Беларусь қазақ мұнайын импорттауға мүдделі

Беларусь қазақ мұнайын импорттауға мүдделі

Беларусь Қазақстаннан мұ­най импорттауға мүд­де­лі. Қазан айының 24 күні Нұр-Сұлтанға ресми сапар­мен келген Беларусь пре­зи­денті Александр Лу­ка­шен­ко ұсынысын алдыға сала кел­ді.

Александр Лукашенконың «ұсы­нысын алдыға сала келді» деуі­мізге өз сөзі дәлел. Қазақстанға Бе­­ларусь басшысының өзінен бұ­рын сөзі жетті. А.Лукашенко ға­лам­тор арқылы тараған сөзінде: «Егер Ресей біздің экономикалық одағымыздың (ЕАЭО) дамуына мүд­делі болса, бұл келісімге кедергі жа­самауы тиіс. Ортақ одағымыз бұ­ғаттала берсе, мен жиі айтып жүр­генімдей біз бақытты басқа жақ­тан іздейтін боламыз» деген.

Беларусь президентінің Қазақ­стан­мен келісімге келер алдында одақ­тас-әріптес мемлекетке қа­рата, дабырайта айтып, салмақ сала келетін де жөні бар. Біріншіден, бе­лорус қазақ мұнайын теміржол­мен тасыса да, құбыр арқылы жө­нелтсе де Ресей территориясы ар­қылы тасымалданбақ. Басқа жол жоқ. Екіншіден, осы уақытқа дейін Беларусь шикі мұнайдың негізгі бөлігін Ресейден импорттап келді. Кейбір деректерде оның жылдық көрсеткіші 18 млн тоннаға дейін жетіп отырғаны айтылады. Сол се­бепті де алдымен Мәскеудің «ба­тасын» алуы керек. Әсілі, әлемдік нарықта мұнай жеткізуде үлкен ойыншы Ресей үшін 18 млн тонна деген аса үлкен көрсеткіш емес. Бұл жерде іргесінде отырған тұтыну нарығын бөліске салғысы келмеген мүдде ғана болуы мүмкін. Ал тауар сатып алушы мемлекет Беларусьте арзан өнімге деген таңдау бар. Оның үстіне, белорус тарапы қа­зақ­стан мұнайын ресейлік ши­кізат­қа балама емес, қосымша қор деп қарауды ұсынып отыр.

Беларусьтің өз жерінде мұнай кө­лемі аз. Ресми деректерде бар­лан­­ған шикізат қоры 35 жылға ғана же­тетіні айтылады. Сондықтан «қара алтынды» сырттан тасуға мәж­бүр. Дегенмен елдің мұнай өңдеу зауыты жақсы жұмыс істеп тұр. Беларусь МӨЗ-дің жылына 24 млн тонна мұнай өңдеуге мүм­кіндігі бар. Осының есебінен мем­лекет шикі мұнайды импорттап, өз ішін­де өңдеп, дайын өнімді (жы­лына 15 млн тонна) сыртқа сатып, пайда табуда. Беларусьтің мұнай өнім­дерінің негізгі тұтынушысы – Украина, Нидерланды және Ұлыб­ри­тания. Алайда бұдан былай Бе­ларусь бұл пайдадан қағылғалы отыр. Себеп – Ресейдің салық сая­сатының құбылуы.

Заңгер маман Қанат Қожа­беков­тің айтуынша, Еуразиялық эко­номикалық одақ (ЕАЭО) тура­лы шартқа сәйкес, одаққа мүше мем­лекеттер арасындағы өзара сау­­дада кедендік баждар (балама қолданылатын өзге де баждар, са­лықтар мен алымдар), тарифтік емес реттеу шаралары, арнайы қор­ғау, демпингке қарсы және өте­ма­қы шаралары қолданылмайды. Осы ережеге байланысты Ресей ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге мұнай экспорттаса ешқандай баж ала алмайды. Сондықтан ол басқа ел­дерге де шығарылатын мұнай экс­портына кеден бажын азайтып, бірте-бірте нөлдік ставка әкелу сая­сатын ұстануда. Есесіне, пай­да­лы қазбаларды өндіруге салықты кө­бейтіп, Одақтың бірыңғай эко­номикалық аумағына және одан тысқары аумаққа шығарған мұнай үшін алмаған бажын салық есе­бінен өндіріп алады.

Міне, Беларуське салмақ са­лып, біраздан бері Батьканың ашуы­на тиген де осы салық сая­са­ты­ның құбылуы. Ресей Қаржы ми­нистрлігі таратқан мәлімдемеге сүйен­сек, Мәскеу 2024 жылға дейін Минс­кіні шикізат үшін салынатын жеңіл­діктен біртіндеп айыра бас­тайды. Яғни, мұнайға салынатын са­лық­қа байланысты Беларусь пен Ресейдің салық заңнамаларын бі­різ­дендіруге арналған «жол кар­та­сы» негізінде жүзеге асуы тиіс. Алай­да Минск тарапы мұндай жо­ба о баста көзделмеген деп уәж ай­тып жатыр. Беларусь Қаржы ми­нистрлігі мәлімдегендей, жо­ғары­дағы «салық маневрына» байла­ныс­ты Ресей мұнайының тоннасы жыл сайын 16,4 долларға қымбаттай бермек. Осы жылдың 9 айында ре­сей­лік салық саясатының құбылуы­нан Беларусь тарапы 240 млн дол­лар көлемінде қаржы шығындаған. Сарапшылар келесі жылы ол көлем 500 млн долларға, ал 2024 жылы 10 млрд долларға жетуі мүмкін екенін айтады. Сол себепті белорус жұрты өзге балама нарық іздеу керектігіне көз жеткізіп, таңдауы қазақ мұнайы түскен. Жалпы, Лукашенконың ЕАЭО шеңберінде бірыңғай энер­гетикалық нарық құру туралы бас­тама көтеріп жүр­геніне де біраз уақыт болған. Осы арқылы белорус Қазақстан мұна­йына қол жеткізгісі келеді.


 «Пре­зидентінің тапсырмасымен Мәскеуге барып, әріптесім Новак мырзамен бірқатар мәселе бойынша келіссөз жүргіздім және оған да іс жүзінде Беларусьпен уағ­да­ластыққа қол жеткізгенімді айттым. Енді Бел­мұ­най­хим ком­па­ниясы біздің компаниялармен келіссөздер жүр­гізуі қажет. Әзірше жы­лына 1 миллионнан 3,5 млн тон­наға дейін мұнай және мұнай өнім­дерін жеткіземіз. Ресей тарапы бұл келісімді мақұлдап отыр» деді Қ.Бозымбаев.


Заңгер Қанат Қожабеков Ре­сей­дің мұндай салық саясаты – ЕАЭО-қа мүше мемлекеттердің Ре­сей мұнайын кері экспорт­тауы­ның алдын алуды көздейтінін ай­та­ды. «Ал Қазақстанның Бела­русь Республикасына мұнай экспорт­тауы­на келер болсақ, ЕАЭО-ның ішкі нарығы одаққа мүше мемле­кет­тердің экономикалық кеңістігін қам­тып, ЕАЭО туралы шарттың 28-бабына сәйкес бұл кеңістікте тауар­лардың, қызметтердің, капи­талдың еркін қозғалысы қамтама­сыз етіледі. Тек тасымалдайтын құ­быр ресейлік болғандықтан, құ­быр «бітеліп» немесе «тесіліп» қал­маса болғаны» дейді ол.

Десек те, ресми Мәскеу мұнай сау­дасындағы монополистік мүд­де­сін тізгіндеп, Минскінің ұсыны­сын мақұлдамасқа амалы да жоқ. Газ дауынан кейін Украинамен ара­сы алшақтап кеткен Ресей үшін мұ­най мәселесінде тағы бір «ағайын» мемлекеттен айырылу ауыр тимек. Батька да бұл жерде ба­зынасының өтетінін жақсы бі­летіні анық. Әйтеуір, салықпен «қи­нағанымен», Беларусьтің қазақ мұ­найын импорттауына кедергі жа­самайтын сыңайлы. Ал Қа­зақ­стан тарапы Беларуське 3,5 млн тонна мұнай және мұнай өнімдерін экспорттауға мүмкіндігі барын ашық айтып отыр. Бұл тұрғыдағы сау­да-саттықта басымыз ашық. Одақ ішіндегі қабылданған заңдар бойынша жұмыс істелмек, қосым­ша нарық Қазақстанға артық емес. Одан бөлек, Ресейдің «Транснефти» компаниясы да біздің территория арқылы Қытайға мұнай жеткізіп отырғанын естен шығармауымыз керек. Демек, шикізат сатуда Қа­зақ­стан мен Ресейдің мүддесі то­қай­ласуы тиіс.

Таяуда осы тақырыпта өткен Үкі­мет отырысынан кейін БАҚ өкіл­деріне сұхбат берген Энер­гетика министрі Қанат Бозымбаев Бе­ларусь тарапымен мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу және то­лықтай алғанда осы саладағы ын­тымақтастық туралы келісім жа­сал­ғанын жеткізді. «Пре­зидентінің тапсырмасымен Мәскеуге барып, әріптесім Новак мырзамен бірқатар мәселе бойынша келіссөз жүргіздім және оған да іс жүзінде Беларусьпен уағдаластыққа қол жеткізгенімді айттым. Енді Белмұнайхим ком­па­ниясы біздің компаниялармен келіссөздер жүргізуі қажет. Әзірше жы­лына 1 миллионнан 3,5 млн тон­наға дейін мұнай және мұнай өнім­дерін жеткіземіз. Ресей тарапы бұл келісімді мақұлдап отыр» деді Қ.Бозымбаев.

Ендігі қалғаны – шикі мұнайды жеткізу. Теміржол арқылы қажетті кө­лемді беруге жер шалғай әрі та­сымал шығынын қосқанда Қазақ­стан мұнайының бағасы Ресей ба­ғасынан айырмасы болмайды. Сон­дықтан тиімдісі – мұнайды құ­быр арқылы «айдау». Қазақстан мұ­найы белорустің «құда түсуінсіз-ақ» әлемдік нарыққа 1 380 шақы­рым­дық «Атырау – Самара» мұнай құ­быры арқылы ресейдің «Друж­ба» құбырына жеткізіліп келді. Ал «Друж­ба» құбыры Беларуссия ше­кара­сына жеткенде, екіге айыры­ла­ды. Яғни, іргесіне келіп тұрған құ­бырдан келісімді көлемді алып қалу белоруске тиімді.

Осылайша, Александр Лука­шен­ко Қазақстанға келген сапа­ры­нан көңілі тоғайып қайтты десек, қа­­­те­леспеспіз. Ал біз үшін бір Одақ­­тағы мемлекетке шикізат са­ту – қосымша нарық. Жалпы, ЕАЭО ая­сында Қазақстан мен Бе­ларусь арасындағы сауда байланы­сы жа­ман емес. Статистика мәлі­ме­тіне сүйенсек, былтыр екі ел сау­да ай­на­лымы 900 млн долларға жет­кен. Бұл 2017 жылғы көрсеткіш дең­гейі­нен 30%-ға жоғары. Қазақ­станға бе­лорус – сүт және сүт өнім­дерін, трак­тор, жиһаз, жүк көлігі, дәрі-дәр­мек және мұздатылған ет сатса, біз оларға мұнай өнімдерін, тас кө­мір, рельс, мақта талшығы, пияз, са­рымсақ саудалаймыз.