«Жалғыз жортқан жыртқыштар» шабуылына дайынбыз ба?
«Жалғыз жортқан жыртқыштар» шабуылына дайынбыз ба?
111
оқылды

Лаңкестер шабуылынан жүрегі шайлыққан жаһан жұрт­шылығын қазір бірнеше мә­селе алаңдатады. Бірін­ші­сі, «№1 терроршы» шынымен өл­ді ме? Екіншісі, кезінде ха­ли­фат құруға ұмтылған лаң­кес­­тердің ендігі күрес страте­гия­сы қандай болады және одан әлемге қандай қауіп төнбек?

Бірінші сұрақты посткеңестік ке­ңістікте Шешенстан көшбас­шы­сы Рамзан Қадыров ашық қой­ды. Алдымен АҚШ президенті Д.Трамп Twitter-дегі парақшасы ар­қылы «өте маңызды оқиға бол­ды» деп интрига түзді. Ізінше 27 қазанда ресми мәлімдеме жасап, АҚШ әскерилері Сирияның Ид­либ провинциясында жүргізген, әс­кери ұшақ, 8 тікұшақ және ұшақ­сыз ұшатын аппараттар жұ­мыл­дырылған операция нәтиже­сін­де ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) терроршыл ұйымының жетекшісі әл-Бағдадидың «ит өліммен өлгенін» жариялады.

«Өткен түнде АҚШ дүние­жү­зін­­дегі №1 терроршыл лидердің үсті­­нен әділ сот төрелігін іске асыр­ды. Операция барысында бір­де-бір америкалық әскер опат бол­­мады. Әбу Бәкір әл-Бағдади­дың көптеген содыры жойылды. ДАИШ басшысы жерасты жолы ар­қылы қашуға талаптанды. Оны­сы іске аспағасын, әл-Бағдади бе­л­індегі бомба арқылы өзін-өзі жа­рып жіберді» деді Дональд Трамп.

Бұл хабарды ести сала, Рамзан Қады­ров оны келемеж етті. «Әбу Бә­кір тағы да өлді дей ме? Бұл рет­те Тарас Бульбаның өз ұлы Андрийге айтқан: «Мен сені ту­дыр­­дым, мен сені өлтірем» деген сөзі ғана ойға оралады», – деп әжуа етті Шешенстан басшысы.   

Расында, 2014 жылы ДАИШ содырлары халифат құру үшін Ирак пен Сирия жерін басып алға­лы бері әлемдік ақпарат құрал­да­рында әлдебір операцияда «Ислам мемле­к­е­ті» халықаралық лаңкестік ұйы­мы­ның негізін қалаушы әл-Бағ­дадидың көзі жойылғаны тура­лы хабарлар дүркін-дүркін жария­ла­нып тұрды. Бірақ оның бірде-бірі расталмады. Бұл жолы да еш­кім ә де­геннен «100 пайыз кепіл­дік» бер­ме­ді. АҚШ Қорғаныс ми­нис­трлігі Ақ үйге тек Сириядағы өз әскериле­рі­нің рейді нәтижесінде «әл-Бағдади мерт болды деп зор сенім­мен айта алатынын» баян­да­ған.

Әйткенмен 31 қазанда Пента­гон ДНК-талдау өзін-өзі өлтірген адамның мүрдесі басқа емес, тер­ро­­ристік топ басшысы Әбу Бә­кір әл-Бағдадиге тиесілі екенін үл­кен дәлдікпен растағанын жария­лады. Бұл жайында журналистерге Құра­ма Штаттардың Қарулы күштері Орталық қолбасшылы­ғы­ның бас­шы­сы, генерал Кеннет Мак­кензи хабарлады. Оның ақпа­рын­ша, мәйіт­тің басқа адамдікі болуы мүм­­кіндігі өте төмен, «1х104 сеп­тил­лионға тең».

Әлемдегі ең кең ауқымды із­деу­ге іліккен терроршыл жетек­ші­нің басы үшін 25 миллион доллар сыйақы тігілген-тін. Ол қаражат енді Сириядағы жергілікті инфор­ма­торлардың біріне беріледі деседі.

Дегенмен сарапшыларды ары қарай не болатыны алаңдатады. Себебі кезінде АҚШ «№1 террор­шы» деп жариялаған Усама бен Ла­ден­нің өлтірілгеніне де сегіз жыл­дан астам уақыт өтті. Алайда әлем қауіпсіз бола түскен жоқ. Ен­де­­ше, «жаһандық жиһад жетек­ші­сінің» қазасы шын болғанның өзінде бұл жайт терроршыларды тоқтатпайды.

Оның үстіне кейінгі кездері бір­қатар халықаралық ақпарат құ­рал­дарында «нөмір бірінші лаң­кестің» содырлар арасында бұрын­ғы беделі жоқтығы жөнінде ақпар­лар пайда болды. Ол сыртқы бей­несін өзгертемін деп, өз жолын қуу­­шылар арасында бедел-ажар­дан айырылып қалған көрінеді. Өйткені сақалын қырқып, күрең қызыл түске бояған. Сондай-ақ екі жыл бойы шөлді шарлаған авто­кө­лік ішінде өмір сүргендіктен, әб­ден семіріп кеткен. Бұған қоса, ауған­дықтар киімін киюге әуес­тен­ген. Ал кезінде Ауғанстан тәліп­тері­мен қатты қақтығысқан ДАИШ содырларына өз басшы­сы­ның «жаңа» бейнесі мүлдем ұна­ма­ған деседі. Биылғы көктемде оны лаңкестер де «қорқақ сатқын» деп санай бастағаны туралы мәліметтер таралды. Британдық Times дерегін­ше, жан-жақтан жойқын соққы көрген «халифатты» қорғау орнына «ұлы халифтің» шөлге жасырын­ғаны ДАИШ содырлары­ның ашу-ызасын тудырған.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, «№1 лаңкестің» құруы­мен бірге оқиға ары қарай бірнеше сценарийде өрбуі ықтимал. Олар бойынша лаңкестер «халифат» құру идеясынан бас тартып, әр елде терактілер жасауға көшеді не­месе лаңкестердің жаһандық қоз­ғалысын қалпына келтіру үшін жаңа түр-қалыптар іздейді.

«Кеше Әл-Қаида, бүгінде ДАИШ, ертең тағы басқасы бола­ды. Яғни, басшысы жойылып, ДАИШ-тың әскери жеңіліс табуы­мен бірге лаңкестік те құриды деу аңғалдық. Терроризмнің тамырына балта шабу үшін оны қоректен­ді­ре­тін, жақтаушылармен қамтама­сыз ететін қайыршылық, әділетсіз­дік, әлеуметтік теңсіздік, қаптаған соғыстар мен қақтығыстар жойы­луы керек. Бүкіл әлемде бейбіт­ші­лік пен бақуатты тірлік орнауы тиіс, – дейді саясаттанушы Юсеф Шериф.

Ол әлемде лаңкестік топтарды алып державалар, жергілікті билік­ке таласқан топтар өз мүдделерін жүзеге асырып, дегеніне жету үшін де пайдаланатынын ескертеді.

Айтылғанды түйіндесек. Тура екі жыл бұрын, 2017 жылғы қазан айының соңында еліміздің сыртқы саясат ведомствосы 500-дей қазақ­стан­дық Сирия мен Иракта ДАИШ жағында соғысып жатқа­нын хабарлады. Сыртқы істер ми­нистрі­нің сол кездегі орынба­са­ры Ержан Ашықбаев бұл санға содыр­лар­дың өздері де, сондай-ақ әйел­дері мен балалары да кіретінін нақ­тылады. Ал «Жусан» операция­сы­ның үш кезеңі аясында соғыс ошағынан барлығы 524 Қазақстан азаматы шығарып әкетіліп, елге қайтарылды. Оның 30-ы – еркек, 137-сі – әйел, 357-сі – кәмелетке тол­ма­ған балалар. Оның ішінде 27 баланың ата-анасы майдан дала­сын­да өліп, олар тұл жетім қалған. Мемлекет шиеленіс ошағынан оралғандарды реабилитациялау, қоғамға кіріктіру жұмыстарын жүргізуде. 2022 жылға дейінгі бес жылдық арнайы мембағдарлама қабылданып, мол қаржы бөлі­нуде.

Әйтсе де, жат ағымдар уағы­зы­на улануымен күрес бойынша үлкен жұмыс күтіп тұрса керек. Бұл жұ­мыстардың мектеп қабырға­сынан басталғаны абзал.