Сайлауға дайындық барысы пысықталды
Сайлауға дайындық барысы пысықталды
185
оқылды

Орталық сайлау комис­сиясы алдағы сайлауға дайын­дық барысын пы­сық­тауда. Жуырда осы мақсатқа арналған жиын өтті. Бас­қо­суға саяси партия өкілдері, орталық мем­ле­кеттік орган, қоғамдық бірлестік өкілдері, электораттық оқыту серік­тестерінен жоғары оқу орын­дарының басшылары, бей­неконференцбайланыс ре­жимінде аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн ре­жиміндегі бұқаралық ақ­парат құралдарының өкілдері қа­тысты.

­Жиында 2021 жылғы 10 қаң­­тарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лісінің және мәсли­хаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі науқан кезінде сайлау ко­мис­сия­лары мүшелері мен сайлау про­цесіне басқа да қатысушыларды оқытуды ұйымдастыру және сайлау өткізу кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері тал­қы­ланды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған Ор­талық сайлау комиссиясының хат­­шысы Сабила Мұстафина  сай­лау­­­-а­ра­лық кезеңде Орт­сай­лауком қыз­меті екі бағытта шоғыр­лан­ға­нын айтты. Атап айт­қанда, үз­діксіз элек­­торалдық оқыту ар­қылы 2019 жылғы қаңтардан бастап тұ­рақты кәсіптік негізде жұмыс іс­тейтін аумақтық сайлау комис­сиялары мүшелерінің кәсібилік деңгейін арттыру және оқу-әдіс­темелік кешендер мен оқыту ма­териал­дарын әзірлеу ұдайы назарда бол­ған. Биылғы электоралдық оқы­тудағы Жол картасы шеңберінде Ортсайлауком республикалық және өңірлік деңгейлерде сайлау процесіне қатысушылардың әр­түрлі нысаналы санаттарынан 1 000-нан астам адамды қамти оты­рып, 24 оқыту іс-шараларын (дә­рістер, семинарлар, тренингтер, вебинарлар) өткізді. Сайлау қарсаңында, биыл қыр­күйек-қазан айларында ау­мақтық сайлау комиссияларын тереңдетіп даярлау үшін ОСК ап­паратының мүшелері мен қыз­меткерлерінің өңірлерге шығуы арқылы аймақ­тарда бірқатар оқыту семинарлары өткізілді. Сәбила Мұстафина сайлау про­­цесі саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, ком­мерциялық емес ұйымдардың өкіл­­дері, сенім білдірілген адамдар, байқаушылар, БАҚ өкілдері сияқты түрлі субъектілер мен қа­тысушылар санаттарын бірік­тіретінін атап өтті. Ал сайлау өткізу кезінде мүм­кіндіктері шектеулі аза­мат­тардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері туралы баяндаған Орт­сайлауком мүшесі Ерлан Дауыл­баев БҰҰ-ның Мүгедектердің құқық­тары туралы Конвенциясын іске асыру мақсатында 2017 жылы Орт­сайлауком жанынан мүге­дектердің сайлау құқықтарын қам­тамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы құрылғанын айтты. Бүгінгі таңда жұмыс тобы­ның құрамы жаңар­тылып, оған мүше 15 адамның 9-ы Мүге­дек­тердің қоғамдық бір­лес­тік­терінен тартылған. Баян­дама­шы­ның сө­зіне қарағанда, 2019 жылдың қаңта­рында сайлау ко­миссия­ларының құрамын қалып­тастыру кезінде қоғамдық бірлес­тіктердің ұсынысы бойынша 455 мүмкіндігі шектеулі азамат комис­сия мүшесі болып сайланды. Оның ішінде 6 адам облыстық, 12 адам – қалалық және аудандық, 432 адам учаскелік сай­лау комиссияларының құра­мына енді. Алдағы сайлау науқанына дайын­­дық аясында маусым айында 10 048 сайлау учаскесіне түгендеу жүргізілді. Нәтижесінде, сайлау учаскелерінің 95,6 пайызы немесе 9 606-сы бірінші қабаттарда орна­ластырылғаны, сайлау учас­келе­рінің 83,6 пайызында (8 113 нысан) ғимаратқа кіреберісте пан­дустар бар екені белгілі болды. Бұл ретте олардың 79,8 пайызының (6 473 нысан) құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетіні анық­талды.Сонымен қатар барлық сай­лау учаскесінің 72 пайзында (6 889 нысан) ғимаратқа кіреберісте ар­найы тұтқалар бар. Алайда сайлау учаскелерінің тек 37 пайызында (3 597) ғимаратқа кіреберісте так­тильді көрсеткіштер орналас­ты­рылған, ал 29 пайызында (2 832 учаске) олар дауыс беруге арналған үй-жайларда орналасқан. 372 сай­лау учаскесінде немесе барлық учаскелердің 4 пайызында арбамен жүретін мүгедектер үшін арнайы лифттер бар. Бір сөзбен айтқанда, сайлау учаскелерінің басым көп­шілігінде мүмкіндігі шектеулі дауыс берушілерге ыңғайлы жағдай азды-көпті жасалып отыр. Де­генмен Ор­талық сайлау комиссиясы жер­гілікті атқарушы органдарға әлі де бірқатар мәселелерді шешу жөнінде ұсыныс беріпті. Атап айтқанда, сайлау учаскелері төңірегінде авто­көлікке арналған тұрақтар, тая­ныштар, пандустар, төсемдер, есіктердің кең ойықтарын, лифті­лер, тактильді көрсеткіштер әзірлеу, жасырын дауыс беруге арналған арнайы құралдармен қамтамасыз етуді атқарушы органдар мойнынан алуы керек. Одан бөлек, саңырау және құлағы есту жүйесінде мү­кістігі бар сайлаушылар көбірек дауыс беруге қатысуы мүмкін екені болжанған сайлау учаскелерінде жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің көме­гімен сурдоаудармашылар, тифло­сурдо-аудармашылар тарту жағы да қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстан Ор­талық сайлау комиссиясы мен қоғамдық ұйымдар арасында: «Қазақстан мүгедектер кон­фе­де­рациясы» республикалық қоғам­дық бірлестігі, «Қазақ саңыраулар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақ соқырлар қоға­мы» қоғамдық бірлестігі, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі арасында мүм­кіндігі шектеулі азаматтардың сай­лау құқықтарын іске асыру мә­селелері бойынша ынты­мақ­тастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

А.СҰЛТАН