Халқымыздың ұлттық музыкалық өнерін дәріптеп, бірегей музыкалық аспаптарымыз бен дала әуенінің әсем де сырлы сазын әлемге әйгілеп жүрген еліміздегі тұңғыш әрі теңдесі жоқ музыкалық ұжым Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестріне биыл – 85 жыл. Айтулы мерекеге орай «Қазақстан» орталық концерт залында өткен керемет кештің куәсі болдық.
Алдымен сахнада Құрманғазы оркестрінің бас дирижері, Тұңғыш Президент – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепбергеннің дирижерлігімен оркестр композитор Сыдық Мұхаметжановтың «Шаттық отаны» күйін орындады. Залға жиналған халық оркестрдің өнеріне қошемет көрсетіп, ұзақ қол соқты.
Салтанатты шара барысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құттықтау сөз сөйлеп, оркестр ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
– Еліміздің рухани өміріндегі айтулы оқиға «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отырған оркестрдің 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Ғасырлар қойнауынан бастау алатын халқымыздың музыка өнерін ел игілігі үшін қайта жаңғыртып, күй өнерінің майталмандары, жалпы, өнер қайраткерлерінің құтты қара шаңырағы Құрманғазы оркестрінің 85 жылдық кезеңде атқарған ауқымды жұмысы мен айрықша орнын лайықты атап өткім келеді. Осы жыл ішінде ұлттық өнерімізді әлемдік деңгейге көтерген дарын иелерінің бірнеше буыны қалыптасып, мемлекетімізге өлшеусіз еңбек сіңірді. Олар А.Жұбанов, Л.Мұхитов, Қ.Жантілеуов, О.Қабиғожин, Н.Бөкейханов, Ғ.Матов, қобызшы Ж.Қаламбаев сынды ұлттық өнердің хас шеберлері оркестр бастауында тұрды. Бүгінгі күні оркестрдің ұжымы өткен асылдардың сынығы. Бұл мерейтойлық күн біз үшін қуаныш әрі аға толқынға деген тағзым деп білемін, – дей келе, министрліктің құттықтау адресатын Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің директоры Қуанышбек Мұханғалиевке табыстады.
Сондай-ақ кеште Nur Otan партиясының хатшысы Әлібек Әлденей Nur Otan партиясының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің құттықтау хатын оқыды. Содан соң концертке жиылған көпшілік деректі фильм тамашалап, оркестрдің өмір тарихы туралы мол дерекке қанықты.
Киелі сахна төрінде елімізге еңбегі сіңген Нұржамал Үсенбаева, Сүндет Байғожин, Тамара Асар және Айгүл Қосанова сынды өнер майталмандары әннен шашу шашты. Мерекелік кешті тамашалауға келген меймандар оркестрдің, дирижер Абылай Тілепберген мен Жексен Айсынның кәсібилігіне куә болып, өнер ұжымына ілтипат танытты.
«Қазақстан» орталық концерт залында салтанат құрған ұлттық өнеріміз тыңдарманын тамсандырып, көрермен жүрегіне жылылық ұялатты. Әсем ән әуелеп, күй күмбірледі. Қазақтың қос ішекті домбырасынан төгілген күй өзге де ұлттық аспаптардың үнімен үйлесім тауып, төл өнерге сусап жүрген халықтың шөлін бір қандырды. Сахнада салтанат құрған көңілді, көтеріңкі нотадағы көркем би көңілдің хошын кіргізді. Оркестр Ықыластың күйі «Жезкиік», Тәттімбеттің күйі «Сарыжайлау», Құрманғазының «Төремұрат», «Сарыарқа», «Серпер» күйін жоғары деңгейде орындап шықты. Нұржамал Үсенбаева «Алқоңыр» әнін, Айгүл Қосанова «Қыз дәурен – ән дәурен» мен «Айнамкөзді» тамылжыта айтса, Тамара Асар халық әні «Ақбаян» мен француз әні «Ғафу етіңіз, балалығым үшін» әнін француз тілінде нақышына келтіре шырқады.
Кеште Антонио Вивальдидің «Жаз», Петр Чайковскийдің «Пляска скоморохов», Иоганн Штраустың «На прекрасном голубом Дунае», Джоакино Россинидің «Вильгельм Телль» операсына увертюрасы, Даниэль Уильямстің «Виктори» атты классикалық шығармалары қазақ ұлттық музыка аспаптарының үнімен жаңа бояу тауып, түрлене түсті.
Бұл күні концертке келген өнерсүйер қауымның оркестрге деген ықыласы ерекше болды. Кештен көрермендер қазақтың дәстүрлі мұрасын жаңа заман талабымен үйлестіре білген атақты ұжымның өнеріне тәнті болып тарқасты.