Биылғы күзде еліміздің тұрғын үй секторында мыңнан астам өрт тіркелді. Елордада Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Төтенше жағдайдар комитетінің төрағасы Владимир Беккер осылай деп мәлімдеді.
«Биылғы 1 қыркүйектен бастап тұрғын үй секторында 1 148 өрт тіркелді. Оның салдарынан 20 адам мерт болып, 34 адам жарақат алды, 6 адам өрт шықпай-ақ, иіс тиіп көз жұмды»,– деді В. Беккер.
Осыған байланысты, ТЖ комитеті тұрғын үйлерде адамдардың улы газдан өлімін болдырмау мақсатында үйді жылыту ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді.
«Пеш үстінде және оған жақын жерде отын, киім және басқа да жанғыш материалдарды кептіруге болмайды. Қатты суықта пештің қызып кетуіне жол бермеңіз, пеш пен оның айналасын мұқият бақылаңыз. Мұржаның бітеліп қалуы иіс тиюге әкеп соғуы мүмкін, оны 3 айда бір рет тазалау керек. Газға қатысты барлық жұмысты білікті мамандар істеуі керек. Қандай да бір ақау байқалса, қазандықты сөндіріп, газ қызметіне хабарласыңыз»,– деді комитет төрағасы.
Сондай-ақ, ТЖ комитетінің төрағасы тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігінің бұзылғанына айыппұл салынбайтынын ескертті және тұрғындарға өрт қауіпсіздігі туралы тексеру жұмыстарына қарсы болмауды өтінді.