Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатты
Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатты
130
оқылды

Елордадағы Достық үйінде мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдеріне арналған байқау өтті. Өйткені Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн екенін айта келе, қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауды жүктеген. Соның билік білетін бір жолы – байқау өткізіп, марапаттау.

– Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз ке­рек. Оларды Парламентке, өкі­летті органдарға сайлап, мем­лекеттік қызмет жүйесіндегі жо­ғары лауазымдарға тағайындап, мем­лекеттік наградалармен ма­ра­паттап отырғанымыз дұрыс. Мұн­дай азаматтар қазақ тілінің дең­гейін ұлтаралық қолданыс дә­режесіне көтеруге көмектеседі, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының сөзін не­гізге ала отырып, әрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жыл сайынғы «Тіл – достықтың алтын көпірі» атты байқауын өткізді. Іс-шара санитарлық нормаға сәйкес өтті. Сайысқа елордалық ҚХА-ның этномәдени бірлестіктері қа­тысты. Атап айтқанда, Қазақстан ұй­ғырларының республикалық этно­мәдени орталығының фи­лиалы, «Таң» татар-башқұрт этно­мәдени орталығы, «Юнчи» дүн­ген этномәдени орталығы, «Жай­хун» қарақалпақ этномәдени бір­лестігі, «Лад» республикалық слав­ян қозғалысының астаналық филиалы және «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы се­кілді қоғамдық бірлестіктер өкіл­дерін бәйгеге қосты. Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар қазақтың «Көрім­дік беру», «Сүйінші сұрау», «Шашу» дәстүрлерін көрсетті. Екін­ші кезеңде конкурсанттар көрер­мендер назарына «Қазақстан халқы Ассамблеясындағы этномәдени орталықтың маңыздылығы» немесе «Тіл – достықтың алтын көпірі» тақырыбында бейнероликтерін ұсынды. Бұл кезеңде қазылар алқасы этномәдени бір­лестік­термен жақынырақ танысуға мүм­кіндік алды. Үшінші кезеңде қа­тысушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Бұл байқау жыл сайын «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткізіледі. Не­гізгі мақсат – мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын насихаттау. Байқау қорытындысы бойын­ша 1-орынды «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі, 2-орынды «Юнчи» дүнген этномәдени ор­та­лығы, 3-орынды Қазақстан ұйғыр­ларының республикалық этно­мәдени орталығының филиалы иеленді. Қынжылтатыны, мұндай кон­курстарға көбіне түбіміз бір түр­кі немесе діндес мұсылман этно­старының ынта-ықыласы ба­сым. Тіл конкурстарында не­гізінен жеңетін де солар. Егер орыс, украин секілді славян этно­старының өкілдері көбірек қа­тысса, олар қазақ тілін үйренуге құл­қы бар екенін, әрі тілді үйре­нуге болатынын көрсете мұндай байқаудың муль­типликативтік тиімділігі зор болар ма еді.

Ерік ЕРДЕНОВ