Қарағанды вирустың екінші толқынына дайын
Қарағанды вирустың екінші толқынына дайын
136
оқылды

Қарағандыда тәулігіне 2 мыңға дейін ПТР-тест жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа зертхана ашылды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қарағанды облысына арнайы келіп, мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған әлеуметтік медициналық зертхана жұмы­сымен танысып қайтты.

– КВИ ықтимал екінші тол­қынына дайындық кезінде ПТР-тестілеу көлемін арттыру аса маңызды. Облыстағы жаңа зертхананың мүмкіндігіне орай 10 мыңға дейін тест жүргізуге болады, – дейді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. Қазіргі заманғы зертханада Siemens анализаторы орнатылған. Ол  ПТР-зерттеуден басқа, имму­ноглобулиндерді G және M оқшаулау арқылы анализ жүргізуге мүмкіндік береді. Коронавирус инфекциясына жедел тест жүргізіліп, науқастың қауіпті дертке шалдыққанын әрі анти­денелердің қалыптасқанын жедел анықтайды. – Бұл – әлеуметтік зертхана. Бағалар халықтың барлық тобы үшін қолжетімді болады. Мемлекет бізді ғимаратпен қамтамасыз етіп, жөндеу жұмыстарын жүргіздік, Siemens және Beckman Coulter сияқты әлемдік өндірушілердің заманауи жабдықтарын орнаттық. Біздің техникамыз клиникалық зерт­теулердің барлық түрін жүргізуге мүм­кіндік береді, сондай-ақ бізде толық авто­маттандырылған ПТР-зертхана бар, – дейді Sanguis компаниясының директоры Қарлығаш Сыдықова. Зертхана мемлекеттік тапсырыс бо­йын­ша да жұмыс істеуге дайын. Онда иммуноферменттік және кли­никалық-диагностикалық зерттеулер жүргізіледі. Жаңа медициналық ме­кеме жылына 800 мың зерттеу жасауға лайықталған. Қарағанды облысында үш жыл­жы­малы меди­циналық кешен іске қосылды. Абай, Осакаров және Жа­ңаарқа ауда­нының орталық ауруханаларының дирек­торларына ЖМК кілті табысталды. Жылжымалы медициналық ке­шендер Қос­танайдағы «Сары­арқаАвтоПром» зауытын­да өнді­рілген. Арнайы авто­мобиль жеті ка­бинеттен тұрады. Онда жалпы қабылдау ка­бинеті, жалпы тә­жірибе дәрігерінің аймағы, тал­дауларды қабылдау бөлімі, акушер-гинеколог, функционалдық және сәулелік диагностика кабинеттері, дәріхана пункті бар. ЖМК-де рентген және флюорография жасауға болатын қорғасын бөлме де бар. Сонымен қатар кешен мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдау үшін пандус-лифтімен жаб­дықталған.

 Фармацевтика өнеркәсібі дамып келеді

Карантин кезеңінде өңірде ме­ди­циналық бетперделер мен анти­септиктер өндірісі жолға қойылды. «Мерей» ком­паниясы тәулігіне 20 мыңға дейін бетперде шығарады. Кәсіпорын қуат­тылығы күніне 50 мың дана өнім шыға­ратын жаңа желіні сатып алуды жос­пар­лап отыр. Өңірде фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту жалға­сатын болады. Қарағанды облысында дәрімен қам­тамасыз ету мәселесіне де ерек­ше назар аударылған. Қарағанды облысының әкім­дігі «Сарыарқа» ӘКК-мен бірге дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорын ұйымдастырды. Жетіспеушілікті бол­дыр­мау үшін 150 миллион теңгеге пара­цетамол, ацетилсалицил қышқылы, «Инга­вирин», «Осельтамивир» сатып алын­ды. Сонымен қатар «СҚ-Фармация» ЖШС тұрғындарға қажетті дәрі-дәрмек­тер сатып алуды жүзеге асы­руда. Қарағанды Тауарлар мен қызметтердің сапа­сын бақылау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету департаментінің мониторингтік мәліметтері бо­йын­ша, облыс қоймалары мен дәрі­ханаларында COVID-19 емдеуге арналған дәрі-дәрмектер жеткілікті. Дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектер қоры 330 мыңнан, вирусқа қарсы 130 мыңнан, антибактериалды 300 мыңнан астам және антикоагулянттар мен антиагреганттар  шамамен 260 мың қорапты құрайды.

Тұмаумен де күресу керек

Ауруханаларды заманауи меди­циналық техникамен жабдықтау жалға­суда. 223 ӨЖЖ аппараты, 2 400 оттегі концентраторы, 2 600 пульсоксиметр, 40 цифрлы рентген ап­параты сатып алын­ды. Қарағанды облысында алдын ала есептеулер бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін 3 504 медицина қызметкері жалақыға 843,3 миллион теңгеден астам үстемеақы алды. Пандемия басталғаннан бері облыста барлығы 10 376 жұқтыру оқиғасы тіркелді. 279 адам қайтыс болды, олардың басым бөлігі 60 жастан асқан және созылмалы ау­рулары бар адамдар. 9 924 науқас сауығып кетті. Стационарларда бронхо-өкпе жүйесінің зақымдану дәрежесі әртүрлі 160 науқасты емдеу жалғасуда.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы