Жыл өткен сайын жастардың жұмыссыздығынан гөрі олардың жұмысқа бейімделу мәселесі өзекті болып келеді. Себебі еңбек етемін дегендер үшін екі қолға бір күрек қашанда табылады. Тек жастар қауымының орналасқан жұмысына бейімделе алмауы жиілеп барады. Жас мамандардың бір орында тұрақтамауының да себебі осы дейді мамандар.
Осы орайда, Павлодар қаласында «Jas Otan» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Жастардың еңбекке әлеуметтенуі» тақырыбында арнайы жиын өтті. Оған «Nur Otan» партиясының, жоғары оқу орындарының, құзырлы мемлекеттік органдардың басшылары, түрлі кәсіпорын мен жастар ұйымының өкілдері қатысып, жоғарыда аталған мәселені талқыға салды. Жеке тәжірибелерімен, нақты ұсыныстарымен бөлісті. Павлодар облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Ғабит Хафиздің айтуынша, студенттердің қолға диплом алған кезден бастап толыққанды маман болып қалыптасуына дейін 3-4 жыл уақыт қажет. Осы аралықта жас мамандарға қолдау керек. – Өкінішке қарай, мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, 1-2 ай ғана істеп, жұмыстан шығып кетіп жатқан жастар көп. Қызмет орнына бейімделе алмаудың салдары жұмыссыздық көрсеткішінің артуына себеп болуда, – дейді Ғабит Хафиз. Мұны облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Қамалова да растап отыр. Оның сөзіне сүйенсек, бүгінде Павлодар облысында 1 400-ге жуық жас жұмыссыз жүр. Торайғыров университетінің ректоры Мейрам Бегентаев қазіргі кезде жастар қауымына еңбек етіп, кәсіп ашуға мол мүмкіндік қарастырылғанын атап өтті. Тіпті, университетте оқып жүріп-ақ жұмыс істей алады. Тек ниет қажет. Жиынға қатысқан өндіріс орындарының өкілдері оқуды жаңа бітірген жас мамандарды жұмысқа қабылдап, жауапты қызметтер тапсырудың өзі тәуекелді қажет ететінін жасырмады. Әсіресе, кәсіпорындарда жұмысы күрделі, бағасы қымбат құрал-жабдықтарда тәжірибелі мамандар ғана жұмыс істей алады. Сондықтан жастар қауымы алғашқы жылдары барып кел, шауып келмен ғана шектеледі. Ал бұған көбінің сабыры жете бермейтін көрінеді. Шара қорытындысы бойынша партия атынан жұмыс берушілерге, әсіресе өндіріс орындарының басшыларына ұсыныс жолданбақ. Онда жұмысқа жаңа қабылданған жастарға кәсіпорын атынан тәлімгер тағайындау тәжірибесін енгізу сұралады. Сондай-ақ жас мамандардың әлеуметтік жағдайына да ерекше мән берілуі тиіс деп есептейді жиынға қатысушылар. Ал «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко «Жастардың еңбекке әлеуметтенуі» мәселесі алдағы уақытта да саяси құрылым тарапынан жіті назарда болатынын атап өтті. Сондай-ақ партия тарапынан жастар қауымын жұмыспен қамту бағытында шаралар жалғасын табады.Данияр ЖҰМАДІЛ, Павлодар қаласы