Жалақысы 70 мыңға жетпейтін маман миллион айыппұлды қалай төлейді?
Жалақысы 70 мыңға жетпейтін маман миллион айыппұлды қалай төлейді?
135
оқылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облыстық департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев Жамбыл өңірінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында тоғыз айда атқарылған жұмысты баян етті. Департамент басшысы есепті кезеңде еңсерілген тірлікпен  қатар, көпке ой салар мәселені де көтерді. Жалпы Жамбыл облысында сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстардың дені мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу  барысында орын алады екен. Өткен жылы мұндай 581 хаттама толтырылып, 61,0 миллион теңге айыппұл салынса, ағымдағы жылдың алты айында 119 хаттама жасалып, 20,0 миллион теңге айыппұл өндірілген. Сондай-ақ орындалмаған жұмыстар бойынша мердігерді жосықсыз деп танып, дер кезінде сотқа жолдамағаны үшін де жамбылдық шенділер бармақ тістеуде екен. Мәселен өткен жылы осындай келеңсіздікке жол берген азаматтар 61,0 миллион теңге айыппұл арқаласа, биылғы жылдың алты айында 20,0 миллион теңге  төлеген. Департамент басшысының айтуынша, мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары мекемелер  қатарына     тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары, құрылыс және білім бөлімдері  жатады екен. Аталған мекемелердегі  лауазымды тұлғалар  жылына 400 мың теңгеден 9,0 миллион  теңгеге дейін айыппұл төлеуде. Мысалы, Талас ауданы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы К.Қожатаеваға 2020 жылы 22 хаттама толтырылып 2,9 миллион  теңгеге әкімшілік айыппұл салынған .  Алайда бөлім басшыларының  орташа еңбекақы  160 000 теңгені құрайтын ескерсек, олар миллиондап салынған айыппұлды төлеу үшін қаржыны қайдан алатындықтары түсініксіз. Мамандар мұндай жағдайлар екінші мәрте сыбайлас жемқорлыққа бару фактісіне итермелеуі мүмкін деген болжам жасайды. Тағы бір айта кетерлігі, Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрыңғы басшысы Б.Есеев, «бір көзден мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыруға қаражат талап еткені үшін» қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алайда  оған дейін Б.Есеевке 2020 жылы мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзғаны  үшін 17 хаттама толтырып 2,0 миллион  шамасында әкімшілік айыппұл салынған. Департамент басшысы болашақта  бірнеше рет мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзғандарды қатаң тәртіптік жазаға тарту ұсынып отыр. Әрине аталған ұсыныстар қолдау табары, әлде жоғы белгісіз. Алайда шын мәнінде айлығы айыппұлдан сан есе аз мемлекеттік қызметші одан қалай құтылатындығы түсініксіз. Тіпті жалақысы 70 мың теңге жетпейтін бөлім мамандары да миллион теңге айыппұл арқалағанын естігенбіз. Сонда олар айыппұлды төлеуі  үшін қаржыны қайдан алуы керек?

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы