Жеке пәтер аламын деп өзінің жиған-тергенін, маңдай терімен тапқан қаражатын жаңадан көтере бастаған үйлерге салып, кейін сол армандаған баспанасына жете алмай жүрген үлескерлердің жыры бітер емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне үлескерлердің ақшасын қалтасына басып, халықты зар қақсатқан алаяқтардың мәселесімен нақты айналысуды тапсырды.
Жаңа салынып жатқан үйден жылжымайтын мүлік сатып алғанның несі тиімді? Өйткені әлі енгізілмеген мүліктің бағасы төмен. Бірақ бұл – қауіпті. 2009 жылы жарияланған «Үлестік қатысу туралы» заңға қарамастан, құрылыс салушылар талаптарды аттап өтіп, үлескерлерден тиісті рұқсатсыз ақша жинау тәсілін тапты. Олар бірқатар негізгі тұжырымдаманы жалған ұғымға алмастырды. Үлестік қатысу орнына тұрғындарға тиісті түрде реттелмеген, заңнамалық реттеу саласынан шыққан инвестициялық келісімшарттарды жаппай ұсынған болатын. Нәтижесінде, қазір қаншама алданған үлескер өзіне тиісті пәтерден айырылып қалды.
Негізінде үлескерлер мәселесі 2010 жылы әлемдік ипотека дағдарысынан кейін үй құрылысы қарқын алғанда басталды. Әрине, ірі құрылыс компанияларына сеніп, баспанаға жетемін дегендер үлескер ретінде қомақты сома сала бастады. Үлескердің бірі армандаған үйіне қол жеткізіп жатса, енді бірі алаяқтардың жеміне айналды.
Алғашқылардың бірі құрылыс саласында қыруар қаржыны қалтасына басып, елден қашқан «Азбука жилья» құрылыс компаниясының басшысы, экс-депутат Ерқанат Тайжанов еді. Ол 2013 жылы астанада үлескерлердің 40 миллиард теңгесін жымқырып кетті. Оның құрылыс компаниясы 3 500 адамды тақырға отырғызды.
Тек қана бас қалада 2018 жылы проблемалық тұрғын үйлердің саны 36-ға жетті. Яғни, 15 мың үлескер шырылдап қалды. Сол уақыттағы Бас прокуратураның мәліметіне сай, үлескерлер мәселесіне қатысты 156 азаматтық іс қозғалған. Оның 112-сі сотта қаралып, шешімін тапқан. Сол кезде «Ақжол» тұрғын үй құрылыс кооперативінің басқарма мүшесі Айман Тілеуханова 5 жылдан бері пәтеріне кіре алмай жүргенін айтты. Қаланың орталығында орналасқан «Ақжол» тұрғын үйіне кезінде өзге 63 адаммен бірге үлескер ретінде 5 миллион доллар қаржы құйған. Ал құрылыс компаниясының басшысы болса, 6,5 жылға сотталып кеткен. Бұл – бір ғана мысал.
Дегенмен бұл қауіпті де селдірететін заңға кейін өзгерту енгізілді. Онда үй салушылар: тұрғын үйді кепілдендіру қорының үлестік салымға кепілдік беруі; екінші деңгейлі банктердің бірімен қаржыландыру туралы келісімнің болуы; өз қаражаты есебінен тұрғын үйдің қаңқасын салу шарттарын орындағанда ғана үлескерден қаражат тартуға қақы бар деп тайға таңба басқандай жазылды. Міне осы уақыттан бастап алаяқтық істер сап тиылды. Дегенмен бұрынғы үлескерлердің ақшасын қалтаға басып, құрылысты бастамай не бастап тастап кеткен алаяқтардың кесірінен болған мәселе әлі күнге дейін Үкіметтің бас ауруы болып тұр. Олай дейтініміз, сақалды құрылыстарды бітіріп үлескерлерді баспанамен қамтамасыз ету үшін миллиардтаған қаржы керек. Ол қаржы бөлінгенмен игеру керек.
Алғашқылардың бірі құрылыс саласында қыруар қаржыны қалтасына басып, елден қашқан «Азбука жилья» құрылыс компаниясының басшысы, экс-депутат Ерқанат Тайжанов еді. Ол 2013 жылы астанада үлескерлердің 40 миллиард теңгесін жымқырып кетті. Оның құрылыс компаниясы 3 500 адамды тақырға отырғызды.
Иә, сөзіміз орынды болсын. Үлескерлер мұңы Мемлекет басшысына да жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үлескерлік мәселесі де жедел шешуді қажет етіп отыр. Қалада 49 проблемалық нысан қалып отыр. Олардың құрылысының аяқталуын 13 500 үлескер күтуде. Бұл проблеманы шешуге 2018-2019 жылдары 40 млрд теңге бөлінді. Бірақ небәрі 4,5 млрд теңгесі ғана игерілген. Бұған қоса, әкімдік қосымша 170 млрд теңге сұрайды» деген болатын жақында өткен елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте. Ол проблеманы шешуге бағытталған нақты тапсырмалар да берді.
Қазір үлескерлер мәселесін шешу үшін әртүрлі іс-қимыл жүргізілуде. Соның бірі – Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Елордадағы қауіпсіздік пен жайлылық» жобасы шеңберінде аяқталмаған құрылыс нысандарының жәрмеңкесі. Бұл жәрмеңкеде 70-тен астам құрылыс компаниясы өкілдерінің назарына «Араби-2», «Үміт береке», «Көктал-2» «Аниса-2» тұрғын үй кешендері сияқты қаладағы құрылысы аяқсыз қалған 21 нысан ұсынылған болатын.
Міне, осылай үлескерлердің мәселесін шешу жұмыстары қолға алынуда. «Жәрмеңкені өткізудегі мақсатымыз – проблемалық нысандардың құрылысын аяқтауды қолға алу үшін кәсіпкерлер мен инвесторларды тарту. Инвесторларға жобалардың рентабельдігін көрсетіп, үлескерлерге өздері қаржысын салған баспаналарына қол жеткізуге көмектесу. Жәрмеңкеде ұсынылып отырған 21 нысанның алды 2006 жылы, соңы 2014-2015 жылдары салына бастаған. Үлескерлердің қаржысын жымқырып, құрылысты аяқсыз қалдырған компаниялар тексеріліп, үстерінен қылмыстық іс қозғалуда. Олардың 29-ы темірторға тоғытылып, мүлкі тәркіленді», – деді прокуратура өкілдері.
Олардың айтуынша, құрылыс жүргізуші компания қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ТҚК мен құзырлы органдардың келісімімен жобаны өзгертіп, тиімді етіп қайта дайындауға құқылы екен. Алдыңғы өткен жәрмеңкелер нәтижесінде 500 адамның үлесі бар 6 нысанның құрылысын аяқтау жөнінде құрылыс компаниялары мен үлескерлер арасында келісімшарт жасалған. Осы жоба іске асса үлескерлердің армандаған пәтерге кеш болса да қолы жетері анық.
Әрине, сенімге селкеу түсірген, үлескерлердің миллиондаған қаржысын қалтасына салып қашқан, алаяқтар жазасын алды. Дегенмен ақша орнына қайтпады, құрылыстар толық салынбады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы салаға қатысты министрліктер мен құқық қорғау органдарына үлескерлерді тақырға отырғызғандарды қатаң жазалауды, сонымен бірге күрделенген мәселелерді жедел шешу жөнінде тапсырма берді. Енді үлескерде үлкен үміт бар!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ