Соңғы жылдары еліміздің аймақтарын газбен қамтамасыз ету тәуір жүргізіліп жатыр. Газдандыру бұрын күңгей және батыс аймақтарда жақсы ұйымдастырылса, енді теріскейге де жетті. Бірақ газдандыру ісінде жұртты таңғалдыратын «қызықтар» да кездеседі. Ол – әлеуметтік нысандардың газға қосылмауы.
Жамбыл облысында 371 елді мекеннің 192-і газбен қамтылған. Қалған 179 ауылға көгілдір отын кіргізу үшін 2027 жылға дейін жоспар жасалып отыр. Биыл 116 елді мекендегі 210 мың халықты табиғи газбен қамту үшін мемлекеттік бюджеттен 26 нысанға 14,1 миллиард теңге бөлінген. Әрине, мұндай ақпар жанға жылу беретіні анық. Алайда газ құбыры елді мекенге кіргенімен оны пайдалана алмай отырған әлеуметтік нысандарды көргенде көңілге кірбің түседі. Мәселен, газы бар 6 ауылда Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты 7 нысан көгілдір отынға қосылмаған. Спорт саласына келсек, 58 спорттық ұйымның қырыққа жуығы аудан әкімдіктерінің балансында. Әкімдіктердің бағынысындағы қатты отынмен жылытылатын 9 мекеменің ішіндегі Жамбыл ауданы Түрксіб ауылындағы спорт мектебі, Т.Рысқұлов ауданы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Талас ауданындағы Бостандық спорт мектебі, Шу ауданы Төле би ауылындағы №32 спорт мектебі және №30 балалар жасөспірімдер спорт мектебі елді мекенде газ бола тұра көмір жағып күнелтуде. Осы сынды өңірдегі 193 мәдениет үйі мен клубтың 106-сы қатты отын жағып отырса, оның ішінде 32 ауылға газ кіргенімен бүгінде ауылдық клуб мекемелері көгілдір отынның жылуын сезіне алмауда.Білім мекемелерін газға қосу көңілден шықпайды
Иегінің астындағы көгілдір отынды кәдеге жарата алмай отырған мекемелердің басым бөлігі білім саласына тиесілі. Облыс әкімдігі білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, аймақтағы 783 білім нысанының 442-сі мектеп, қалғаны балабақша, колледж, мектеп-интернат секілді өзге де білім беру мекемелері екен. 442 мектептің 67-сі орталық жылу жүйелеріне қосылса, 312-нің өз алдына қазандықтары бар. 62-сі пеш жағып отырса, 1-еуі электр қуатын пайдалануда. Көмірмен жылытылатын барлық білім нысандарының қыстан шығуы үшін 56 419,7 тонна қатты отынның қажеттілігі туындауда. Алайда Білім басқармасы көмірмен нақты қай мектептер жылытылатынын, олар қай елді мекендерде орналасқанын, газ кіргізілген қай ауылдардағы мектептер көгілдір отынды тұтына алмай отырғанын тап басып айта алмады. Мұндай мәліметті аудандық білім бөлімдері ғана бере алатын көрінеді. Басқарманың материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің бас маманы Алмаз Жапарқұловтың айтуынша, олардың қолында тек 2018 жылғы дерек қана бар екен. – 2018 жылдары газы бола тұра көгілдір отынға қосылмаған 52 білім нысаны туралы ақпар болатын. Осы жылдан кейін мониторинг жүргізілмегендіктен қазір нақты қанша білім мекемесі газға қосылмағанын айта алмаймыз. Ешкім талап етпегендіктен бұл бағыттағы зерделеу жұмыстары бүгінде тоқтап тұр.Мәселені әкімдер шеше алады
– Негізі, бұл түйткілдің түйінін тарқату аудан әкімдерінің құзыретінде. Олар қанша мекемеге нақты газ кіргізу қажеттігін анықтауы керек. Егер аталған мәселе жергілікті билік шеңберінде шешілмесе, онда Білім басқармасына өтінім жолдауларына болады. Қазіргі таңда Мойынқұм, Сарысу, Жуалыдан өзге 7 аудан 51 білім нысанын газға ауыстыру жөнінде өтінім берді. Оның 31-і мектеп, 17-сі балабақша, 3-еуі мектептен тыс мекеме. Аталған нысандардың жетеуінің құрылысы басталып кетті. Қалғандары 2022 жылға дейін табиғи газға қосылады. Ал Мойынқұм ауданына әлі газ құбыры жеткен жоқ, – дейді бөлімнің бас маманы. Білім нысандарының ішіндегі тек бастауыш және орта білім беретін мектептерді ғана бөліп қарайтын болсақ, Меркіде – 11, Шуда – 10, Қордай ауданында – 9, Байзақта – 7, Жамбылда –5, Т.Рысқұловта – 4 мектеп іргеде тұрған көгілдір отынын тұтына алмауда. Мойынқұм ауданына әлі газ құбыры жүргізілмеген десек, Жуалы мен Талас ауданы қай ауылға мемлекет тарапынан газ кіргізілсе сол елді мекендердің білім нысандарын көгілдір отынмен қамтып үлгеріпті. Ауылда газ бола тұра, көмір жағып отырған аудандардың арасында Меркі ауданы көш бастап тұр. Мәселен, М.Мәметова атындағы №13 жалпы білім беретін мектеп орналасқан Тәтті ауылына газ осыдан 4 жыл бұрын кірген. Үш қабатты аталған білім ордасы жыл сайын жылыту маусымында 360-380 тонна көмір тұтынуда. Көмірдің тоннасы 15 мың теңгеден сатып алынды дегеннің өзінде балаларды жауратпай қыстан шығару үшін 6 миллион теңгеге жуық ақша кетеді. Ал аудан орталығы Меркі ауылында орналасқан 1 000 орындық үш қабатты №39 мектеп-гимназия былтыр жылыту маусымында 113 029 394 текше метр көгілдір отын тұтынған. Оған кеткен шығын 4 миллион 14 мың теңгеден асқан. – Біз газға әдейі қосылмай отырған жоқпыз. Мұның себебі ауылға тартылған газ құбырының қысымына байланысты болып тұр. Тиісті сала мамандарының айтуынша, егер біз ауылға келіп тұрған газ құбырына қосылатын болсақ, онда оның қуаты азайып кететін көрінеді. Әйтсе де, бұл мәселе келер жылы шешімін табады деп күтілуде. Қазір Андас батыр ауылында үлкен газ тарататын стансаның құрылысы жүріп жатыр. Сол аяқталса, мектепке келер жылы газ құбыры жүргізіледі деп үміттеніп отырмыз, – дейді М.Мәметова атындағы №13 жалпы білім беретін мектептің директоры Қанат Боржуков. Бұл тұста бір таңғаларлығы, Тәтті ауылына мемлекет тарапынан газ тартылған сәтте жауапты мамандар мектептің бүгін болмаса да ертең газға қосылуы міндетті екенін неге ойламады екен?Ауылға газ 30 жыл бұрын берілді, бірақ мектепке бұйырмады
Кеңес үкіметі тұсында ауылға газ кіргенімен, алайда оны тұтына алмай отырған мектептер де бар. Атап айтсақ, Жамбыл ауданы Бәйтерек ауылына 1989 жылы газ құбыры жүргізіліп қойғанымен, аталған елді мекендегі Ы.Алтынсарын атындағы бастауыш мектеп әлі күнге көмір жағып отыр. – Мектеп ыңғайластырылған ғимаратта орналасқандықтан оның ішіне газ кіргізуге облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы рұқсат бермей отыр. Себебі ереже бойынша ғимаратты жылытатын құрылғы мектептің сыртында орналасуы керек екен. Ал нысанды сырттан газбен жылытатын өз алдына жеке қазандық салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып тұр. Мектептің 1989 жылдан бері газға қосыла алмауының басты себебі – осы,– дейді Жамбыл аудандық білім бөлімінің инженер-құрылысшысы Бақытжан Шабанбаев. Негізі, бұл – мемлекет қаржысына газ құбыры жүргізілген ауылдардың бастан кешіп жатқан жағдайы. Алайда жеке сектор мен мердігерлер арасында жасалған тікелей келісімшарт аясында көгілдір отын тартып жатқан ауылдардың да жағдайы мәз болмай тұр. Мәселен Тараз қаласының аумағына қарасты Қызыл Абад иінінің тұрғындары «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалымен келісімшарт жасасу негізінде биыл елді мекендеріне газ құбырын жүргізуде. Бірақ мұнда да әлеуметтік нысандар назардан тағы тыс қалған. – Қызыл Абад иініне мемлекет тарапынан көгілдір отын кіргізу 2022-2023 жылдарға жоспарланғандықтан мұндағы жұрт «БайзақГазСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасау арқылы өздері газ тартуда. Алайда «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалы өкілдерінің сөзіне қарасақ, мұнда да әлеуметтік нысандарға газ құбыры жүргізілмейін деп тұр. Дегенмен бұл мәселені облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жіті назарына алып, Білім басқармасы сынды құрылымдық мекемелер өздеріне қарасты нысандарға жобалау құжаттарын әзірлеуді тапсырды, – дейді Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы. Бұл мәселеге облыс әкімі назар аударып, көңіл бөлсе, демек алдағы уақытта түйткілдің түйіні тарқатылып, әлеуметтік нысандар көгілдір отынмен жылиды деп үміттенсек болатындай. Алайда бұл биыл бітпейтін дүние екені белгілі. Сондықтан алдағы қыста мектеп, балабақша, аурухана сынды мекемелерге көмір жағып күнелтулеріне тура келіп тұр. Ал келер жылы кім білсін, олқылықтың да орны толып қалар...Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы