Қызылорда диқандары күріштен мол өнім алды
Қызылорда диқандары күріштен мол өнім алды
148
оқылды

Биыл Қызылорда облысында  күріш бітік шықты. Облыста күріштің  әр гектарынан 61,8 центнер өнім алынған.

Масс-медиаға берген сұхбат­тарының бірінде облыс әкімі Г.Әбдіхалықова Сыр өңірінің негізгі дақылы саналатын  күрішке қатысты түрлі мәселе бар екенін де айтты. Әсіресе, аймақта су тапшылығының сезіліп қалатын кезі болып тұрады. Бұл жағдай көбіне өзеннің жоғарғы ағысында отырған мемлекеттердің саясатына да, сол аймақтардағы ауа райының жағдайына да  байланысты болатыны бар. Мәселен, Қырғызстандағы «Тоқтағұл» су қоймасында былтыр 18 млрд текше метр су болса, биыл 12-ақ млрд текше метр су болған. Сол сияқты Өзбекстан арқылы келетін Шардарада су былтырғыдан 1,1 млрд-қа аз болған. «Сондықтан жазғы уақыт кезінде егіс егіліп болғаннан кейін қиындықтар туындады. Қол режимінде басқаруға тура келді. Экология, табиғатты қорғау министрлігіне зор алғысымызды айтамыз. Солармен бірге күнде таңертең жұмысты бастап, суды реттеп отырдық. Оның ішінде біздің кәсіпкерлерге, егіншілерге ерекше рақметімді айтқым келеді. Өйткені түсіністікпен қарады, суды кезек-кезек беріп отырдық. Мысалы, ең кемі күн сайын күніге 550 текше метр секундына су келу керек. Ал кейбір кезде ол 400-ге дейін түсіп кеткен кездер болды», – деді  облыс әкімі. Дегенмен биыл егіс жақсы шыққан. Қызылорда­лықтар  күріштің гектарына  61,8 центнерден өнім алуда. Былтыр 60,3 болған еді. «Жалпы, 551 мың тонна күріш жиналды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 15 мың тон­наға көбірек. Егісті де әртараптандыру мә­селесі бар. Мысалы, күріш. Жаңа айтып өткенімдей, биыл су жетпей, таршылық көрдік. Күрішті алсақ, 1 гектарына 33 мың текше метр су қажет етеді екен. Ал тура сондай суды 10 мың гектар қызанаққа жұмсауға болады.  Күріштің 1 гектарынан 650 мың теңге кіріс алынады, ал қызанақтан 25 млн-ға дейін кіріс алуға болады», – дейді Г.Әбдіхалықова. Сонымен қатар облыс әкімі мұны мал азығына арналған жоңышқамен де, тамаққа қажетті басқа да дақылдармен салыстыруға болатынын айтты. Сондықтан әкімдік кәсіпкерлермен, егіншілермен бірге бұл мәселені қарап, тереңірек ойланып, зерттеуге бекініп отыр. Облыс әкімінің айтуынша, Қызылордада күріш алқабының 80-85 мың гектарын сақтап қалып, қалғанына басқа дақылдар орналастыру қажет. Бұл өз кезегінде өңірдегі ауыл шаруашылығының әртараптанып,  табыстың да арта түсуіне  септігін тигізбек.

М.БАЙНАЗАР