«Сасықсайды» құртуға неге асықпайды?
«Сасықсайды» құртуға неге асықпайды?
136
оқылды

Атырау аймағы климатының жайсыздығы болмаса, қойнауы толған тұнба байлық. Бұл – бізге берген табиғаттың сыйы. Бірақ осы байлықты игеріп, ел игілігіне жа­рату, өндірістің қарқынды да­муы, өңіріміздің экожүйесіне тех­ногендік салмақ салып отыр­ғаны да ащы ақиқат. Ірі өндіріс орындары шоғырланған Атырау өңірі үшін экология – маңызды мәселе.

Ал маңызды мәселені шешуге уақыт пен қаржыдан өзге жауапкершілік те керек екенін естен шығармаған дұ­рыс. Жер­асты және жерүсті байлығын иге­­­ру­дегі табиғатқа залал, адамзатқа қа­уіп төндірмей шикізатты өндіруді «мақсатты» түрде естен шығарып жі­бе­ретін шетелдік және отандық ком­­па­ниялардан өзге, жергілікті жер­дегі меке­мелердің де жауапсыздығы ай­мақ эко­логиясына орасан зор қауіп төн­ді­руде.

Жергілікті тұрғындар таңда тұр­ған­­­нан иісі қолқаны алып кететін иіс­терге үйреніп қалған. Мұнай-газ ком­панияларының ауаға жіберген лас ауасынан өзге Атырауда тағы бір проб­лема бар. Кәріз суы жергі­лік­­­ті ха­лық «Сасықсай» деп атай­тын бу­ла­ну алаңына жеткенше тазарту­дың толық сатысынан өтпейді. Об­лыс ор­талығының санитарлық-эпиде­мио­­­ло­гиялық жағдайына кері әсерін ти­гі­зетін бұл мәселені академик, эколог Мұфтах Диаров жиі айтып, халықпен бірге жанайқайын тиісті құрылым бас­шыларына айтудай-ақ айтып келеді.

Аймақ экологиясын назардан тыс қалдырмайтын ғалымның айтуынша, пайдалануға берілген 24 мың текше метр сұйық жинауға арналған «Сасықсайға» қазір кәсіпорындардан тәулігіне 60 мың текше метр сарқынды құйылады. Улы заттардың қорымына айналған полигон аумағы 8 есе ұлғайған.

Тұрғындарды зәрезап еткен булану алаңының жабылатыны туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев халыққа есеп беру жиынында айтқан еді. Қаланың сол жақ жағалауында салынып жатқан кә­різ тазарту жүйесі құрылысының аяқ­талуын атыраулықтар асыға күтіп жүр.

Жуырда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Атырау қаласының сол жақ жаға­лауында кәріз тазарту жүйесінің құры­лысы барысын бір шолып қайтты.

Атырау қаласының кәріз тазарту қондырғылары кешенінің құрылысы 2017 жылы басталды. Қазіргі уақытта негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқ­талып келеді. Келесі жылы аталған ке­шен өз қызметін толыққанды бас­тауы тиіс.

Аймақ басшысы жобаның ерекше­лі­гіне тоқтала келіп, аймақтың эколо­гия­лық қауіпсіздігі маңызды екенін де атап өтті.

Кешен құрамында негізгі кәріз айдау стансасы, тазаланбаған ағын су­­лар­дың қондырғысы, кәріз тазар­ту қондырғыларының алаңы, таза­лан­ған ағындардың коллекторы, био­­­ло­гиялық көлдер мен булану алаң­­дары бар. Тазартудың мұндай тә­сілі Қа­зақстанның тек бірнеше қала­сын­да ғана пайдаланылады. Жаңа ке­шен пай­далануға тапсырылған соң, «Сасық­сай­дағы» булану алаңдары жойы­лады.

Жаңа кешенді пайдалануға тапсыр­ған соң ғана мүмкін болатын ағынды су­ларды тазалаудың жаңа түрі ең алды­мен экология үшін аса маңызды. Тазаланған су көздері жер қабаттары мен жерасты суларының ластануына жол бермейді. Тағы бір ескерер жайт, ластанған су айналадағы экологиялық жүйеге кері әсерін молынан тигізеді.

Жаңа тазалау қондырғылары жұмыс барысының тиімділігін арттырады. Өйткені тазаланған ағынды суларды шаруашылық мақсаттар үшін қайтадан пайдалануға болады.

Қазірден-ақ мамандары осы ны­сан­ға келіп, іске кірісуі керек «Аты­рау Су Арнасы» КМК өкіліне облыс әкімі тосын бір ұсыныстар жасады.

– Осы нысанды кейін сіздің мекеме өз құзыретіне алады. Мамандарыңыз қазірден-ақ аталған кешенде жұмыс істей алуы үшін, қондырғының қыр-сыры­мен таныса беруі керек. Олар ны­сан пайдалануға тапсырылғанша қыз­метті бастап кететін дәрежеде болуы керек. Маусыммен қызмет жасауы үшін мұнда кем дегенде 20 шақты маман­дарыңызды жіберулеріңіз керек. Жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп келеді, нысанды межелі уақытында тапсыруымыз керек», – деді Нұрлан Ноғаев.

Жобаны жүзеге асыру қала ма­ңын­дағы көптеген проблеманы ше­шу­ге, әсіресе экологиялық ахуалды жақ­сар­туға болады екен. Кейін кәріз тазарту кешенінің жүйесіне жеке сектордағы үйлерді қосу да жоспарланып отыр.

Осылайша, 1978 жылы салынған нысанның жаңа тынысы ашылады. Жаңа жүйе іске қосылған сәттен бас­тап, кәріз жүйелерінің экологияға теріс ықпал етуі мүлдем тоқтатылады.

«Қазгидрометтің» мониторингтік бақылауы нәтижесінде жасалған ауасы ең лас қалалар тізімін биылғы бірінші жарты­жылдықта Ақтөбе бастап, Қара­ғанды, Нұр-Сұлтан қалаларынан кейін Атырау жалғастырған. Мұнайлы ай­­мақта бірінші санаттағы қауіпті кә­сіп­­орындар саны жүз елуге жетіп қал­ды. Бұл қоршаған ортаны қорғау шара­ларын әлі де жетілдіре түсу керегін көр­сетеді. Ал келер жылдан бастап іске қосылатын жаңа кәріз суын тазарту жүйесі Атыраудың лас ауасын тазартады деген үміт бар. Ендігі үміт аймақтағы ірі кәсіпорындар да өз істеріне жауапкершілікпен қараса, қазба байлығы мол жердің жергілікті халқының да өмір сүру қолайлығы жақсарары сөзсіз.

 

Атырау облысы