Ақша адамдарға ғашық па, адамдар ақшаға ғашық па? Жерде жеті мың теңге жатса, жерге жата қалып,тапқанына тапырақтай қуанатындар да аз емес. «Алтын көрсе, періште жолдан тайыпты» деген баяғыдан келе жатқан керемет сөзге қолды бір сілтейтің болдық. Ақша көрсе, ақылдарынан адасып, жемқорлықпен айналысатын ағайындардың құлақтарына қырық килә алтын сырға. Ал алаяқтар ше? Ақша көргенде, көздері жайнап, еріккеннен сағыз шайнап, ардан аттап, өзіңді өтірік мақтап, аузыңды аңқитып кетеді. Ал, алаяқтың мына бір түрі айтқан уәдесінде тұрады, неге кіріптар болсаңыз, жағдайыңызды жасап береді. Мұндай алаяқтар мемлекетті алдайды. Сізге жүргізуші куәлігі керек пе? Айн момент. Еш уайымдамаңыз, астанадағы халыққа қызмет көрсету орталығы маңына барсаңыз, Бекболат Тұрғынбаевты жолықтырасыз. Ол кісі сізді оңаша апарып, сұрақтардың астына алады. – Сізге ЖК керек қой? – Ол не? – Жүргізуші куәлігі. – Ия. Жүргізушілер мектебінде оқып, медициналық анықтама алып жүргім келмейді. – Бәрін өзім жасаймын. – Тошына? – Болады, мощына! – Танктің де куәлігін әпере аласыз ба? – Оны неге сұрап тұрсыз? – Сынап жатқаным ғой. Қолыңыздан бәрі келеді екен. – Ұшақтың да куәлігін әпере аламын!Сен мені танымайды екенсің! Ақшаң болса, кеме де жүргізе аласың! – Танысқаныма қуаныштымын! Қанша сұрайсың? – Айтсам, жылайсың. – Айта беріңіз. – Ұнамаса, қайта беріңіз. – А‒а... – Бері келіңіз. – Қайда? – Мұнда, анау біреу құлағын түріп тұрған сияқты. Екеуі көшенің түкпіріне тығылды. – В категриясы 80 мың, Д категориясы 120 мың теңге. – Болды ағасы, 120 мың теңге берсем, алдап кетпейсіз ғой? – Алдасам, арбаның астына түсейін! – Басқаша қарғаныңызшы? – Қалай? – Заманауй? – Короновис болып ктейін! Пандемия болып, үш күн ішінде өліп кетейін! СПИД болайын. Гемморой... – Болды, болды, сендім. Сену үшін сізге келдім. Мінеки ақшаңыз... Бекболат Тұрғынбаев ақшаны санап тұрды, санаған сайын, тіфі, тіфілеп, ернін жалап тұрды. Біреу-міреу көріп қояды ма деп, жан‒жағына жалтақтап, қарап тұрды. Расымен сезіктенген екен, жемқорларға күрес қызметкерлері сау ете қалып, қолын артына қайырды.Сөйтсек, Бекболат мырзаның сыбайластары көп екен.Олардың автокөліктерін тінту кезінде медициналық анықтамалар, авто мектептерде дәріс алды деген сертификаттар, жеті авто мектептің мөрі шықты.Тексере келгенде, екі мыңнан астам жүргізуші куәлігі сатылыпты. Бұл биылғы дерек.Сонда дейміз, жалған куәлік алған жүргізушілер оқымай‒ақ, көліктеріне отырады, талай жаяулардың тағдырларына тұз себеді, өздері де анау дүниеден бір-ақ шығады деген ойлар ешкімді мазаламайты болып тұрғаны ғой? Ақша, ақша болса,бәрін сатып аласың деген осы. Осы ғой енді...
Ратқұм МІРЕШ