Бейбітшілік рейтингінде біріншіміз
Бейбітшілік рейтингінде біріншіміз

ІІМ дерегінше, Қазақ­стан ТМД елдері арасында бейбітшілік рейтингінде 1-орын алады.

Global Conflict Tracker дерегінше, бүгінде төрткүл дүниеде шамамен 30 ірі соғыс жүруде. Олардың арасынан Сирия мен Ливиядағы азаматтық соғыс жайы адамзатқа жақсы таныс. Мәселен, Нигерияда ресми билік пен Боко Хорам террористік тобы арасында қанды тайталас ұзап бара жатқанынан көпшілік хабарсыз. Бірақ бейбітшілік берік орнаған ел ата­ну үшін соғыстың жоқтығы аздық етеді. Рейтинг құратын халықаралық ұйымдар этносаралық кикілжіңдерге, тіп­ті қылмыстық деңгейге назар аударады. Са­рапшылар бұл ретте peacefulness ұғымын қолданады, оның аясында тыныштық та қамтылады. Нәтижесінде, Қазақстан қауіпсіздігі жо­ғары мемлекеттер тізімінде биыл 163 тәуелсіз мемлекеттің ішінде тек 70-орын­ды иеленді. Бұл деректі Президент Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жария етті. Ведомство басшысының мәліметінше, Global Peace Index жаһандық бейбітшілік рейтингі әр елдің ішкі қауіпсіздік деңгейі, әлеуметтік тұрақтылығы, қоғамдық тәртібі сияқты көрсеткіштерін бағалайды. Карта бойынша Қазақстан Батыс Еуро­паның көптеген елі сияқты бейбітшіліктің «жа­сыл» аймағында орналасқан. Исландия – әлемдегі ең бейбіт мемлекет болып қалуда. Ол рейтинг шыңында 2008 жылдан бері тапжылмай тұр. Көшбасшылар бестігінде, сондай-ақ Жаңа Зеландия, Аус­трия, Португалия, Дания бар. 80 елде жағ­дай нашарлапты. Ауғанстан – екінші жыл қатарынан әлем­дегі тыныштығы кеткен, соғыс жағ­дайындағы ел ретінде танылды. Одан кейінгі орындарда – Сирия, Ирак, Оң­түстік Судан және Йемен. Йеменнен бас­қасы тұрғындары бейбіт емес мем­лекеттердің қатарынан көп жылдан бері шыға алмай келеді. Өзгелерімен салыстырғанда ана­ғұрлым бейбіт аймақтар көшін Еуразия (Қазақстан, Ресей, Түркия және басқасы) бастап тұр. Одан кейін Солтүстік Америка келеді. Жалпы, биыл 9 өңірдің тек екеуі ғана «негізінен бейбіт» деп танылды. «Қазіргі уақытта жаһандық бейбітшілік деңгейі осы рейтинг құру ісі басталған кезден бері әлдеқайда нашарлай түсті. 2008 жылдан бастап бүкіл елде бейбітсүйгіштік деңгейі 3,76 пайызға құлдырады. Кейінгі 12 жылдың 9-ында қақтығыстар тек өршіп келеді. Бейбіт пен бітімге бірнеше фактор нұқсан келтіруде, оның арасында террористердің белсенділігінің артуы, Таяу Шығыстағы қақтығыстардың өршуі, Шығыс Еуропада және Солтүстік-Шығыс Азияда шиеленістің туындауы, бос­қындар легінің артуы, АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей арасында саяси тайталастың өрістеуі бар», – дейді Global Peace Index сарап­шылары.

Айхан ШӘРІП