Ұлыбритания тағы Еуроодақ құрамынан шыға алмады. Соңғы келісім бойынша 31 қазан күні бұл ел Еуропаны тастап кетуі тиіс еді. Жаңа премьер-министр Борис Джонсон қызметке келгенде ұзаққа созылған Брекситке қарашаға дейін нүкте қоюға уәде берген. Алайда оның барлығы бекер болып шықты. Британ Парламенті Еуроодақпен жасалған құжатты қолдамады.
Еуроодақ мүшелері амалсыз Ұлыбританияның ұйымнан шығу уақытын тағы шегерді. Келесі межелі мерзім – 31 қаңтар. Алдағы жылдың басына дейін брит елі өзара Брексит келісімі бойынша ортақ мәмілеге келуі тиіс. Алайда ол оңайға соқпасы белгілі. Оппозициядағы лейбористер партиясының қарсылық қарқыны күшті. Бұл қарсылық үшінші үкіметбасын ауыстыруға әкеліп отыр. Сондықтан арадағы үш ай ішінде премьер Борис Джонсон кезектен тыс Парламент сайлауын өткізіп, жақтастары – Консервативтік партияның үстемдігін арттырып, өз елін Брексит дағдарысынан алып шықпақ.
Б.Джонсонның жоспары бойынша сайлау 12 желтоқсан күні өтуі тиіс. Кезектен тыс сайлауға келісім алу үшін үкімет Қауымдар палатасының үштен екі бөлігінің қолдауына ие болуы керек. Алғашқы қаралымда Парламенттен қолдау таппады. Алайда 29 қазан күні Қауымдар палатасының 438 өкілі жыл соңында сайлау өткізуді мақұл көріп, дауыс берді. Бұл сайлау арқылы Борис Джонсон өз мақсатына жету-жетпеуі белгісіз. Себебі экс-премьер Тереза Мэй де дәл осы әдіске басып, Брексит келісіміне қол қоймақ болған. Алайда сайлауда басым дауысқа ие бола алмай (42%), ол да отставкаға жіберілді.
Дегенмен премьер-министр Джонсонның алдағы сайлауға үміт артатын жайы бар. Біріншіден, бас қарсыласы лейбористердің жетекшісі Джереми Корбинге қарағанда оның танымалдығы анағұрлым жоғары. Екіншіден, қазіргі сауалнама бойынша, Консервативтік партия елдің 35% қолдауына ие, бұл оппоненттерінен 10%-ға көбірек. Үшіншіден, ел 2016 жылдан бері Брексит дауынан шаршады. Олар да бұл процестің ертерек аяқталғанын қалайтын шығар. Олай болмаған жағдайда Лондон мен Брюссель арасындағы саяси сауда әлі қашанға дейін жалғасары белгісіз.
Ұлыбритания неге үш жылдан бері Еуроодақтан шыға алмай келе жатыр, халық 2016 жылғы референдумда ұйымды тастап шығуға дауыс берді емес пе деген сауал туындайтын шығар. Алайда оның өз себептері де бар. Еуропадан барлық жұрт кеткісі келмеді. Мәселен, сол референдумда Британ халқының 51,9%-ы Еуроодақтан шығуды қолдаса, 48,1%-ы қарсы дауыс берді. Жобалап алғанда дауыс тең түсті. Осы қазан айында Еуропа құрамында қалуды құп көретіндердің Лондонда кезекті үлкен шеруі өтті. Бұл брит қоғамы аталған мәселеде әлі де қақ жарылатынын көрсетіп отыр. Оған қоса, оппозициядағы лейбористердің Парламенттегі орны көп. Олар үкіметтегі консерваторлардың өз діттегеніне жетуіне барынша қарсылық танытуда. Егер консерваторлар Брекситті жүзеге асырып, елді Еуроодақтан шығарса, онда Консервативтік партияның мерейі үстем болуы мүмкін. Бұл келесі сайлауда лейбористердің жеңуі екіталай дегенді білдіреді. Сондықтан оппозиция өзінің ертеңін ойлап, саяси ұстанымын нығайта түсуде. Бұдан бөлек, референдум алдында айтылмаған бірнеше мәселе шешімін әлі таппай отыр. Соның бірі – Ирландия Республикасы мен Британия құрамындағы Солтүстік Ирландия арасындағы шекара. Еуроодақ келіссөздерде қос Ирландия арасында шекара болмасын деген талап қойып, оны өзгертпеді. Яғни, Ұлыбритания Еуроодақтан шықса да, Солтүстік Ирландия Еуропаның кеден юрисдикциясында қалуы керек. Басқаша айтқанда, Лондонның бақылауынан шығады деген сөз. Парламент мүшелері көтерген ең өткір мәселенің бірі осы болды. Себебі Солтүстік Ирландияда шекара болмай, кедендік еркіндікке қол жеткізсе, ертең осындай экономикалық артықшылықты Шотландия, Уэльс те Англиядан талап етуі ғажап емес. Бұл Ұлыбритания келешекте ел ретінде ыдырауына әкелуі мүмкін деген сөз. Сондықтан бұл елдің Парламент мүшелері Еуроодақтың талабына келіспей отыр.
Жалпы Брекситке қатысты референдум өтпес бұрын Еуропаны тастап шықсақ, егемендігіміз артады, өз қолымыз аузымызға жетеді, мол ақша үнемдейміз деп айқайлаған саясаткерлер аз болмады. Бірақ 2016 жылдан бергі жағдай мүлдем басқаша өзгеріп шыға келді, қайта Брекситке қарсы болған, Еуропа құрамында қалуды қолдаған азаматтардың болжамы орындала бастады. Мәселен, ағылшын жерінде жайғасқан Панасоник, Дайуа, Номура секілді жапонның компаниялары мен банктері Еуропаға көшіп кетті. Bank of America 200 жұмыс орнын Лондоннан Парижге көшірді. Деутч Банк Лондондағы мекенін Франкфуртқа ауыстырды. Ал Британияның Ллойдс, HSBC және басқа банктері бірқатар филиалын Еуропаға жеткізді. Мыңдаған жұмысшысы бар Airbus пен BMW компаниялары Британиядағы зауыттарын жауып, Кәрі құрлыққа аттанамыз деп қорқытып отыр. Ал тек былтыр ғана еуропалық 2 300 профессор Англиядан көшіп кетті. Басым бөлігі Оксфорд пен Кембридж ұстаздары. Олар өз келешегін Британиямен байланыстырмай отыр. Осы уақытта Ұлыбритания экономикасы 2,2 пайызға азайды. Егер Еуроодақты тастап шықсақ, онда бюджет аптасына 350 млн фунт үнемдейді деген саясаткерлердің болжамы орындалмады. Соңғы зерттеулер оның орнына Брекситтің кесірінен Британия аптасына 500 млн фунт жоғалтып жатқанын көрсетті.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА