Құрманғазы оркестріне – 85 жыл

Халқымыздың ұлттық музы­ка­­­лық өнерін дәріптеп, бірегей музыкалық аспаптарымыз бен дала әуенінің әсем де сырлы сазын әлемге әйгілеп жүрген еліміздегі тұңғыш әрі теңдесі жоқ музыкалық ұжым Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестріне биыл – 85 жыл. Айтулы мерекеге орай «Қазақстан» орталық концерт залында өткен керемет кештің куәсі болдық.

Алдымен сахнада Құрманғазы оркестрінің бас дирижері, Тұңғыш Президент – Елбасы қоры сыйлығы­ның лауреаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепбергеннің дирижерлігімен ор­кестр композитор Сыдық Мұхамет­жанов­тың «Шаттық отаны» күйін орындады. Залға жиналған халық оркестрдің өнеріне қошемет көрсетіп, ұзақ қол соқты.

Салтанатты шара барысында Мәде­ниет және спорт министрі Ақто­ты Райымқұлова құттықтау сөз сөйлеп, оркестр ұжымына шығарма­шылық табыс тіледі.

– Еліміздің рухани өміріндегі айтулы оқиға «Рухани жаңғыру» мем­ле­кеттік бағдарламасы және Жастар жылы аясында ұйымдастыры­лып отырған оркестрдің 85 жылдық мерей­тойымен құттықтаймын. Ғасырлар қойнауынан бастау алатын халқымыз­дың музыка өнерін ел игілігі үшін қайта жаңғыртып, күй өнерінің майтал­мандары, жалпы, өнер қайрат­керлерінің құтты қара шаңырағы Құрманғазы оркестрінің 85 жылдық кезеңде атқарған ауқымды жұмысы мен айрықша орнын лайықты атап өткім келеді. Осы жыл ішінде ұлттық өнерімізді әлемдік деңгейге көтерген дарын иелерінің бірнеше буыны қалыптасып, мемлекетімізге өлшеусіз еңбек сіңірді. Олар А.Жұбанов, Л.Мұхи­тов, Қ.Жантілеуов, О.Қаби­ғожин, Н.Бөкейханов, Ғ.Матов, қобыз­шы Ж.Қаламбаев сынды ұлттық өнердің хас шеберлері оркестр бас­тауында тұрды. Бүгінгі күні оркестрдің ұжымы өткен асылдардың сынығы. Бұл мерей­тойлық күн біз үшін қуаныш әрі аға толқынға деген тағзым деп білемін, – дей келе, министрліктің құттықтау адресатын Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің директоры Қуанышбек Мұханғалиевке табыстады.

Сондай-ақ кеште Nur Otan партия­сының хатшысы Әлібек Әлденей Nur Otan партиясының Бірінші орынба­сары Бауыржан Байбектің құттықтау хатын оқыды. Содан соң концертке жиылған көпшілік деректі фильм тамашалап, оркестрдің өмір тарихы туралы мол дерекке қанықты.

Киелі сахна төрінде елімізге еңбегі сіңген Нұржамал Үсенбаева, Сүндет Байғожин, Тамара Асар және Айгүл Қосанова сынды өнер майталмандары әннен шашу шашты. Мерекелік кешті тамашалауға келген меймандар ор­кестрдің, дирижер Абылай Тілепберген мен Жексен Айсынның кәсібилігіне куә болып, өнер ұжымына ілтипат танытты.

«Қазақстан» орталық концерт за­лында салтанат құрған ұлттық өнеріміз тыңдарманын тамсандырып, көрермен жүрегіне жылылық ұялатты. Әсем ән әуелеп, күй күмбірледі. Қазақтың қос ішекті домбырасынан төгілген күй өзге де ұлттық аспаптардың үнімен үйлесім тауып, төл өнерге сусап жүрген халық­тың шөлін бір қандырды. Сахнада салтанат құрған көңілді, көтеріңкі нотадағы көркем би көңілдің хошын кіргізді. Оркестр Ықыластың күйі «Жезкиік», Тәттімбеттің күйі «Сары­жайлау», Құрманғазының «Төремұрат», «Сарыарқа», «Серпер» күйін жоғары деңгейде орындап шықты. Нұржамал Үсенбаева «Алқоңыр» әнін, Айгүл Қосанова «Қыз дәурен – ән дәурен» мен «Айнамкөзді» тамылжыта айтса, Тамара Асар халық әні «Ақбаян» мен француз әні «Ғафу етіңіз, балалығым үшін» әнін француз тілінде нақышына келтіре шырқады.

Кеште Антонио Вивальдидің «Жаз», Петр Чайковскийдің «Пляска скоморохов», Иоганн Штраустың «На прекрасном голубом Дунае», Джоаки­но Россинидің «Вильгельм Телль» опе­­расына увертюрасы, Даниэль Уильям­­с­тің «Виктори» атты клас­си­ка­лық шығармалары қазақ ұлттық музыка аспаптарының үнімен жаңа бояу тауып, түрлене түсті.          

Бұл күні концертке келген өнер­сүйер қауымның оркестрге деген ықы­ла­­сы ерекше болды. Кештен көрер­мен­дер қазақтың дәстүрлі мұрасын жаңа за­ман талабымен үйлестіре білген атақ­ты ұжымның өнеріне тәнті болып тарқасты.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.