Мал базардың төңірегі реттеле ме?
Мал базардың төңірегі реттеле ме?
318
оқылды

Түркістанды дамы­ту бойын­­ша жүргізіліп жатқан жұ­мыстардың қарқыны бар­ша­ға аян. Дегенмен қазіргі Түркіс­тан базарларының ах­уа­­лы кім­ді де болса қызық­ты­ра­ты­ны сөзсіз. Сол себепті қала ір­гесінде орналасқан мал ба­зар­дың жағдайы мен оның төңі­регіндегі қараусыз жат­­қан жер аумақтардың адам шо­шыр­­лық келеңсіз кө­рі­­­ністері ма­қаламызға арқау болмақ...

БАЗАРҒА БАРДЫҚ...

Сонымен, мал базарына бар­дық, көрдік, бірақ жағдай мәз емес екен. Назарымды ауд­арған негізгі мәселе – мал базар тө­ңірегіндегі қазіргі ұсқынсыз кел­беті адам шошырлықтай жағдай­да екен.

«Бақсам, бақа екен» демекші, мұнда келеңсіз дүниелер жетерлік екен. Атап айтқанда, мал базарға баратын жол нашар, төңірегіне тас­талған тау-тау қоқыстан аяқ алып жүре алмайтындай, тас-то­пы­рағы 4-8 метрдей тереңдікте қа­­зылып алынғаннан кейінгі кө­му­сіз жатқан карьердегі шұң­қыр­­лар көзге өте жайсыз көрінеді. Ал жел басталса, аспанға әуелетіп ұшқан жеңіл күл-қоқыстар мен басқа да заттардан көз аша алмай қаласыз. Дегенмен жаңадан са­лынған мал базардың іші талапқа сай рет­тел­­гендей екен. Атап айт­қанда, ірі қара мен жылқы және ұсақ мал са­та­­тын орындар төбесі жабық бас­тыр­ма болып бөлек-бөлек ретімен салыныпты. Естуі­міз­ше, қазірдің өзінде базар жұмыс жа­сай­тын күні ара-тұра базардағы мал-жанды қы­зықтап кететіндер­дің қатарында шетелдік­тер бар екен.

Осы орайда, «Нұр-Әсем» мал база­рының иесі Әбсаммат Мәт­кәрі­мовті сөзге тарттық.

«Бұрын базар аптасына үш күн жұ­мыс істеген. Қазіргі таңда тек жек­сенбі күні жұмыс істейді. Осы күндері базарға келгендер малын сатып, мал алып кетіп жатады. Сау­дада өтпей қалған мал үшін ар­найы жем-су беретін және арнайы тұрғызатын қауіпсіз жай­лар жасақталған. Жақында заман талабына сай мал соятын бекет ашылды. Бүгінде келушілер үшін арнайы салынған 10 асхана­мыз бар. Жалпы, 40 кісіні жұмыспен қамтып отырмын. Сондай-ақ 180 адам мал сату бойынша делдалдық­пен айналысады. Мұнда 12 мың ірі қара, 40 мың ұсақ мал тұратын төбе­сі жабылған жай салынған. Бізде ірі мал үшін алынатын төлем 600 тең­ге болса, әрбір ұсақ мал үшін 300 тең­ге ғана аламыз. Тапқан табысы­мыз­дан мемлекетке тиісті салығы­мыз­­ды тұрақты төлеп тұра­мыз», – деді ол.

Айтуынша, ол базар төңі­ре­­­гіндегі аумақтарға жұрт жасырын төгіп кетіп жататын қоқысты та­за­лап тұрады екен. Бірақ таза­лық­­ты ұстап тұруға қанша әрекет еткенмен оның бәрін тәртіпке келтіру мүмкін болмай тұр дегенді алға тартты. Ол сондай-ақ Кентау қаласына қарасты ветеринарлық мекеме мұнда келіп тиісті қызмет атқармай отыр деп, оларға өкпелі еке­нін де жеткізді. Ал Түркістан қа­ласына қарасты базар қабатын­да­ғы бос жатқан жерді әкімшіліктен жасыл желекке айналдырамын деп сұрағанмен ол жақ әзірге келісім бермей отырған көрінеді.

Естіп-білгеніміздей, бұрынғы мал базар қала кеңейіп, базар қаланың ортасында қалып қойған соң қала сыртына көшірілген екен. Сондай-ақ мал базардың қала сыртына ығыстырылуына тағы бір себеп, мал саудасы бизнесіне қы­зы­ғушылық танытқан ірі кәсіп­керлер арасындағы тартыс та түрткі болған екен.

Түркістанмен іргелес жатқан ауылдар Кентауға қосылғандықтан, бүгінде «Нұр-Әсем» мал базары да кеншілер қаласының Қарашық ауыл округіне қарайды екен. Бірақ базардың қабырғасымен шектесіп жатқан жолдың екінші қапталынан бастап үлкен аумақта жатқан кең жазықты дала Түркістан қаласы­ның құрамындағы Бірлік ықшам­ау­данына қарасты жер болып шықты. Айтып отырған қақ орта­да­ғы жол шекара болып тұр.

Алайда халық көп шоғыр­ла­на­тын және тұрғындардың тұрмыс-тір­шілігімен тікелей қатысы бар ауқымды әлеуметтік ортаның осын­дай келеңсіз жағдайда болға­ны алаңдатарлық нәрсе. Өйткені мұнда бір жағы кәсіп игеру арқылы қаншама адам күнкөріс жасап отыр десек, мемлекетке де салық төленіп, пайда әкеліп жатқан ірі кәсіп орталығы болып саналады.

 

БІЗ БІЛЕТІН БАЗАРЛАР

Сауда-саттығымен, арзан ба­зар­ларымен көпті тәнті еткен Түр­кістан шаһары ежелден нарық­ты жетік меңгерген орталық болған. Тіп­тен атақты Ұлы Жібек жолы­ның дәуірлеп тұрған шағында да сауданың нағыз ортасы атанған Түркістан базарлары бұл заманда да дәуірлеп тұр десек, қателес­пей­міз. Шыны керек, ел аузында «Түр­кістанның базарынан іздеге­нің­­ді табасың және оны арзан баға­да аласың» деген сөзді жиі естиміз. Сондықтан болар алыс-жақын елдерден келіп жатқан тауарларды айтпағанда, өзіміздің елдің бірқатар өңірі де осы күнге дейін Түркістанмен сауда саласы бойынша байланысын үзбей келе­ді. Мәселен, мал саудасы кә­сіп­­шілігі де тап осы жерде на­рық­ты қыздырып тұр.

Айта кету керек, Түркістан об­лы­сында ірі мал базарлар жет­кі­лік­ті. Бұл базарлар – еліміздегі ірі кәсіпорындар шөкелеп құлап, тұралаған тоқырау заманда да мұрты бұзылмай өз жұмысын жүр­гізіп, халық игілігін қамтама­сыз еткен орталықтар. Айталық халық құмырсқадай құжынайтын Түркіс­тан мал базары, Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ мал базары, Жетісайдағы мал базары сынды сауда орталықтары бар. Солардың ішіндегі ауқымдысы, жер-жерден мал әкеліп жататын не­месе мал сатып алып кетіп жата­тын орталық – Түркістан мал базары. Тіпті, бұл базардан шетел асып келетін ірі қара мен жылқы малын да көп кездестіресіз. Жалпы, Түркістан­ның мал базарының қызықты жайты жетерлік. Айталық мұндағы сатылатын малдың құны долларға тікелей тәуелді болмаса да сол бир­жадағы көк қағаздардың баға­сы сияқты құбылып тұрады. Қызығы сол, кейде малды көрші­лес облыс, ауданнан осында тасып жатса, келесіде сол әкелген жағына қайта әкетіп жатады. Өйткені мұнда апта сайын ұсақ малды айпағанда, сан мыңдаған ірі қара мен жылқылар көтерме саудаға түсіп, нарықты қыздырып жатады. Әрине, сауда көрігін қыздыратындар – негізі­нен мал делдалдары. Мұны базар на­ры­­­ғының заңдылығы деп жатамыз.   

Жоғарыда айтып өткендей, мал базарға Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғыз елдерінен және арысы Қос­танайдан, Жезқазған, берісі Қызы­лордадағы Шиелі, Жаңақор­ған ауданынан, көршілес Жамбыл облысы сынды өңірлердің малы да саудаға тірідей әкелініп немесе әкетіп жатса, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Алматы, Нұр-Сұлтан сынды қалаларға Түркістанда сойылған мал еті жөнелтіледі.


МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІ

Жоғарыда айтылған пробле­ма­ға жауап алу мақсатында Түркіс­тан және Кентау қаласы әкімдігіне қарасты тиісті орындарға хабар­лас­қан болатынбыз. Атап айтқан­да, мал базардағы ветеринарлық ахуал, базарға дейінгі жолдың жағ­дайын реттеу, карьердегі қа­зыл­ған шұңқырдың орнын толты­ру және төгілген қоқыстың тазалы­ғы туралы мәселелер төңірегінде сауал тастадық.

Айталық Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты «Түркістан-тазалық» ЖШС директоры Аян Тоғызбаев ұялы телефон байла­ны­сы арқылы берген жауабында, ке­шелі бері базар маңындағы қала­ға қарасты аумақтағы төгілген қоқысты тазалап жатқанын жет­кізді. Ал базарға барар жол­дың мәселесі бойынша Түркістан қала­сы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі былай жауап берді.

«Түркістан қаласындағы мал базарға баратын жол жалпы пайда­ла­нымдағы автокөлік жолдарына жатпағандықтан, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында бюджет есебінен қаржы қарасты­рыл­маған. Сонымен қатар қала аумағында халық шоғырланған, алайда автокөлік жолымен (орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмеген) қамтылмаған көшелер жетерлік. Қаламыздағы 845 шақырым жол­дың тек 30,3 пайызы ғана асфальт жабындысы қамтылған, яғни 70 пайыз жол орташа жөндеу жұмыс­та­рын жүргізуді қажет етеді. Ал бұл жол 1 кәсіпкерлік нысанға апарады және аптаның тек жексенбі күні ғана қолданылады. Аталған жол құрылысын, тұтынушыларға жағдай жасау және кәсіпкерлігін дамыту мақсатында кәсіпкер есебінен жүргізуге болады. Алайда әкімдік тарапынан аталған жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджет есебінен қаржы қарастыруға ұсыныс енгі­зілетінін хабарлаймыз. Ұсыны­сы­­мыз кезекті мәслихат сессия­сын­да қолдау тауып, тиісті қаржы бөлін­ген жағдайда мал базарға апарар жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады» дейді.

Ал Түркістан қаласы әкімді­гінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысы Н.Жарасов былай дейді:

«Түркістан қаласы Бірлік елді мекені маңайында орналасқан мал базар Кентау қаласының ауылдық округіне қарайды. Мал базарға ба­ра­тын Түркістан қаласына қа­рас­ты Атабай тасжолы мен Бір­лік тас­жол­дары бойына абат­тан­дыру-көгал­дандыру жұмыстары 2020 жылға енгізілгенін хабарлаймын. Мал базарға баратын жолдың Түркістан аумағындағы бөлігі №15 секторға бекітіліп берілген. Жол бойындағы күл-қоқысты жою бойынша осы сектор жауаптылары жұмыс істейтін болады».

Ал жіптің екінші ұшындағы Кен­тау әкімдігінің жауапты меке­мелері де майдан қыл суырған­дай етіп өздерінің жауабын берді.

Кентау қаласына қарасты Қара­шық ауылдық округтің әкімшілігі:

«Нұр-Әсем» базары Қарашық ауылдық округінің күншығыс жа­ғын­да орналасқан. Бірлік ық­шам­ауданымен көршілес жатыр. Әр жексенбі сайын мал базар жұмыс істейді. Ішінде мал сою бекеті бар. Мал базарға баратын жолдың бо­йында тас алатын карьер және тас өңдейтін кіші зауыт орналасқан. Мал базардың арғы жағында KCI акционерлік қоғамының Түркістан құрылысы бұйымдарымен конс­тру­к­­циялар комбинаты филиалы орналасқан. Ал сол төңіректегі қазыл­ған шұңқырлар­дың орнын келесі жылдан бастап, тас-құм төгіп, болашақта жасыл желекке айналдыру жоспарлануда» деп жауап берді.

Кентау қалалық ветеринария бөлімі мал базар иесінің айтқанын теріске шығарды. «Кентау қаласы­на қарасты Қарашық ауылдық окру­гін­де орналасқан «Нұр-Әсем» мал базарына әр аптаның жексенбі күні Кентау қалалық ветеринария бөлімі тарапынан арнайы мемле­кеттік ветеринариялық дәрігер бекі­тіліп (ауылшаруашылық жануарларына клиникалық тексе­ру жүргізу, дезин­фек­циялық ері­тін­дімен жарақ­талуы, арнайы ауыл­шаруа­шы­лық жануарларын тіркеу журналы, т.б), бақылау, қа­дағалау жұмыстары тұрақты жүр­гізілуде. Сонымен қатар об­лыстық прокура­тураның «мал ұрлығына тосқауыл» атты жоба­сы­на және Кентау қаласының өкіміне сәйкес, түнгі сағат 12.00 шамасында ішкі істер органы қызметкерлерімен бірлес­кен рейд жүргізілуде. Биыл осындай рейд барысында ілеспе құжатсыз (фор­ма-1) мал тасымал­дау бойын­ша ӘҚБтК-нің 406-бабы­ 2-тар­ма­ғы­на сәйкес 9 адамға хаттама тол­ты­рылып, 227 250 теңге айып­пұл өндірілді. Сонымен қатар қазір­гі таңда заң­сыз мал тасымалдау бойынша Кен­­тау қаласы және оған қарасты ауыл­дық округ тұрғын­дары­на тү­сін­діру жұмыстары тұрақ­ты жүр­гі­зі­луде» деп жауап қатты Кентау қалалық ветеринария бөлі­мінің басшысы міндетін атқарушы Ж.Медетов.

Осы орайда, Кентау мен Түр­кіс­тан шекарасын қақ жарып тұрған, яғни базарға тура апарып, базардың қабатынан іргелетіп кесіп өтіп жатқан тасжолдың иесі Kazakh Conetruction Industry АҚ басқарма­сы­ның төрағасы Бөген­бай Абы­лайұ­лынан аталған жол­дың не се­беп­ті жөнделмей жатқа­нын сұра­ған болатынбыз. Кәсіпо­рын басшысы Түркістан қаласы маңы­нан өтетін 30 шақырымдық айналма халықа­ра­­лық шығыс авто­жолының, яғни авто­­банның құрылысын салу бо­йын­ша бүгінгі таңда жобалау-сме­та­лық құжатта­ма­ның жүргізіліп жат­қаны туралы тиісті әкімшілік орын­дардан ха­бар­лама алғандықтан және ол жол­­дың өзі иелігіндегі кә­сіп­орын­ға тиесілі жерлердің ма­ңайы­нан өтетін болғандықтан жол жөндеу жоспарын тоқтатып отыр­ғанын жеткізді. Ол сондай-ақ бізге жол салу мәселесі бойынша өзіне жол­­да­н­ған хабарламалар мен құ­жат­­тар­дың көшірмесін де бірге ұсын­ды.

 

Сөз соңында айтарымыз, ер­тең­гі күні қайта түлеген Түркістанға миллиондаған турист келеді деп жоспарланып отыр. Олар қаланың тек жаңарған жағы мен өңірдегі тарихи нысандарын аралап, тама­ша­лаудан бөлек, халықтың тыныс-тіршілігі мен тұрмыстық әл-ауқаты­мен танысу мақсатында базары­мызды аралауға асығатыны сөзсіз. Түркістан туризмі базарлар­ға да тікелей байланысты. Осыны қала әкімдігі ескеруі керек...


Түркістан облысы