрінісі осындай күйде. Қос­танай құдды бір сол заманға оралған тәрізді. Қала тұрғын­дары ретро машина­лардың жанында қызыға суретке түсіп­ті. Бұрынғылар тамсанып, жас­тар байыбына бармаған болар.

Ретро шеру Жеңіс саябағы­нан басталды. Онда Ленин ескерткішіне гүл шоқтары қо­йылды. Содан кейін маши­на­лар алғашқы тың игерушілердің ескерткішіне, қаланың орта­лық көшелерінен өтіп, «Ша­ғала» жағалауына тоқтады.

Коммунистік партияның облыстық комитетінің бірінші хатшысы Асқар Өмірзақов ретро шерудің мақсаты – ұр­пақтар сабақтастығы екенін атап өтті.

Kstnews.kz мәліметі бо­йынша, Виктор Лосев есімді тұрғын «Бұл – біздің тари­хы­мыз, оны ұмытуға болмайды. Сол уақыттың патриоттық ру­хын ұмыту мүмкін емес. Бізге сол шақтың үздік дәстүр­лерін алу керек» деп пікір білдірген. Тұрғындардың бұл көзқара­сынан өткенді «аңсап» жүргені білінеді. Патриот болу заманға емес, адамға байланысты еке­нін ұмыт қалдырған сыңайлы.

Ленин бейнеленген қызыл туды құшақтап суретке түскен жастардың қызық қуғаны бел­гілі. Бейбіт заманда ескі сар­қыншақты еске түсірген шара ұйымдастырушыларының бұл ісіне не дерсің? Қостанай бұл мерекені бұрыннан тойлап келеді. Осыдан 11 жыл бұрын Пионер сарайында кішігірім оркестрмен салтанатты кеш бергені есімізде. Өткен жылы комсомолдың 100 жылдығын да «лайықты» дәрежеде кеңінен өткізді. Биыл да сақадай-сай дайындалыпты. Олар сонда тәуелсіздік алғанына 28 жыл толған елде ескінің жұрнағын әспеттей ме? Елбасының «Ру­хани жаңғыру» идеясын қос­танайлықтар жете түсінбеген тәрізді. Мәңгілік ел атанамыз дегенде мәңгілікке комсомол­ды «сүйетіндер» мән бермейтін сияқты. Үрдістің жалғасқанына қарағанда облыс әкімінің үндемейтіні байқалады. Әлде, ол да комсомолды аңсай ма екен?


Айбике ЖАНАСЫЛ