Партия көп жаңа есіммен толықты - Расул Жұмалы
Партия көп жаңа есіммен толықты - Расул Жұмалы
131
оқылды
Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы алда өтетін Мажіліс пен Мәслихат сайлауына қатысты ойымен бөлісті.
"24 Қарашада Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің Бюросы шақырылмақ. Алдыңғыда Covid-19 кесірінен өтпеуі ықтимал деп ұйғарылған жиын ақыры ұйымдастырылатын болды. Онысы көп ретте негізді де. Біріншіден, ел болғаннан кейін саяси өмір тек онлайнмен шектеліп қалмайды. Екіншіден, әлемде талай, көбіне келеңсіз жағдайлар мен үрдістер қалыптасып отыр. Үшіншіден, Қазақстанның ішінде көптеген өзекті мәселелер, әсіресе короновирустың екінші толқынына қарсы іс-шаралар жетерлік. Осының бәрі тиісті шешімін күтуде. Айтылғанға қоса 2021 жылдың 10 қаңтарына Мажіліс пен Мәслихаттарға сайлау жоспарланғаны белгілі – оған да дайындық мәселесі алдағы жиынның күн тәртібіне енетіні анық. Өткен жылғы Саяси кеңестің Бюросында партияның жаңаруы жайлы шешім қабылданған еді. Соның бір көрінісі – Праймериз болды. Әрине, кез-келген тың бастама сияқты Праймериз мінсіз өтті деп айта алмаймыз. Десе де 10 мыңнан астам белсенді бағын сынаған осы доданың нәтижесінде партия көптеген жаңа есіммен толықты. Енді съезде Nur Otan-ның партиялық тізімі жариялануын күтеміз. Айта кетерлік жәйт - жаңа ережелерге сәйкес Мәжіліс пен Мәслихаттар құрамында жастарға және әйел адамдарға 30 пайыздық квотаның енгізілгені. Әзірше ондағы жастардың үлесі тек 2 пайызды құрайтынын ескерсек, әсіресе маңызды отырыстарда ұйықтап отыратын зейнеткерлерді құрметті демалысқа шығарып салып, белсенді де жас азаматтарға жол беру тұрғысынан алғанда бұл да жақсы жаңалық", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.