Бүргемен бірге адамды да улады
Бүргемен бірге адамды да улады
220
оқылды

Айланың жаңа түрі пайда болды: пәтерінде кене, бүр­ге, қандала пайда болған адамдар жергілікті әкімдікке хат жазып, бұған шатырда өмір сүретін көгершіндерді айыптап, тұрғын үйге бюджет есе­бінен дезинфекция жүр­гізу­ді талап етеді, шағым бора­тады. Әрине, бұл қулық­тың да құйрығы бір-ақ тұ­там: жауапты құрылымдар келіп, ша­тырды мұқият тексереді, зиянкес жәндіктер табыл­ма­са, дезинсекция шаралары қабылданбайды.

Жәндікті улаймын деп  кісі өлтірді

Тыныш ұйқыға не жетсін?! Түні бойы дуылдап қышыған жер­ді тыр-тыр қасып, дауа таппай қи­­налып, тыныштан айырылу – на­­ғыз азап. Одан құтылу үшін аза­­­маттар шетін шараларға бара­ды. Мысалы, «Квикфос», «Палач» се­кілді аса қауіпті препараттарды са­тып алып, үйіне молынан сеуіп тас­­тайды. Содан кейін есікті тарс жауып, іс біттіге санап, кетіп қала­ды. Алайда зиянды зат асүй не дә­­­­­ретханадағы ауатартқыш не­ме­се қабырғадағы ұсақ жарық-саңы­лаулар арқылы іргелес үйлерге та­райды. Мысалы, 2020 жылғы ақпанда Шым­кенттегі көпқабатты үйде екі от­басы уланып, емшектегі бала қа­за тапты. Төртінші қабаттағы бас­­пана иесі қандала мен тара­қандардан құтылмақ болып, де­зинфекторды шақырады. Де­зин­сек­ция (кене тұқымдастарды, шы­бын-шіркей және өзге де жән­діктерді жою) шаралары жүзе­ге асырылып, пәтер умен өңдел­ге­сін үй қожайындары өз денсау­лы­ғын қорғау үшін есікті құлып­тап, уақытша көшіп кеткен. Әрі болған жайтты жасырып, көр­ші­леріне хабарламаған. Ақыры ол пәтердің көршісі жә­не оған қонаққа келген отбасы мү­шелері бастары айналып, жү­ре­гі лоблып, жедел аурухана көме­гі­не жүгінуге мәжбүр болды. Т.Орын­баев атындағы гиперба­рия­­лық оксигенация орталығы­ның бас дәрігері Мәдина Ермахан­бе­­това­ның айтуынша, 3 және 5 жас­тағы екі бүлдіршін ауыр дәре­жедегі зат­пен улану, экзотоксика­лық шок диагнозымен жансақтау бө­лі­міне жатқызылды. Олар асқа­заны, ағзасы удан тазартылған соң шығарылған. Өкінішке қарай, 8 ай­­лық бөбек ауруханаға барар жол­­да, жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Сол кезде Шымкент қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­таменті бас­шысының орынбасары болған Алмат Қоса­лиевтің түсіндіруінше, дезин­фекторға көр­шілерді құлақтандыру жө­нінде талап қарас­тырылмаған.
«Баспананы «Имидаклоприд» және «Ре­гент» препараттарымен өңдеген. Ол не сұйық­тық түрінде себіледі немесе газ түрінде бұрқы­рата тозаңдандырылады. Мұндай шара­лар жүр­гізіл­генде көр­шілерді, тұр­ғын­дарды хабар­дар ету керек деген нақты норма қазір жоқ. Әр маман өз бі­ліктілігіне, кәсіби дең­гейіне, тә­жірибесіне сүйе­неді», – дейді ол.
Таяуда, 1 қазанда дезинфекторға қатысты сот үкімі белгілі болды. Сөйтіп, Б.Жәнібеков есімді дезин­фектор бір емес, үш баланы өл­тіргені әшкереленді. Сол қылмысы үшін бес жылға сотталды. Ол Колорадо қоңы­зы се­кілді ауыл шаруашылығы зиян­кестерінің көзін құртуға ар­налған химпрепаратпен тара­қан­дарды қырыпты. Бірінші қай­ғылы оқиға 2019 жылғы қарашада болды: оның «қызметі» ке­сірінен бір отбасы тегіс ауру­ханаға түсті. Қын­жылтатыны сол, төрт және он бір жастағы екі ұл бала сол күні дүние салды, олардың әпкесін және анасын дәрі­герлер құтқарып қалды. Бастапқыда «олар тұшпарадан улан­ған екен» деген қауесет тарады. Содан санитарлар отбасыға тұшпара сатқан дүкеннің цехын тек­серіп, сынама алған. Біраз уақыт өткен соң ғана балалардың көрші пәтердегі тарақанды улау нәти­жесінде өлгені анықталды. Қаскүнем бол­са, өлім сепкен қызметін жалғастыра бер­ген. Қайғылы оқиға қайталанып, 13 ақ­панда ол сегіз айлық бал­дырғанның түбіне жетті.

Қауіпті сала қараусыз қалды

Мамандар бұл саланың қарау­сыз, қада­ғалаусыз қалғанын ашық ай­тады. Расында, Қазақстанды Doing Business рейтингінде жоға­ры­латумен тым елігіп кеткен ел Үкі­меті тіпті халық өмірі мен ден­саулығына залал келетін ба­ғыт­тардың тағдырын бәсекелестік орта та­лауына тастады. Меморгандарға олар­дың үстінен бақылап, қада­ғалауға тыйым салды. Мысалы, бұрын «дезин­фек­циялау, дезин­секциялау, дера­ти­зациялау құрал­дары мен пре­па­раттарын дайындау, өндіру, қайта өңдеу және көтерме саудада өткізу, сондай-ақ оларды пай­даланумен байланысты жұмыстар мен көр­сетілетін қызметтердің түрлері» мін­детті түрде лицензиялауға жа­татын. Алайда 2005 жылғы 15 ма­мырда заңнамаға өзгерістер ен­гізіліп, бұл норма заңнан алып тас­талды. Оқиғаның өрбуі шытырманға толы: маман­дардың дәйектеуі арқа­сында 2009 жылғы 16 шілдеде «Кей­бір заңнамалық актілерге денсау­лық сақ­тау мәселелері бойын­ша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заңы қабылданып, аталған қызмет түрі медициналық қызметтің кіші түрі ретінде лицензияланатын қызмет тізбесіне қайта енгізілді. Де­генмен 2014 жылғы 16 мамырда жаһандық әлгі рейтингтегі Қазақ­станның орнын жақ­сарта түсуге ба­ғытталған «Рұқ­­саттар және хабар­ламалар тура­лы» заңы қабылданды. Сонда өзгелер қатарында дезин­фекция саласын лицензиялау да «гильо­­­тинаға» түсіп, басы қырқылып кете барды. Осылайша, 2014 жылдан бері де­зинфек­циялық қызмет лицен­зия­лауға жатпайды! Ден­саулық сақтау ми­нистр­лігінің Сани­та­риялық-эпи­демио­логиялық бақылау коми­тетінің дере­гінше, бүгінде осы қыз­метті ли­цензиялау тәртібін регла­мент­тей­тін бірде-бір нор­ма­тивтік құжат жоқ.

Пандемия сала «дертін» ушықтырды

Қазақстанда шамамен 353 жеке ұйым осындай қызмет көрсетумен шұғылданып жүр. YouTube-тен өзі үйреніп, базардан препарат алып, өз бетінше «күресуші» атанған, улаудан нәпақа тапқан жанда сан жоқ.
«Жеке ұйымдардың басшылары де­зин­сек­циялық құралдармен жұ­мыс істеуге кім көрінгенді жібе­реді: дез­ин­фекторлар қауіп­сіздік техни­касы жөнінде арнайы оқытудан өтпейді, араларында инструктаж жүргі­зіл­мейді. Жеке гигиена және еңбек ги­гиенасы ережелерін, сон­дай-ақ тамақ өнім­дерінің, ауаның және су айдын­­дарының лас­­та­нуының алдын алу жолдарын біл­мейді. Көбі тіп­ті зардап шек­кендерге алғашқы көмек көрсете алмайды. Олардың улы хими­кат­тармен қан­ша­лық­ты қауіпсіз жұмыс істейтіні бақылан­бай­ды», – деді ДСМ ко­митеті.
Саланың жағдайы шынымен де алаң­датарлық. Әсіресе, коро­нави­рустың тара­луы­мен бірге осы мә­селенің өзектілігі арта түсуде.
«Әлемде және өз елімізде белең алған COVID-19 пандемиясына байланысты дезин­фек­ция­лық зат­тарды өндірумен айналысатын ұйым­дар саны да күрт артты. Кей­бі­рінде білікті мамандары жоқ, әрі бұрын бұл іспен айна­лыспаған. 3 айдың өзінде республика бойынша дезин­фек­циялық құралдарды, тері анти­сеп­тиктерін өндіретін 40-тан көп ком­пания ашыл­ды», – дейді СЭС мамандары.
Пандемияға дейінгі заманда улау­дан әбден зәрезап болып қалған халық ко­ронавирусқа қарсы көшелер мен көп­қабатты үйлердің кіреберісін дезин­фекциялаушы мамандарды және волон­терлерді қауіптене қарсы алды. Кейбірін соққыға да жыққан. Ал жеке дезинфекторлар одан әрі тарақан-қандаланы өз білгенінше қыру­мен айналысып жатыр. Дез­инсекция және дератизация жұ­мыс­тарының жалпы көлемінің 96,4%-ы – жеке сек­торға тиесілі.

Төннел түбінде  жарық бар ма?

Ресми дерек бойынша, 2018-2020 жылдар аралығында дез­ин­секция, дератизация құрал­дарын өз бетінше пайдалану нәтижесінде адам­­дардың улануының 21 жағдайы тіркелді. Соның ішінде 6 адам қай­тыс болды. Әрі бұл әр өңірде кездеседі. Мәселен, 2019 жылы елде 5 рет улану жағдайы тіркелді, оның ішінде 3 жағдай өліммен аяқталды. 3 оқиға Маңғыстау облысының ен­ші­сінде: біреуі өлімге соқтырды. Екеуі Алматы қа­ла­сын­да болды және екеуінде де адам­дар қаза тап­қан. Жағдай 2020 жылғы ақпанда шие­леніскен: республика бойынша бірден 11 улану жағдайы тіркелді. Атап айтқанда, Маңғыстау облы­сында – 8 жағ­дай, Шымкентте – 3 жағдай. Оның ішінде Шымкенттегі 1 жағдай өліммен аяқталды. Маң­ғыстау өңіріндегі уланудың барлық 8 жағ­дайы «БИ-58» дез­ин­секциялық құралын қолданумен байланысты: препа­раттың нұс­қаулығында жаз­ылғандай, ол тек ашық далада ауыл шаруашылығы өсімдіктерін өңдеуге арналған. Бұдан бөлек, Ақтау қаласында «Квикфос», «Агран» препа­рат­тарымен үйді өңдеуден кейін адам­дардың уланып өлуінің 3 жағ­дайы тір­келген. Алматы қала­сында «Па­лач», «Фас-дубль» препа­раттарын қолданудың 2 жағдайы өлім-жітімге соқ­тырды. Салада лицензиялаудың қайта енгізілуіне кәсіпкерлер қарсы. Мұны олар бақылаушы ор­гандардың бұ­рынғы «конвейерлік» тексеріс­терге қайта оралуы деп есептейді. Демек, осы­ған қа­тысты кез келген баста­ма­ны бұғат­тауы мүмкін. Се­­бебі заңнама бойынша биз­нестің жағ­дайын ауыр­лататын заң жоба­лары алды­мен кә­сіпкерлік қауым­дас­тық­тың сарап­тамасынан өтеді. Оның үстіне, ли­цен­зиялау «халту­рамен» табыс та­батын арамза кә­сіпкер­сымақ­тардың көлеңкелі қыз­метіне тосқауыл бола алмауы мүмкін. Себебі тұ­тыну­шылар баға­сының қол­же­тімділігіне қызы­ғып, дезин­фектордан ли­цен­зиясын талап ет­пеуі кәдік.

АйханАйхан ШӘРІП