Қарағандыда тәулігіне 2 мыңға дейін ПТР-тест жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа зертхана ашылды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қарағанды облысына арнайы келіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған әлеуметтік медициналық зертхана жұмысымен танысып қайтты.
– КВИ ықтимал екінші толқынына дайындық кезінде ПТР-тестілеу көлемін арттыру аса маңызды. Облыстағы жаңа зертхананың мүмкіндігіне орай 10 мыңға дейін тест жүргізуге болады, – дейді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. Қазіргі заманғы зертханада Siemens анализаторы орнатылған. Ол ПТР-зерттеуден басқа, иммуноглобулиндерді G және M оқшаулау арқылы анализ жүргізуге мүмкіндік береді. Коронавирус инфекциясына жедел тест жүргізіліп, науқастың қауіпті дертке шалдыққанын әрі антиденелердің қалыптасқанын жедел анықтайды. – Бұл – әлеуметтік зертхана. Бағалар халықтың барлық тобы үшін қолжетімді болады. Мемлекет бізді ғимаратпен қамтамасыз етіп, жөндеу жұмыстарын жүргіздік, Siemens және Beckman Coulter сияқты әлемдік өндірушілердің заманауи жабдықтарын орнаттық. Біздің техникамыз клиникалық зерттеулердің барлық түрін жүргізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ бізде толық автоматтандырылған ПТР-зертхана бар, – дейді Sanguis компаниясының директоры Қарлығаш Сыдықова. Зертхана мемлекеттік тапсырыс бойынша да жұмыс істеуге дайын. Онда иммуноферменттік және клиникалық-диагностикалық зерттеулер жүргізіледі. Жаңа медициналық мекеме жылына 800 мың зерттеу жасауға лайықталған. Қарағанды облысында үш жылжымалы медициналық кешен іске қосылды. Абай, Осакаров және Жаңаарқа ауданының орталық ауруханаларының директорларына ЖМК кілті табысталды. Жылжымалы медициналық кешендер Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында өндірілген. Арнайы автомобиль жеті кабинеттен тұрады. Онда жалпы қабылдау кабинеті, жалпы тәжірибе дәрігерінің аймағы, талдауларды қабылдау бөлімі, акушер-гинеколог, функционалдық және сәулелік диагностика кабинеттері, дәріхана пункті бар. ЖМК-де рентген және флюорография жасауға болатын қорғасын бөлме де бар. Сонымен қатар кешен мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдау үшін пандус-лифтімен жабдықталған.Фармацевтика өнеркәсібі дамып келеді
Карантин кезеңінде өңірде медициналық бетперделер мен антисептиктер өндірісі жолға қойылды. «Мерей» компаниясы тәулігіне 20 мыңға дейін бетперде шығарады. Кәсіпорын қуаттылығы күніне 50 мың дана өнім шығаратын жаңа желіні сатып алуды жоспарлап отыр. Өңірде фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту жалғасатын болады. Қарағанды облысында дәрімен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылған. Қарағанды облысының әкімдігі «Сарыарқа» ӘКК-мен бірге дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорын ұйымдастырды. Жетіспеушілікті болдырмау үшін 150 миллион теңгеге парацетамол, ацетилсалицил қышқылы, «Ингавирин», «Осельтамивир» сатып алынды. Сонымен қатар «СҚ-Фармация» ЖШС тұрғындарға қажетті дәрі-дәрмектер сатып алуды жүзеге асыруда.Тұмаумен де күресу керек
Ауруханаларды заманауи медициналық техникамен жабдықтау жалғасуда. 223 ӨЖЖ аппараты, 2 400 оттегі концентраторы, 2 600 пульсоксиметр, 40 цифрлы рентген аппараты сатып алынды. Қарағанды облысында алдын ала есептеулер бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін 3 504 медицина қызметкері жалақыға 843,3 миллион теңгеден астам үстемеақы алды. Пандемия басталғаннан бері облыста барлығы 10 376 жұқтыру оқиғасы тіркелді. 279 адам қайтыс болды, олардың басым бөлігі 60 жастан асқан және созылмалы аурулары бар адамдар. 9 924 науқас сауығып кетті. Стационарларда бронхо-өкпе жүйесінің зақымдану дәрежесі әртүрлі 160 науқасты емдеу жалғасуда.Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы