Жастардың жұмыста тұрақтамауына не себеп?
Жастардың жұмыста тұрақтамауына не себеп?
198
оқылды

Жыл өткен сайын жастардың жұмыссыздығынан гөрі олардың жұмысқа бейімделу мәселесі өзек­ті болып келеді. Себебі ең­бек етемін дегендер үшін екі қол­ға бір күрек қашанда табы­ла­ды. Тек жастар қауымының ор­н­а­лас­қан жұмысына бейім­де­ле алмауы жиілеп барады. Жас ма­мандар­дың бір орында тұрақ­та­мауының да себебі осы дейді мамандар.

Осы орайда, Павлодар қаласында «Jas Otan» жастар қанатының ұйым­дастыруымен «Жастардың еңбекке әлеу­меттенуі» тақырыбында арнайы жиын өтті. Оған «Nur Otan» партия­сы­ның, жоғары оқу орындарының, құ­зыр­лы мемлекеттік органдардың бас­шылары, түрлі кәсіпорын мен жастар ұйы­мының өкілдері қатысып, жо­ғары­да аталған мәселені талқыға салды. Же­ке тәжірибелерімен, нақты ұсы­ныс­тарымен бөлісті. Павлодар облыстық «Jas Otan» жас­тар қанатының төрағасы Ғабит Ха­физдің айтуынша, студенттердің қол­ға диплом алған кезден бастап то­лық­қанды маман болып қалыптасуына дейін 3-4 жыл уақыт қажет. Осы ара­лықта жас мамандарға қолдау керек. – Өкінішке қарай, мамандығы бойын­ша жұмысқа орналасып, 1-2 ай ға­на істеп, жұмыстан шығып кетіп жат­қан жастар көп. Қызмет орнына бейімделе алмаудың салдары жұмыс­сыздық көрсеткішінің артуына себеп болуда, – дейді Ғабит Хафиз. Мұны облыстық Жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дар­ла­малар басқармасы басшысының орын­басары Гүлнар Қамалова да рас­тап отыр. Оның сөзіне сүйенсек, бүгін­де Павлодар облысында 1 400-ге жуық жас жұмыссыз жүр. Торайғыров университетінің рек­торы Мейрам Бегентаев қазіргі кезде жастар қауымына еңбек етіп, кәсіп ашуға мол мүмкіндік қарастырылғанын атап өтті. Тіпті, университетте оқып жү­ріп-ақ жұмыс істей алады. Тек ниет  қажет. Жиынға қатысқан өндіріс орын­дарының өкілдері оқуды жаңа бітірген жас мамандарды жұмысқа қабылдап, жауап­ты қызметтер тапсырудың өзі тәуе­келді қажет ететінін жасырмады. Әсіресе, кәсіпорындарда жұмысы күр­делі, бағасы қымбат құрал-жаб­дық­тар­да тәжірибелі мамандар ғана жұмыс істей алады. Сондықтан жастар қауы­мы алғашқы жылдары барып кел, шауып келмен ғана шектеледі. Ал бұ­ған көбінің сабыры жете бермейтін кө­рінеді. Шара қорытындысы бойынша пар­тия атынан жұмыс берушілерге, әсі­ресе өндіріс орындарының басшы­ларына ұсыныс жолданбақ. Онда жұмысқа жаңа қабылданған жастарға кәсіпорын атынан тәлімгер тағайындау тәжірибесін енгізу сұралады. Сондай-ақ жас мамандардың әлеуметтік жағ­дайына да ерекше мән берілуі тиіс деп есептейді жиынға қатысушылар. Ал «Nur Otan» партиясы Павлодар об­лыстық филиалы төрағасының бірін­ші орынбасары Илья Теренченко «Жастардың еңбекке әлеуметтенуі» мәселесі алдағы уақытта да саяси құры­лым тарапынан жіті назарда бола­тынын атап өтті. Сондай-ақ партия тарапынан жастар қауымын жұмыспен қамту бағытында шаралар жалғасын та­бады.

Данияр ЖҰМАДІЛ, Павлодар қаласы