Кел балалар оқылық, пеш жанында отырып!
Кел балалар оқылық, пеш жанында отырып!
136
оқылды

Соңғы жылдары еліміздің аймақтарын газбен қамтамасыз  ету тәуір жүргізіліп жатыр. Газдандыру бұрын күңгей  және батыс аймақ­тарда жақсы ұйымдастырылса, енді теріскейге де жетті. Бірақ  газ­дан­дыру ісінде  жұртты таңғалдыратын «қызықтар» да кездеседі. Ол – әлеуметтік нысандардың газға қосылмауы.

Жамбыл облысында 371 елді мекеннің 192-і газбен қамтылған. Қалған 179 ауылға көгілдір отын кіргізу үшін 2027 жылға дейін жоспар жасалып отыр. Биыл 116 елді мекендегі 210 мың халықты табиғи газбен қамту үшін мемлекеттік бюджеттен 26 нысанға 14,1 миллиард теңге бөлінген. Әрине, мұндай ақпар жанға жылу беретіні анық. Алайда газ құбыры елді мекенге кіргенімен оны пайдалана алмай отырған әлеуметтік нысандарды көргенде  көңілге кірбің түседі. Мәселен, газы бар 6 ауылда Жам­был облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасына қарасты 7 нысан көгілдір отын­ға қосылмаған. Спорт саласына келсек,  58 спорттық ұйымның қырыққа жуығы аудан әкім­діктерінің балансында.  Әкімдіктердің ба­ғынысындағы қатты отынмен жылы­тылатын 9 мекеменің ішіндегі Жамбыл ауданы Түрксіб ауылындағы спорт мектебі, Т.Рысқұлов ауданы №2 балалар-жас­өспірімдер спорт мектебі, Талас ауданындағы Бостандық спорт мектебі, Шу ауданы Төле би ауылындағы №32 спорт мек­тебі және №30 балалар жасөспірімдер спорт мектебі елді мекенде газ бола тұра кө­мір жағып күнелтуде. Осы сынды  өңірдегі 193 мәдениет үйі мен клубтың 106-сы қатты отын жа­ғып  отырса, оның ішінде 32 ауылға газ кіргенімен бүгінде ауылдық клуб ме­кемелері көгілдір отынның жылуын сезіне алмауда.

Білім мекемелерін газға қосу көңілден шықпайды

Иегінің астындағы көгілдір отынды кәдеге жарата алмай отырған мекемелердің басым бөлігі білім саласына тиесілі. Облыс әкімдігі білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек,  аймақтағы  783 білім нысанының 442-сі мектеп, қалғаны балабақша, кол­ледж, мектеп-интернат секілді өзге де білім беру мекемелері екен. 442 мектептің 67-сі орталық жылу жүйелеріне қосылса, 312-нің өз алдына қазандықтары бар. 62-сі пеш жағып отырса,  1-еуі электр қуатын пайдалануда. Көмірмен жылытылатын барлық білім нысандарының қыстан шығуы үшін 56 419,7 тонна қатты отын­ның қажеттілігі туындауда. Алайда Бі­лім басқармасы көмірмен нақты қай мек­тептер жылытылатынын, олар қай елді ме­кендерде орналасқанын, газ кіргізілген қай ауыл­дардағы мектептер көгілдір отынды тұ­тына алмай отырғанын тап басып айта ал­мады. Мұндай мәліметті аудандық бі­лім бөлімдері ғана бере алатын көрінеді. Бас­қарманың материалдық-техникалық жаб­дықтау бөлімінің бас маманы Алмаз Жапарқұловтың айтуынша, олардың қо­лын­да тек 2018 жылғы дерек қана бар екен. – 2018 жылдары газы бола тұра көгілдір отынға қосылмаған 52 білім нысаны туралы ақпар болатын. Осы жылдан кейін мониторинг жүргізілмегендіктен қазір нақты қанша білім мекемесі газға қосылмағанын айта алмаймыз. Ешкім талап етпегендіктен бұл бағыттағы зерделеу жұмыстары бүгінде тоқтап тұр.

Мәселені әкімдер шеше алады

– Негізі, бұл түйткілдің түйінін тарқату аудан әкімдерінің құзыретінде. Олар қанша мекемеге нақты газ кіргізу қажеттігін анық­тауы керек. Егер аталған мәселе жергілікті билік шеңберінде шешілмесе, онда Білім басқармасына өтінім жолдау­ларына болады. Қазіргі таңда Мойынқұм, Сарысу, Жуалыдан өзге 7 аудан 51 білім нысанын газға ауыстыру жөнінде өтінім берді. Оның 31-і мектеп, 17-сі балабақша, 3-еуі мектептен тыс мекеме. Аталған нысандардың жетеуінің құрылысы басталып кетті. Қалғандары 2022 жылға дейін табиғи газға қосылады. Ал Мойынқұм ауданына әлі газ құбыры жеткен жоқ, – дейді бөлімнің бас маманы. Білім нысандарының ішіндегі тек бастауыш және орта білім беретін мек­тептерді ғана бөліп қарайтын болсақ, Меркіде – 11, Шуда – 10, Қордай ау­данында – 9, Байзақта – 7, Жамбылда –5, Т.Рысқұловта – 4 мектеп іргеде тұрған кө­гілдір отынын тұтына алмауда.  Мойын­құм ауданына әлі   газ құбыры жүргізілмеген десек,  Жуалы мен Талас ауданы қай ауылға мемлекет тарапынан газ кіргізілсе  сол елді мекендердің  білім нысандарын көгілдір отынмен қамтып үлгеріпті. Ауылда газ бола тұра, көмір жағып отырған аудандардың арасында Меркі ауданы көш бастап тұр. Мәселен, М.Мә­метова атындағы №13 жалпы білім беретін мектеп орналасқан Тәтті ауылына газ осыдан 4 жыл бұрын кірген. Үш қабатты  аталған білім ордасы жыл сайын жылыту маусымында 360-380 тонна кө­мір тұтынуда.  Көмірдің тоннасы  15 мың теңгеден сатып алынды дегеннің өзін­де балаларды жауратпай  қыстан шы­ғару үшін 6 миллион теңгеге жуық ақша кетеді. Ал аудан орталығы Меркі ауылында орналасқан 1 000 орындық  үш қа­батты №39 мектеп-гимназия былтыр  жылы­ту маусымында 113 029 394 текше метр көгілдір отын тұтынған. Оған кеткен шы­ғын 4 миллион 14 мың теңгеден асқан. – Біз газға әдейі қосылмай  отырған жоқ­пыз. Мұның себебі ауылға тартылған газ құбырының қысымына байланысты бо­лып тұр. Тиісті сала мамандарының ай­туынша, егер біз ауылға келіп тұрған газ құ­бырына қосылатын болсақ, онда оның қуаты азайып кететін көрінеді. Әйтсе де, бұл мәселе  келер жылы шешімін табады деп күтілуде. Қазір Андас батыр ауылында үл­кен газ тарататын стансаның құрылысы жүріп жатыр. Сол аяқталса, мектепке келер жылы   газ құбыры жүргізіледі деп үміттеніп отырмыз, – дейді М.Мәметова атындағы №13 жалпы білім беретін мектептің директоры Қанат Боржуков. Бұл тұста бір таңғаларлығы, Тәтті ауылына мемлекет тарапынан газ тар­тылған сәтте жауапты мамандар мектептің бүгін болмаса да ертең газға қосылуы міндетті екенін неге ойламады екен?

Ауылға газ 30 жыл бұрын берілді, бірақ мектепке бұйырмады

Кеңес үкіметі тұсында ауылға газ кір­генімен, алайда оны  тұтына алмай отырған мек­тептер де бар. Атап айтсақ, Жамбыл ау­даны  Бәйтерек ауылына 1989 жылы газ құ­быры жүргізіліп қойғанымен, аталған елді мекендегі  Ы.Алтынсарын атындағы бас­тауыш мектеп әлі күнге көмір жағып отыр. – Мектеп ыңғайластырылған ғи­маратта орналасқандықтан оның ішіне газ кіргізуге облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы рұқсат бермей отыр. Себебі ереже бойынша ғимаратты жылытатын құрылғы мектептің сыртында орналасуы керек екен. Ал ны­санды сырттан газбен жылытатын өз ал­дына жеке қазандық салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз  болып тұр. Мектептің 1989 жылдан бері газға қосыла алмауының басты себебі – осы,– дейді Жамбыл аудандық білім бөлімінің ин­женер-құрылысшысы Бақытжан Ша­банбаев. Негізі, бұл – мемлекет қаржысына газ құбыры жүргізілген ауылдардың бастан кешіп жатқан жағдайы. Алайда жеке сектор мен мердігерлер арасында жасалған тікелей келісімшарт аясында көгілдір отын тартып жатқан ауылдардың да жағдайы мәз болмай тұр. Мәселен Тараз қаласының аумағына қарасты Қызыл Абад иінінің тұрғындары «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалымен келісімшарт жасасу негізінде биыл елді мекендеріне газ құбырын жүргізуде. Бірақ мұнда да әлеуметтік нысандар назардан тағы тыс қалған. – Қызыл Абад иініне мемлекет тара­пынан көгілдір отын кіргізу 2022-2023 жыл­дарға жоспарланғандықтан мұндағы жұрт   «БайзақГазСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасау арқылы өздері газ тартуда. Алайда «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалы өкілдерінің сөзіне қарасақ, мұнда да әлеуметтік ны­сандарға газ құбыры жүргізілмейін деп тұр. Дегенмен бұл мәселені  облыс әкімі Бер­дібек Сапарбаев жіті назарына алып, Білім басқармасы сынды құрылымдық ме­кемелер өздеріне қарасты нысандарға жобалау құжаттарын әзірлеуді тапсырды, – дейді Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы. Бұл мәселеге облыс әкімі назар аударып,  көңіл бөлсе, демек алдағы уақытта түйткілдің түйіні тарқатылып, әлеуметтік нысандар көгілдір отынмен жылиды деп үміттенсек болатындай. Алайда бұл биыл бітпейтін дүние екені белгілі. Сондықтан алдағы қыста мектеп, балабақша, аурухана сынды мекемелерге көмір жағып күнелтулеріне тура келіп тұр. Ал келер жылы кім білсін, олқылықтың да орны толып қалар...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы