Елімізде жаңа көліктердің саудасы қызып тұр. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындары одағының мәліметінше, алғашқы 6 ай ішінде 313,4 млрд теңгеге 35 мың жаңа көлік сатылған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 13 пайызға жоғары. Дегенмен індет кезінде «тұлпар» тізгіндеуге асыққандар саны көбейгені қызық-ақ.
Өмір өзгерсе де, көлік өзгермеген
Төтенше жағдай кезінде автокөліктерді онлайн тіркеу қызметіне жүгінгендердің саны да екі есе артқанын Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеген еді. Яғни, жаңа көліктің саудасы жүріп тұр. Шілде айында көліктер 11 пайызға қымбаттаған болатын. Соған қарамастан халықтың темір тұлпар тізгіндеуге деген құлшынысы артқанына қарағанда пандемия көлік саудасына кері әсер етпеген екен. Биыл бір ғана маусым айында 83,4 млрд теңгеге 9 677 жаңа көлік сатылыпты. Қараңыз, бұл індеттің нағыз өршіп тұрған шағы болатын. Бұдан бөлек, отандық көліктерге сұрау көбейіпті. Осы аталған 6 ай ішінде еліміздің автозауыттарында құрастырылған 24 314 көлік сатылған. 10 772 автомобиль импортқа жөнелтілген. Соған сай осы уақыт аралығында көлікті өз атына онлайн тіркегендер де күрт көбейгенін айттық. Пандемия басталған шақта еліміздегі көлік саудасы 40 пайызға кеміген болатын. Бірақ бұл Kolesa.kz сайтындағы көліктерге қатысты дерек. Сол кезде көлік саудасы тұралап қалғанымен, автокөлік бағасы арзандамады. Байқасаңыз, аталған сайтта көбіне бұрын біраз жүрген көліктер сатылады, ал жоғарыда айтқанымыздай, жаңа автокөліктердің саудасы жүріп тұр. Жаңа автокөлік пен ескі көліктің сатылым деңгейі неге біркелкі емес? – Біз биыл наурыз айында автомобиль нарығында көлік саудасының ең жоғары деңгейін байқадық. Өткен жылдың наурызымен салыстырсақ, өсім 40 пайызға жетіпті. Бұған автомобиль нарығындағы сұраныстың артуы мен АҚШ долларының бірден көтеріліп кетуі себеп болды. Халық көлік қымбаттап кетеді деген үреймен автомобиль алып қалуға тырысқан сияқты. Ал наурыз айының соңына қарай елде карантинге орай ХҚКО жабылып қалса да, дилерлер онлайн сауданы тоқтатқан жоқ. Ал мемлекет те онлайн түрінде көліктерді тіркеуге қоюға қадам жасады. Осының бәрі айналып келгенде көлік саудасын қарқынды етті, – дейді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.Жаңа көлікке сұраныс көп
Сонымен, биыл алғашқы тоқсанда сатылым жағынан Ravon көлігі көш бастапты. Өйткені осы марканың жаңа түрлері нарыққа көптеп шықты. Оны Қостанайдағы автомобиль зауыты конвейерге қойды. Жақында бұл авто Chevrolet брендімен сатыла бастады. Бұл танымал атау осы көліктің сатылымын одан әрі ұлғайтпаса, кемітпек емес. Наурыздың соңында «Сарыарқа Автопром» Chevrolet маркасымен Damas, Labo, Tahoe, Traverse, Trailblazer, Equinox, Malibu, Onix және Spark модельдерін құрастыруды бастады. Зауыт жылына 26 мың автомобиль шығаруды жоспарлап отыр екен. Демек, жақын арада отандық зауыттардың тасы өрге домалауы мүмкін. Ең өтімді автомобильдер нарығын бұрынғыдай Ресейдің автоөндірісі бастап тұр. Lada-ның бағасы салыстырмалы түрде арзан болғандықтан, көп сатылатын көліктер тізімінің ұшар басына сол жайғасқан. Одан кейін корей автоөндірісінің мақтанышы Hyundai маркасының 3 094 данасы саудаланған. Ал үштікті Toyota түйіндейді. Оның 2 653 данасы сатылғанымен, былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,7 пайыз аз өтіпті. Автокөлік модельдері ішінде Lada Granta – 1 628 дана, Ravon R3 Nexia – 1 354 дана, Kia Rio – 1 205 дана, Toyota Camry – 1 159 дана, Hyundai Tucson – 1 081 дана, ал Lada Vesta-ның 937-сы дана сатылған. Бұл – алғашқы тоқсан көрсеткіші. Ал екінші тоқсаннан кейін Lada – 7 957, Hyundai – 6 792, Toyota – 4 731, Ravon – 4 195 және KIA-ның 3 080 данасы сатылғаны мәлім болды. Бір қызығы, әңгіме еткен Ravon R3 Nexia өтімділігі жағынан әйгілі Toyota Camry седаны мен Hyundai Tucson кроссоверін де басып озған. Дегенмен көлік бағасы мен келешектегі сұранысына қатысты түрлі болжам бар. Мәселен, Тәуелсіз автобизнес одағының басқарма мүшесі Мақсат Мейірмановтың ойынша, карантин аяқталған соң автокөлік құны кем дегенде 20 пайызға шарықтап шықпақ. Сарапшылар оны төтенше жағдаймен емес, доллардың жиі құбылуымен байланыстырады. Шетел валютасына байланған барлық өндіріс ошағы мен дилерлік орталықтар бағаны өзгертіп отыруға мәжбүр болады. – Баға бірден 20 пайызға көтеріліп кетеді деп айта алмаймыз. Оның ауыртпашылығын тұтынушы сезінбес үшін ақырындап көтеріп, өзгерте береді. Клиенттердің сұранысы да өзгеріске ұшырайтыны анық. Қалтасындағы ақшасына қарай пікірін өзгертіп, неғұрлым арзанын іздейтіндерді айтып отырмын. Мысалы, Mercedes өз тауарын 20 пайызға арттырса, Lexus өндірушілермен келісіп, 1 пайызға асықпай көтеруі мүмкін. Ең өкініштісі, тұтынушы үшін таңдау еркіндігі анағұрлым азаяды, – дейді Мақсат Мейірманов. Түйіндей келе ұққанымыз – пандемия Қазақстанның автокөлік нарығына кері әсер ете алмады. Осылайша, жаңа көліктердің дәурені жүрді. Алайда Kolesa.kz-тегі бұрын жүрген автомобильдердің жайы басқа. Сондықтан жаңа автокөліктерге қатысты сұраныс артқанын жалпы автомобиль нарығындағы өрлеу деп айта алмаспыз.