Манзоров ісі: Агенттік Бас прокуратура шешіміне наразылық танытты
Манзоров ісі: Агенттік Бас прокуратура шешіміне наразылық танытты
5,117
оқылды

ҚР Сыбайлас жемқорыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Бас прокуратураның Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоровқа қатысты қылмыстық істі жабу шешіміне наразылық танытты. Бұл туралы аталған агенттіктің 1-департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов айтты деп жазады "Қазақпарат".

«Фактілерге сүйенуіміз керек. Бізге агенттікке екі азаматымыз жүгінді. Олардың шағымдарын сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеп, тергеуді бастадық. Бұл бірінші факті. Екінші факті, қылмыстық істі тергеу барысында Бас прокуратура талап етті және қылмыс ізінің болмағаны үшін тоқтатты. Қазіргі уақытта біз бұл шешіммен келіспейтіндігімізді және оған қарсылық білдірдік. Қазір ол Бас прокурордың қарауында жатыр,- деді ол агенттіктің алқа мәжілісі аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Осы орайда ол тергеудің мән-жайы құпия екендігін, оны прокуратура органдарының келісімімен ғана жариялауға болатындығын айтты. Сонымен қатар, департамент басшысы Бас прокурор тарапынан агенттікке заңдылықты бұзуға жол берген қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыным түскендігін растады. «Бізге ұсыным түсті. Бұл ұсынымды басшылық қарайды және оның қаншалықты негізгі екендігін және кімнің тәртіптік жауапкершілікке тартылатындығын шешеді», - деді Қ.Сүлейменов.
Еске салсақ, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоров ұсталғаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ, Агенттік оған қандай айып тағылғанын айтты. Бас прокуратура Бағдат Манзоровқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылғанын ресми түрде мәлімдеді. Шенеунік қызметіне оралды.