Елордадағы Достық үйінде мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдеріне арналған байқау өтті. Өйткені Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн екенін айта келе, қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауды жүктеген. Соның билік білетін бір жолы – байқау өткізіп, марапаттау.
– Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының сөзін негізге ала отырып, әрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жыл сайынғы «Тіл – достықтың алтын көпірі» атты байқауын өткізді. Іс-шара санитарлық нормаға сәйкес өтті. Сайысқа елордалық ҚХА-ның этномәдени бірлестіктері қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының филиалы, «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығы, «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы, «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі, «Лад» республикалық славян қозғалысының астаналық филиалы және «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы секілді қоғамдық бірлестіктер өкілдерін бәйгеге қосты. Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар қазақтың «Көрімдік беру», «Сүйінші сұрау», «Шашу» дәстүрлерін көрсетті. Екінші кезеңде конкурсанттар көрермендер назарына «Қазақстан халқы Ассамблеясындағы этномәдени орталықтың маңыздылығы» немесе «Тіл – достықтың алтын көпірі» тақырыбында бейнероликтерін ұсынды. Бұл кезеңде қазылар алқасы этномәдени бірлестіктермен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Үшінші кезеңде қатысушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Бұл байқау жыл сайын «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткізіледі. Негізгі мақсат – мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын насихаттау. Байқау қорытындысы бойынша 1-орынды «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі, 2-орынды «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы, 3-орынды Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының филиалы иеленді. Қынжылтатыны, мұндай конкурстарға көбіне түбіміз бір түркі немесе діндес мұсылман этностарының ынта-ықыласы басым. Тіл конкурстарында негізінен жеңетін де солар. Егер орыс, украин секілді славян этностарының өкілдері көбірек қатысса, олар қазақ тілін үйренуге құлқы бар екенін, әрі тілді үйренуге болатынын көрсете мұндай байқаудың мультипликативтік тиімділігі зор болар ма еді.Ерік ЕРДЕНОВ