Бұл бағытта бүгінде ауқымды жұмыстар басталғанымен арнаулы орта білім беретін оқу орындарының жатақханасының жағдайы мәз болмай тұр. Бұған Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Jas Otan Жастар қанатының жастары жуырда көз жеткізіп қайтты.
Былтырғы жүргізілген мониторинг барысында айтылған сын-ескертпелерден шыққан сабақты саралай барған жасотандықтар колледждерде кемшіліктер сол «баяғы жартас» күйі тұрғанын анықтады. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің Төле би даңғылының бойында орналасқан жатақханасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Жаңарту жұмыстары соңғы рет 10 жыл бұрын жүргізілген. Былтырғы сын-ескертпелер сол қалпында. Қырық жылға жуық студенттердің үйі болған ғимаратқа жаңарту жұмыстары ауадай қажет.Білім ордасы ескі ғимаратты сырлап-әктеп әзер ұстап отыр.Аталған колледжде жуынатын арнайы орын жоқ. Сол себепті жастар сенбі-жексенбі күндері үйлеріне жіберіледі. Ауданнан 30-40 шақырым жерде орналасқан мекемеге студенттер өздері жетеді. Себебі көлік мәселесі әлі күнге шешілмеген.1956 жылы соғылған жатақхана күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазір студенттер дәстүрлі оқу форматында білім алып жатқандықтан олар жатақханада өлместің күнін кешуде. Бөлмелердің есігі мүлдем құлттанбайды.
Jas Otan Жастар қанаты аталған кемшіліктерді тізіп, қазір Жамбыл облыстық Білім басқармасына жолдап отыр. Енді бұл олқылықтың орнын басқарма қалай толтыратындығы белгісіз. Алайда Елбасы тапсырмасын елеусіз қалдыру жақсылыққа апармайтындығы да айқын.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы